«Иман» сөзі араб тіліндегі «آَمَنَ» «әмәнә» түбірінен шығып, «нану», «сену», «шын ықыласпен сену» деген ұғымды береді.Терминдік мағынасы: «Алла Тағаладан келген және Оның сүйікті пайғамбары Мұхаммедтің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқандарын жүрекпен қабылдау».
Иман шарты:«Тілмен айтып, жүрекпен бекіту». Демек, (لا إله إلا الله ، محمدا رسول الله) – «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед Оның елшісі» кәлимасын тілмен айтып, шын ықыласымен жүрегімен растаған жан – мұсылман болып табылады.
Имам Әбу Ханифа (Алла оны рахымына бөлесін) «әл-Уасия» атты еңбегінде иман мен амал мәселесін былай түсіндірген болатын: الإيمانُ إِقْرَارٌ بِالِّسَانِ وَ تَصْدِيقٌ بِالْجَنَانِ، وَالإقْرَارُ وَحْدَهُ لاَ يَكُونُ إِيمَانًا، لأَنَّهُ لَوْ كَانَ إِيمَانًا لَكَانَ الْمُنَافِقُونَ كُلُّهُمْ مُؤْمِنِينَ، وَ كَذلِكَ الْمَعْرِفَةُ وَحْدَهَا لاَ تَكُونُ إِيمَانًا ، لأّنَّهَا لَوْ كَانَتْ إِيمَانًا لَكَانَ أَهْلُ الْكِتَابِ كُلُّهُمْ مُؤْمِنِينَ ، قَالَ اللَّهُ تَعَالى فِى حَقِّ الْمُنَافِقِينَ : ﴿ وَاللَّهُ يَشْهَدُ إِنَّ الْمُنَافِقِينَ لَكَاذِبُونَ﴾، وَقَالَ تَعَالَى فِى حَقِّ أَهْلِ الْكِتَابِ : ﴿الَّذِينَ آتَيْنَاهُمُ الْكِتَابَ يَعْرِفُونَهُ كَمَا يَعْرِفُونَ أَبْنَاءَهُم﴾.
Иман дегеніміз – тілмен айтып, жүрекпен бекіту. Тілмен ғана айту – иманның кәміл болуына жеткіліксіз. Егерде бір ғана тілмен айтып иман еткен болса, онда екі жүзділердің барлығы мүмін болып саналатын еді. Сол сияқты, Алланы танып қою – иманның кәміл болуына жеткіліксіз. Өйткені, Алланы танып қана толық иман еткен болса, онда Кітап иелерінің (христиан мен яхудилер) барлығы мүмін болып саналатын еді.
Алла тағала екіжүзділер жөнінде (Мұнафиқун сүресі, 1-аят): «Сондай-ақ, Алла тағала расында мұнафықтардың мүлде суайт екендігіне куәлік етеді» деп бұйырады. Алла тағала Кітап иелері жайында (Бақара: 146): «Өздеріне кітап бергендеріміз Мұхаммедті (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұлдарын танығандай таниды» деп бұйырады.
Мұндағы мақсат – иман дегеніміз – тілмен айту, жүрекпен бекіту. Осы орайда, имам Әбу Жағфар әт-Тахауи (Алла оны рахымына бөлесін): «Иман – тілмен айту және жүрекпен бекіту» деп, имам Әбу Ханифаның (Алла оны рахымына бөлесін) анықтамасын беріп, тап осы сөзінің жалғасында әр мұсылманның сенуі тиіс негіздерді былай деп қысқа (ижмали иман) жеткізеді: «Шынында, Алланың Құран кәрімде түсіргенінің барлығы және Пайғамбардан (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сенімді жолмен жеткен шариғат мәселелері мен түсіндірмелердің барлығы ақиқат». Міне, осыны ақиқат деп шын жүрегімен сеніп, тілімен айтқан адам иман келтірген мұсылман болып саналады.
Матуриди мектебінің көрнекті өкілі Абдул-Ғани әл-Ғунайми Имам әт-Тахауидің сөздеріне былай деп түсіндірме жазған: «Тілмен айту мен жүрекпен сену – екеуі де иманның негізгі ұстыны (рукн) екенін білгін. Алайда, жүрекпен сену ешқашан міндеттіліктен түспейді. Ал тілмен айту кейде мойыннан түседі. Мәселен, мәжбүрлік және әлсіздік жағдайы іспетті».
