Сұрақ: Иман келтіргеннен кейін Исламды бірден толық ұстану керек пе?
Жауап: Кейбір деструктивті діни топтардың уағызшылары Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Иман келтіріп, одан соң тұп-тура бол» (Муслим, Иман. 62) деген хадисін және одан өзге де діни ережелерді негізге алып, адам Исламды қабылдаған соң дінді тұтас ұстану керектігін айтып жүр.
Әрине, адамның нәпсісі соған лайық болып жатса, дінді толық ұстанған құба-құп. Алайда, адам баласының көпшілігінің табиғаты дінді біртіндеп барып бойына сіңіреді. Мұны атам қазақ «Дінді ұстау әсте-әсте» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеген.
Анығында, әз пайғамбар (с.ғ.с.) Ислам дінін әкелгенде әуелі бес жыл бойы халқын иман келтіруге шақырған болатын. Сосын ғана барып, Алланың уахи етуімен үмбетті өзге діни құндылықтарды игеруге үндеді.
Дағуа ілімінде алғашқыда діни уәзипалардың жеңіл болуын «әл-әууалият» қағидасы деп атайды. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) әуелі бір Тәңірге нануды насихаттауы, Құранның жиырма үш жылда нәзіл болуы, діндегі намаз, ораза, зекет, қажылық секілді парыз құлшылықтардың біртіндеп енуі, мұсылмандардың алғашқыда әлеуметтік топ болып құрылып, кейін діни-саяси қозғалысқа айналуы, сосын барып мемлекет құруы – шынында да «әл-әууалият» қағидасының аса маңызды екенін, дінді ұстанудың әсте-әсте екенін көрсетеді.
Әсілі, дағуа іліміндегі діни міндеттемелерді адам табиғатына сай біртіндеп хикметпен жүктеу – Құран аяттарына негізделген еді. Мәселен, Алла Тағала сахабаларды ішкіліктен үзілді-кесілді бірден тыйған емес болатын. Жаббар Хақ әуелгіде: «Олар сенен ішкілік пен құмар ойнаудың үкімін сұрайды. Сен: «Оларда үлкен күнә мен адамдарға пайда да бар, алайда оның күнәсі пайдасынан тым басым», – деп айт» («Бақара» сүресі, 219-аят) деген аятты түсіріп, адам баласы үшін арақтың зияны басым екенін ұқтырды.
Аздаған уақыттан кейін Алла Тағала Құранның «Ниса» сүресінің 43-аятында: «Уа, мүминдер! Не айтып жатқандарыңды білмейінше мас күйде намазға жақындамаңдар!» деп, құлшылық жасау барысында арақ ішуге қатаң тыйым салды. Сахабалар біртіндеп арақ ішуді азайтқан сәтте, ішкілікті пышақ кесті тоқтату үшін: «Уа, мүминдер! Арақ, құмар ойнау, пұттарға табыну, оларға мал шалу және бал ашатын шыбықтар – ластық, шайтанның істері. Одан сақтаныңдар. Сонда ғана Алланың азабынан құтыласыңдар. Негізінен шайтан арақ және құмар ойын арқылы араларыңа алауыздық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды» («Мәида» сүресі, 90-91 аяттар) деп одан біржолата тыйған болатын.
Шынтуайтында, аталған аяттардың біртіндеп нәзіл болуы ішімдікті уақытша ішуге болады дегенді білдірмейді. Егер, Жаббар Хақ қаласа, бір мезетте дереу ішімдікке тыйым салар еді. Бұл жерде Ұлы Жаратушы пенделерінің мәселені саналы түрде қабылдап, сосын ғана рет-ретімен бірте-бірте амалға көшуін ұйғарып отыр. Себебі, дінді хикметпен қабылдау аса маңызды шарт болып саналады.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) Йеменнің Нәжран өлкесіндегі христиандарға өз өкілін жіберерде: «Сен аһли-китапқа бара жатырсың. Алдымен оларды «Алла Тағаладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед – Оның елшісі» – деп, куәлік етуге үндегейсің. Оған мойынсұнса, онда Алла Тағала оларға тәулігінде бес уақыт намаз оқуды бұйырғанын ескерт. Оған көнсе, онда байлардың кедейлерге зекет беруі парыз екенін түсіндір. Келісім берсе, олардың ең құнды мүлкін алудан сақ бол. Зұлымдық көрушінің кәрінен сақтан. Себебі, оның дұға-тілегі мен Жаббар Хақ арасында перде жоқ» (Бухари) деген болатын.
Бажайлап қараған болсақ, Әз Пайғамбар (с.ғ.с.) бұл өсиетінде нәжрандықтардың (иман келтірген жағдайда) діни уәзипаларды біртіндеп орындауын құп көріп отыр. Және олардың көңіліне тиетін іс жасаудан аулақ болу керектігін ескерткен. Яғни, дін насихатының аса нәзік мәселе екенін, уағызшы тыңдаушы тараптың әрдайым көңіл күйін ескеріп, діни құндылықтарды хикметпен біртіндеп санаға сіңіру керектігін алға тартуда.
Сондай-ақ, амал етуді адамның еркіне қалдыру жөн екенін жеткізуде. Олай болса, ішкі (нәпсі) дайындығы жоқ пендені діни амалдарды толық ұстануға итермелеу – мүлде дұрыс емес.
Мұхан ИСАХАН