Фейсбук желісінде Мүфтият қызметкері, Уақып қорының президенті Ардақ Құдайберген Қостанай облысының бас имамы Бақытбек Тәжімбеттің арақ ішіп ұсталуы туралы айтылып жатқан оқиғаға қатысты пікірін жариялады. Ол былай дейді:
“Халық даналығында: «Жалада шындық болмайды», «Қаңқу сөздің қоспасы көп», «Аяғы жаман төрді былғар, аузы жаман елді былғар», «Итке төсек не керек, естіге өсек не керек?», – деген сияқты т.б. мақал-мәтелдер өте көп.
Жала жабу деп – адамның сыртынан оның ар-намысы мен қадір қасиетіне нұқсан келтіретін, абыройын түсіретін жалған мәлімет таратуды айтамыз.
Ғалымдар жала жабудың күнәсі ғайбаттан да ауыр екендігін айтқан. Себебі, жала жабуда өтірік қоса араласып жүреді. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Алла елшісі сахабалардан:
«Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?», – деп сұрайды. Олар: «Оны Алла мен елшісі жақсырақ біледі», – деп жауап қатады. Пайғамбар : «Ғайбат деген – бауырыңды оның ұнатпайтын нәрсесімен еске алуың», – дейді. Сонда біреу: «Егер айтып жатқаным бауырымның бойынан табылса ше?», – деп сұрақ қояды. Пайғамбар : «Егер айтқаның оның бойынан табылса, ғайбаттадың демек. Ал егер бойында болмаса, онда жала жапқаның», – деп жауап береді».
Құранда Алла Тағала жала жабудың үлкен күнә екендігі жайында былай дейді;
«Мүмін еркектер мен мүмін әйелдерді жоқтан өзгемен ренжіткендер, анық сол жаланы және үлкен күнәні өз мойындарына артқан болып есептеледі».
Бақытбек имамға қатысты айтсам, бұл таза жала! Жүз пайыз сенімділікпен айта аламын. Бақытбек бала күнінен тазалықпен ержетіп, сол тазалығы дін қызметіне жетелеген жанашыр азамат. Кешегі жер-жерді су басқанда Қостанай халқын судан қорғаймын деп, қайық астына түсіп басы жарылған да осы имам еді! Алғашқы волонтерлердің де басын қосып топтастырған да осы имам! Басқа қайырымды істерін Қостанайлықтарға қалдырайық. Солар айтсын.
Егер Бақытбек төбелесіп қалыпты, біреудің мұрнын бұзыпты десе, сеніп қалар едім. Бірақ ішімдік ішіп дегені енді қисынға келмейді. Бақтыбекті жеке өмірімде жақсы танимын!
Ол қымыз ішіп мас болғанында күмән жоқ. Иә қымызды Бәкең сүйіп ішеді. Қымызға мас болған қазақты бүгін көргендей шулаудың қажеті жоқ. Қымыздың мас қылатынына кімнің таласы бар?!
Клубтың алдынан кім өтпейді?! Ит те өтеді, мал да өтеді? Кулубтың ішінен қолын қайырып алып шығы па екен?!
Жала жапқысы келген адам қымызы мен сусынына ішімдік қоспағанына кім кепіл?!
Өлтіргісі келгенге у қосу оңай. Абыройсыз қылғысы келгенге су қосу оңай қазір.
Қазіргі технология дамыған заманда айтпағаныңды айттырып, айтқаныңды қалауына қарай өзгертіп ала беретіні бәріне белгілі. Сенбей тұрып, сөз қылмай тұрып, ақиқатқа көз жеткізу керек сірә!
Иттің үргеніне қосылып үре бермей, әліптің соңын бағу керек. Кеше ардақты анамыз Айшаға (Алла одан разы болсын) жала жабылғанда да шындай қылып сендірушілер болған. Арандап қалмайық ағайын!
Жалаға алау, арамға жалау бермей тұрып, отқа май құймауға шақырамын!
Ақиқатын Алла біледі. Ешкім Бақытбектің қасында болған жоқ. Көрмеген, көз жетпеген нәрсеге баға беруден асқан надандық жоқ! Ақиқатында қалай болғаны туралы айтылар күн алда. Алайда сол күнге дейін талай адам күнә арқалап, талай адам арандап, талай жан ертең зұлымдыққа ұшыраушының бетіне тура қарайтын бет те қалмайтын болды!
Айтпақшы, абай болайық! Мазлұмның (жалаға қалған, зұлымдыққа ұшыраған адам) дұғасы (қарғысы) қабыл! Аяғымыз көктен келіп жүрмесін! Сақ болайық!
Алла жар болсын саған бауырым! Ұстамды бол! Алла сені бұданда маңызды іске әзірлеп жатқан болар! Дін үшін, ел үшін жасаған жақсылығың ел есінде! Есті ел, ерін қорғап алады әлі-ақ! Тек мынау заманда біреуге мал, біреуге жан қайғы болды ғой. Қапаланба! Қазақтың маңдайына біткен жақсылардың бәрі абақтының салқынын тартқан! Мен саған сенемін!”