Имам Малик кітабында жазылған хадис: Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Мұсылман қорқақ бола ма?»,-деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иә»,-дейді. Мұсылман сараң бола ма?,-дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иә»,-деп жауап береді. Соңыра: Мұсылман өтірікші бола ма?,-деп сұрағанда: Жоқ,-деген екен.
Хадисте адам бойынан табылуы мүмкін үш жаман мінез жайлы айтылуда. Демек, мұсылман қорқақ болуы мүмкін. Сараң да болуы мүмкін. Алайда, мұсылман баласына мүлдем жат мінез – өтірік айту. Қандай жағдайда болмасын мұсылман өтірік айтпайды. Өтірікті үлкен-кіші болмайды. Әсма Язидқызы (р.а.): «Уа, Алла елшісі! Біз қалап тұрған нәрсесін: қаламаймын,-деп айтса, ол өтірік боп санала ма?,-деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Өтірік – өтірік боп жазылады. Тіпті, кіші өтірік – кіші өтірік деп жазылады»,-деп жауап береді. Бұл хадис имам Ахмед еңбегінде жазылған.
Абдулла бин Амр (р.а.) бала кезіндегі бір оқиғаны былай баяндайды: Бір күні анам мені шақырды. Осы кезде Пайғамбар (с.ғ.с.) біздің үйде отырған болатын. Анам: Мұнда кел, бір нәрсе беремін,-деді маған. Алла елшісі (с.ғ.с.) анама қарап: Не нәрсе бермекші едің?,-деп сұрады. Анам: «Құрма бермекші едім,-деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер еш нәрсе бермегеніңде саған өтірік айтты деп жазылатын еді»,-деді. Бұл хадис Әбу Дауд еңбегінде жазылған.
Демек, қарапайым ойын баласын шақырғанда да бір ауыз өтірік айтуға болмайды. Әли бин Әбу Талиб (р.а.). «Кісі бір нәрсені бүгіп қалса да, оның сөзінің арасынан және бет-жүзінен өтірігі шығып қалады»,-деп өтірік айтқан адам масқарасы шығатындығын ескерткен екен.
Руслан ҚАМБАР