Бұған ұқсас жағдай кешегі кеңестік дәуірде біздің елімізде де болған. Дінсіздер исі мұсылманға тілімен құдайды жоқ деп айтқызғанымен, жүрегінен Алласын суырып ала алмады. Мұны еліміздің аға буын өкілдері жақсы біледі.Ал, егер ешқандай қиындық болмаса, тілді кәлимаға келтіру – парыз. Имам Әбу Ханифаның «әл-Фиқһ әл-Акбар» және өзге кітаптарына негізделген Матуриди ақидасында бұл үкім осылай. Әһлү Сүннет уәл-жамағатының ұстанымы да осы.
Иман мен амал арақатынасы–ислам ғұламалары арасында талас туғызар мәселе секілді көрінгенімен, өзара күпірлікке шығаруға үзілді-кесілді жол бермеген. Мәселен:
Имам Әбу Ханифа өсиетінің жалғасында:وَالْعَمَلُ غَيْرُ الإيمَانِ، وَالإيمَانُ غَيْرُ الْعَمَلِ، بِدَلِيلٍ أَنَّ كَثِيرًا مِنَ الأَوْقَاتِ يَرِتَفِعُ الْعَمَلُ عَنِ الْمُؤْمِنِ، ولاَ يَجُوزُ أَنْ يُقَالَ: ارْتَفَعَ عَنْهُ الإيمَانُ، فَإنَّ الْحَائِضَ رَفَعَ اللَّهُ سُبْحَانَهُ وَ تَعَالَى عَنْهَا الصَّلاَةَ، وَ لاَ يَجُوزُ أَنْ يُقَالَ: رَفَعَ عَنْهَا الإيمَانَ وَ أَمَرَهَا بِتَرْكِ الإيمَانِ، وَقَدْ قَالَ لَهَا الشَارِعُ : دَعِى الصَّوْمَ ثُمَّ اقْضِيهِ ، وَلاَ يَجُوزُ أَنْ يُقَالَ: دَعِى الإيمَانَ ثَمَّ اقْضِيهِ، وَ يَجثوزُ أَنْ يُقَالَ: لَيْسَ عَلَى الْفَقِيرِ الزَّكَاةُ، ولاَ يَجُوزُ أَنْ يُقَالَ: لَيْسَ عَلَى الْفَقِيرِ الإيمَانُ.
«Амал иманның бір бөлігі емес, сол сияқты, иман да амалдан емес. Кей жағдайда мүміннің мойнынан амал жасау міндетінің түсуі дәйек болмақ. Мұндай жағдайда мүміннің мойнынан иман түсті дей алмаймыз» дейді.
Мәселен, хайыз келген әйелден Алла тағала намаз оқуды түсірді, алайда, одан иманды түсіріп, иманды тастауға бұйырды деуге болмайды. Расында, Алла тағала оған: «Хайыз келген кезде – оразаңды тоқтатып, кейін өтейсің» деген. Оған Алла тағала: «Иманды тоқтатып, сосын оның қазасын өте» деуі әсте мүмкін емес. Сол секілді, кедейге зекет беру міндет емес деп айтуға болады. Алайда, кедейге (зекеттің парыздығына) иман міндет емес деп айтуға болмайды.
Амал міндеті кейде мұсылманның мойнынан түссе де, иманның түспегеніне қарап, ғұламалар иман мен амалдың арасын бөлген екен. Егер иман мен амал бір-бірінен ажырамайтындай біртұтас нәрсе болса, амал міндеті мойыннан түскенде иман да мойыннан түсуі керек еді. Демек, иман мен амал бір емес, айырмашылығы бар. Амал иманды толықтырып, кемеліне жеткізеді. Ал, амал болмаса, иман әлсірейді. Міне, екеуінің арақатынасы да осы.
Имам Ибн Хажар әл-Асқалани «Фатхул-Бари» атты еңбегінде: «Сәлаф (тура жолдағы алғашқы буын) айтты: Ол (иман) – жүрекпен сеніп, тілмен дауыстап айту және діннің негіздерін орындау». Әрі олар бұл сөздерімен амалдар иманның толығып, кемелденуі үшін шарт дегенді меңзеген. Міне, осыдан барып олардың иманның артуы мен кемуі туралы айтқан сөздері туындаған.
