Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Жұмабайұлының төрағалығымен өңірдегі барлық қала мен аудан бас имамдарына арналған жиын өтті.
Басқосуда ҚМДБ-ның Төралқа жиынында айтылған мәселелер жайлы ақпарат беріліп, оны жүзеге асыру жайы кеңінен талқыланды. Бас имам өзінің кіріспе сөзінде елде болған Қаңтар қасіретін тілге тиек ете келе, осы оқиғадан туындаған жайларды да ортаға салды. Әсіресе деструктивті ағымдармен күрес және оның алдын алуға баса назар аударылатынын, елдің бірлігі мен татулығын сақтауда имамдарға жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.
Сондай-ақ бас имам мүфтияттың жеті бағыты бойынша жұмыстарды жақсарту, атап айтқанда уағыз-насихат, жамағатпен жұмыс, діни уағыз және қайырымдылық бағыттары бойынша жұмысты жетілдіру жіті бақылауда болатынын еске салды. Елдің діни сауатты болуы дін қызметкерлері жүргізген жұмыстарға тікелей байланысты екені айтылды.
Имамдар жиыннан жаңа тапсырмалар алып, уақыт талабына сай жұмысты жақсартуға мүдделі екенін айтып тарқасты.