Имам Шибли (Алла оны рахымына бөлесін) Нақшбандия тариқатының жоғарғы дәрежеге жататын тұлғасы еді.
Бір күні адамдар келіп:
– Бағдаттың арғы шетінде Сізді өте құрметтейтін наубайшы бар. Әрдайым Сізді аузынан тастамай, бір рет көріп, батасын алсам деп зар болып жүр. Бірақ, әрдайым нан пісіріп, қолы тимей, Сізге жете алмай жүр, – дейді.
Сонда, Шибли (Алла оны рахымына бөлесін) хазірет:
– Болды, ондай болса, оған өзіміз барайық, – дейді. Бірақ, имам наубайшыға барарда, өзін танымауы үшін ескі киім киеді.
Барса, наубайшы ыстық нандарын пештен жаңа ғана алып жатыр екен. Имам Шибли (Алла оны рахымына бөлесін) оның жанына барып:
– Аға, бір ыстық наныңыздан Алла разылығы үшін маған беріңізші, – дейді. Сонда наубайшы оған бадырайып қарап:
– Ақшаң болса ал. Ыстық нанды ақшасы барлар ғана жейді. Бұл саудаға Алланы араластырма, – дейді. Мұны естіген имам Шибли (Алла оны рахымына бөлесін) одан алыстап кетті.
Бұл жағдайды көрген көрші саудагерлер оны сөгіп:
– Әй, сен не істедің? Мынау адам сен мақтап жүрген ғалым емес пе? Сенің алдыңа өзі келіп еді ғой? – дейді. Наубайшы болса, бетін ұрып: «Не істеп қойдым? Бұлай болуы мүмкін емес қой! – деп айтып, артынан жүгіреді.
Жетіп барып: «Хазірет, мен Сізді танымаппын. Мен Сізді ерекше сыйлайтын адаммын. Мені кешіріңізші», – дейді. Осы кезде имам Шибли (Алла оны рахымына бөлесін) қабағын түйіп: «Бұл жағдайда сенің кешірімің қабыл болмайды. Бірақ, менің бір шартым бар. Мың алтын ақша шығарып, үлкен қонақасы бересің. Бағдаттың пәленше-пәленше деген адамдарын шақырасың», – дейді.
Наубайшы айтылған адамдардың бәрін шақырып, мың алтын ақшаға үлкен дастархан жаяды. Келген қонақтар дастарханнан әртүрлі таңсық тағамдарын жеген соң, имам Шиблиге (Алла оны рахымына бөлесін) қарап:
– Хазіреті имам, нәпсіміз тойды. Енді рухымыз тойсын, мына адам мың алтын ақшаға жомарттық жасапты. Жәннат әһлі жөнінде, жәннатқа бірінші болып жомарттар кіретіні туралы уағыз айтып беріңізші, – деп өтінеді.
Сонда имам Шибли (Алла оны рахымына бөлесін):
– Мен жәннат және жәннат әһлі жөнінде білмеймін ғой. Бірақ, тозақылардың кімдер сияқты болатынын білгілерің келсе, мына наубайшыға қараңдар, – дейді. Адамдар:
– Тоқтаңыз, олай демеңіз. Бұл адам осыншама жомарттық жасап жатыр ғой? Бұл жақсы, жомарт адам емес пе?, – дейді. Сонда имам Шибли (Алла оны рахымына бөлесін):
– Бұл адамның жақсы адам екенін білмеймін. Бірақ, Алла үшін бір нан сұрап едім, бермеді. Ал менің құрметім үшін мың алтын ақшаға дастархан жайды. Аллаға ықылас қылмай, пендеге ықылас қылып, Алла үшін бір нанды аяп, пендесіне мың алтын ақшаға дастархан жайған адам тозақи болмай, кім болады дейміз? – деп жауап беріпті.
«Мен пәленшені құрметтеймін» деу жеңіл, «мен доспын» деу жеңіл, бірақ сол адамдардың ықыласы, құрметі қанша жерге дейін барады екен?
Бір мысал келтіре кетсек, кейбір Сізді құрметтеймін деген адамдар, егер Сіздің себебіңіз болып тұрса да, ол сұраған бір өтінішін орындай алмай, не бір шақырған жеріне бара алмай қалып жатсаңыз, дәл осындай күйге түсіп, Сізден теріс айналып жатқанын көрмейсіз бе?
Сонда әлгі құрмет, әлгі достық қайда қалды?
Адам баласы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мына үш қасиетті бойына бірдей жинаған адам шынайы иманның дәмін татады: Алланы және оның елшісін бәрінен де артық жақсы көру; біреуді жақсы көрсе, тек Алла разылығы үшін ғана жақсы көру; Алла Тағала имансыздықтан құтқарған соң, сол имансыздыққа қайта оралуды отқа түсуден бетер жек көру», – деп айтқандай, достық, құрмет болуы керек қой. (Бухари)
Алла Тағала баршамызға бір-бірімізді шынайы құрмет етіп, адал дос болуға нәсіп етсін!
Қуат ҚАБДОЛДА