Адасқан жат ағымдар ақидасында Муржиалар: «Иман – тек қана жүрекпен сену және тілмен айту»; Каррамиялар: «Иман – тек қана тілмен айту»; Мұғтазилиттер: «Иман – амал, тілмен айту және жүрекпен сену» деген.
Тәкфир жамағаты: «Амал жасамағандар имансыздардан» деп, күпірлікке шығарады.
Ендеше, Әһлү Сүннет уәл-Жамағаты сенімінде амал иманның құрамдас бөлігі емес, амал болмаса, онда иман жойылмайды, алайда, әлсірейді әрі сол амал арқылы иман кемелденетіндігін баяндаған.
Әлемге әйгілі төрт мәзһабтың негізін қалаған ислам ғұламалары:
1) Имам Әбу Ханифа (Алла оны рахымына бөлесін): «Иман – амалдың бір бөлігі емес, алайда амал – иманның жемісі ретінде қарастырған».
2) Имам әш-Шафиғи (Алла оны рахымына бөлесін): «Амал – иманның шарты. Алайда, жүздерін құбылаға қаратқандар – мұсылман».
3) Имам Ханбали (Алла оны рахымына бөлесін): «Амал – иманның шарты. Алайда, жүздерін құбылаға қаратқандар – мұсылман».
4) Имам Мәлики (Алла оны рахымына бөлесін): «Амал – иманның шарты. Алайда, жүздерін құбылаға қаратқандар – мұсылман».
Бұл мәселеде мұсылмандарды шатастыруға әкелген топ – Такфир жамағаты.
Такфир жамағаты: «Амал – иманның шарты. Иман етіп, амал жасамағандар – имансыздардан» деп, күпірлікке шығарады. Ұстанымдары ислам ғұламаларының көзқарастарына жүзбе-жүз қайшы келеді. Өйткені, Әһлү Сүннет уәл-жамағаты жүздерін құбылаға қаратқанды – мұсылман деп бірауыздан бекіткен-ді.
Сондай-ақ, Имам әт-Тахауи «Баян Әһлү Сүннет уәл-Жамағат» атты еңбегінде:وَنُؤْمِنُبِالْمَلاَئِكَةِوَالنَّبِيِّينَوَالْكُتُبِالْمُنَزَّلَةِعَلَىالْمُرْسَلِينَ،وَنَشْهَدُأَنَّهُمْكَانُواعَلَىالْحَقِّالْمُبِينَ،وَنُسَمِّيأَهْلَقِبْلَتِنَامُسْلِمِينَمُؤْمِنِينَمَادَامُوابِمَاجَاءَبِهِالنَّبِيُّصَلَىاللهُعَلَيْهِالصًّلاَةُوَالسَّلاَمُمُعْتَرِفِينَوَلَهُبِكُلِّمَاقَالَوَأَخْبَرَمُصَدِّقِينَغَيْرَمُكَذِّبِينَ.
«Біз періштелерге, пайғамбарларға және елшілерге түскенкітаптарғаиман келтіреміз, олардың барлығы ақиқат жолында екеніне куәлік етеміз. Сондай-ақ, жүздерін құбылаға бұрғандар – пайғамбардың (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алып келген нәрселерді мойындап, жеткізген хабарларын растап, өтірікке шығармаған болса, онда оларды – мүмін, мұсылман деп атаймыз» деген жолдар бар.
Мүжтәһит ғалымдарының көзқарастарын саралай отырып, кәлам ілімінің негізін қалаған имам Мәтуриди және имам әл-Ашғари: «Иман келтіріп, амал жасамаған адам – мұсылман» деген. Демек, кәлам ғұламалары арасында «Иман мен амал» тұрғысында талас жоқ.
Сөзімізді түйіндей келе, Әһлү Сүннет уәл-жамағаты ғұламаларының ұстанымдары бойынша иман мен амал тұрғысында күпірлікпен айыптаған немесе мұсылман емес деген пікір болмаған, керісінше, иман етіп, тіпті, иман келтіре амал жасамаған пендені – құбыла иелері, яғни, «жүздерін құбылаға бұрған мұсылмандар» деген тұжырым жасаған. Ал Тәкфир жамағатының «Иман етіп, амал жасамаған пенде – кәпір» деген пікірлері ислам ғұламаларының көзқарастарына үзілді-кесілді қайшы. Мұсылманның жеке мүддесіне қол сұғып, күллі үмбеттің тұтастығына қауіп төндіруші фактор.
Серік Тәжібаев,
«Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті
университетінің докторанты