Cұрақ: Иман шарттары Құранның қандай аяттарына негізделген?
Жауап: Әһлі сүннет ғұламалары иман шарттарын бекіткенде дінге сенушілерге ұғынықты болу үшін «иман шарттарын категорияларға бөліп қарастырған» немесе «иман шарттарын классификациялап қолдан жасаған» деген көзқарастан аулақ болуымыз керек.
Әсілі, олар тек дін ақиқатын өз әдістемесімен жеткізуші һәм таратып түсіндірушілер ғана. Дін негіздерінде барды жоқ немесе жоқты бар еткісі келгендер әһлі-сүннет шеңберінен шығып, адасушылыққа ұрынады. Ондай шектен шыққан ғұламалардың жалаң тұжырымдары дін алаңында ешбір мәнге ие емес. Ал, дін ақиқатын ту етіп көтерген әһлі-сүннет ғұламалары Құран мен хадистегі діни сенімнің басты ұстындарын негізге ала отырып, иман шарттарын тізбектеген.
Енді, иман шарттары қандай аяттарға негізделген деген мәселеге келейік. Мутәкәллимдер иман шарттарындағы Аллаға иман келтіруге қатысты Құран Кәрімнің «Рад» сүресінің 16-аятында: «(Мұхаммед Ғ.С.) олардан: “Көктер мен жердің Раббы кім?”, – деп сұра да: “Алла!”, – деп жауап бер. “Алланы қойып, тіпті өздеріне де пайда, зиян келтіре алмайтындарды ие қылып алдыңдар ма?”, – де. “Көрмейтін мен көретін немесе жарық пен қараңғылықтар тең бе?”, – де. Я болмаса, олар Аллаға, Оның жаратқанындай жарататын жаратулары, Алланың жаратуына ұқсас ортақтар қоса ма? (Оларға) айт: “Әр нәрсені жаратушы Алла. Ол жалғыз, аса өктем» деген аятын негізге алады.
Хақ сенімді зерттеген ғұламалар Құран Кәрімнің: «Негізінен сендерге әлбетте бақылаушылар бар. Ардақты жазушылар, Олар не істегендеріңді біледі» («Инфитар» сүресі, 10-12 аяттар) деген аятында періштелердің меңзелгенін айта келіп, оларға иман келтіруді иман шарттарының бірі ретінде бекіткен.
Кітаптарға иман келтіруге қатысты Құран Кәрімнің «Шура» сүресінің, 51-аятында: «Алла Тағала бір адам баласымен көкейіне салу түрінде немесе перде артынан ғана сөйлеседі: Не бір елші жіберіп, өз бұйрығымен қалағанын уахи етеді. Күдіксіз Ол, өте жоғары, хикмет иесі» деген аятын негізге алып, мұнда «уахи етеді» деп кітаптарға ишара жасалғанын алға тартады.
Ақида ілімінің мамандары пайғамбарларға иман келтіруге қатысты Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің, 164-аятында: «Және саған бұрынғы пайғамбарларды баян қылдық, сондай-ақ пайғамбарлардың саған баян етпегеніміз де бар. Және Алла Тағала Мұса (Ғ.С.)-ға (тікелей) сөйлескен» делінген аятын негізге алып, Жаббар Хақтың белгілі һәм белгісіз барша елшілері мен нәбилеріне иман келтіруді иман шарттарының қатарына кіргізген.
Сонымен қатар, Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтіру туралы Құран Кәрімде тағы да: «Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүміндер де барлығы: Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірді. «Елшілердің араларын айырмаймыз, естідік те бой ұсындық. Раббымыз! Сенен жарылқау тілейміз, қайтып барар жеріміз де Сенің алдың» деді» («Бақара» сүресі, 285-аят) деген аят бар. Яғни, осындай кесімді діни үкімдерді негізге ала отырып, ислам ғұламалары Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтіруді иман шарттары ретінде қарастырған.
Иман шарттарындағы тағдырға иман келтіру мәселесіне келер болсақ, мутәкәллимдер Ұлы Жаратушының Құран Кәрімнің «Ахзаб» сүресінің 38-аятында: «Алланың әмірі кесімді бір тағдыр», «Қамар» сүресінің 49-аятында: «Шын мәнінде әр нәрсені бір өлшеумен жараттық» делінсе, ал «Хадид» сүресінің 22-аятында: «Жер жүзіне сондан-ақ сендерге мүбада бір бейнет келетін болса, ол, жаратуымыздан бұрын Кітапта жазулы. Шәксіз осы, Аллаға жеңіл» делінген үкімдері негізге алынған.
Жалпы, кәлам ілімінде тағдырды Хақ-Тағала мәжбүрлеп жасата ма (жәһмийа ақидасы), жоқ әлде адамның өз еркімен ғана жасала ма (қадарийа ақидасы), сондай-ақ, жақсы істер Алланың тағдыры, жамандықты адам өзі жаратады (муғтазалийа ақидасы) деген секілді көптеген мәселелер зерделеніп, бұл мәселелер жан-жақты безбенделген. Десе де, әһлі сүннет ақидасында жақсылық пен жаманшылықтың (тағдыр) Алладан екені ғұламалар тарапынан бірауыздан мойындалған. Сондықтан да тағдырға иман келтіру – иман шарттарының бірі ретінде бекіген.
Иман шарттарындағы ақырет күніне иман келтіруге қатысты Алла Тағала «Ниса» сүресінің 136-аятында: «Әй мүміндер! Аллаға, Пайғамбарына және оған түсірген Құранға сондай-ақ одан бұрыңғы түсірген кітапқа иман келтіріңдер. Ал кім Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне және ақырет күніне қарсы шықса, сонда тым ұзақ адасты» деп бұйырады. Аятта «ақырет күнін мойындамау адасушылық» деп айқын (кәтғи дәлел) айтылғандықтан, мутәкаллимдер ақырет күніне нануды иман шарттарының бірі ретінде негізге алған.
Әһлі-сүннет ақида мектебінің бірі – әшғарилерде алты иман шарт, ал, матуридилерде жеті иман шарт бар екені көпшілікке белгілі. Матуриди ақида мектебінің өкілдері жоғарыда аталған иман шарттарын мойындай отырып, қиямет-қайымда тірілуді жетінші иман шарт ретінде көрсетеді. Оған Құран-Кәрімнің: «(Мұхаммед Ғ.С.): «Оны, сондай алғаш жаратқан тірілтеді. Ол, барлық жаратылысты біледі» деп айт» («Ясин» сүресі, 79-аят) деген аятын негізге алады. Ал, әшғарилер қиямет қайымда тірілуді ақырет күніне сену тақырыбына кіргізгендіктен, оны арнайы иман шарт ретінде бекітпеген. Бірақ, әшғарилер де қиямет қайымда тірілуді бірауыздан мойындайды. Сол себепті, матуридилер мен әшғарилер бұл мәселені қайшылық ретінде қарастырмайды.
Мұхан ИСАХАН