Сұрақ: Иман мен имандылықтық сөздерін қалай түсінеміз?
Жауап: Иман – араб тілінен енген сенім, илану, қабылдау деген мағынаны білдіреді. Шариғаттағы мағынасы – Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарға Алла Тағаладан жеткен иман шарттарын растап, ешбір күмәнсіз қабыл ету, әрі бұлардың хақтығына шын көңілмен сену.
Иман етудің негізгі қағидасы – жүрекпен бекітіп, тілмен айту. Иман ұғымы – бір адамның сөйлеген сөзін қуаттау, айтқанын қабыл ету, шын көңілімен қабылдау. Себебі, бір адамның толық мұсылман болуы үшін иман негіздерін жүрегімен қуаттап, тілімен сенгендігі.
Имандылық – адамның бойындағы адамгершілік, қадір-қасиет, ізгілік белгісі. Үлкендік пен кішілік, сыйластық, адамгершілік, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді маңызды мәселелер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі. Қоғамда берік қалыптасқан осындай көргенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп, барша адамгершілік қағидалардың, имандылықтың жазылмаған кодекстерінің қалыптасуына негіз болған. Бойына адамгершілік асыл қасиеттерді жинап өскен жасты “көргенді” деп, жүрегінен нұр, жүзінен жылу кетпейтін, жақсылық жолын ойлайтын, әр істе әділдік көрсететін адамдарды “иманды” деп атаған.
Икрам АЙТАЕВ