Имам Ахмет қызына ғылымдағы серігі имам Шафиғидің қасиеті, тақуалығы мен білім жайлы көп айтатын.
Бір күні хадис ғалымы имам Ахмет досын үйіне қонаққа шақырады. Екі дос ұзақ сұхбат құрды. Шафиғи дастарқаннан тұрған соң, құптан намазын оқи салысымен бөлмеге кіріп төсекке жата кетті. Ертесіне қызы имам Ахметке:
-Әке! Сіз мақтаған ғалымнан үш кемшілік байқадым,-деді. Дастарқанға отырғанда көп тамақ жеді. Бөлмесіне кірген соң, түнгі құлшылығын жасамай ұйқыға жата кетті. Таңертең ешбір дәрет алмай бізбен бірге таң намазын оқыды»,-деді.
Бұл жайттардың мәнін білмек болып имам Ахмет досына барып сұрап еді, Шафиғи:
-Ей, Ахмет! Көп тамақ жеуімнің себебі, сенің асыңның адал екенінде ешбір шүбәм жоқ. Ал, өзің – қадірлі де жомарт кісісің. Жомарттың асы – дауа, ал сараңның асы – дерт. Тамақты қарнымды тойдыру үшін жемедім. Сенің асыңды ем деп асадым. Ал, түнде құлшылыққа тұрмауымның себебі, басымды жастыққа қойған сәтте көз алдыма Құран аяттары мен ардақты пайғамбарымыздың сөздері келді. Оларды талдауға кірісіп, жетпіс екі фиқһ мәселесін шығардым. Сондықтан, түнгі намазға тұруға ешбір уақытым жетпеді. Ал, таң намазға дәрет алмай тұрғаным, түні бойы көзімді ілмей ояу жаттым. Сондықтан құптанның дәретімен таң намазын оқыдым,-деген екен.
Руслан ҚАМБАР