Нахшбандия тариқаты – ислам әлеміндегі ең әйгілі және кең тараған сопылық мектептерінің бірі және оның Қазақстандағы ықпалының терең тарихи тамыры бар. Бұл сопылық тариқат Орта Азияда пайда болды және өз атауын көрнекті сопылық шейхы Бахауддин Нахшбандтың (1318-1389) атынан алды. ХIV ғасырда Бұхарада пайда болған ең ықпалды сопылық бағыттардың бірі.
Қазақстандағы нахшбандия тариқатының таралу тарихы аймақтағы исламның таралу тарихымен және жергілікті мәдени дәстүрлермен өзара әрекеттесуімен тығыз байланысты. Нахшбандия тариқатының Қазақстанда таралуының маңызды факторы сопылық ғұрыптарды қолдаған Шыңғыс хан мен Тимуридтер әулеттерінің ықпалы болды. Нахшбандия тариқаты қазақ зиялылары арасында кең қолдау тауып, мойындалып, оның аймақта тамыр жаюына ықпал етті.
Нахшбандия тариқаты Қазақстанда XVIII-XIX ғасырларда өзінің шарықтау шегіне жетті, сол кезде аймақта сопылық тәжірибе де өсті. Бұл кезең сопылық мектептер мен тариқат ілімі үйретілетін рухани орталықтардың (текке) белсенді құрылысымен сипатталды. Бұл процесте қазақ халқы арасында Нахшбандия ілімін таратқан саяхатшылар (дәруіштер) мен рухани ұстаздар (муршидтер) маңызды рөл атқарды. ХХ ғасырдың басында Кеңес үкіметі орнаған соң діни тұлғалар мен сопылық тариқаттарға қарсы қуғын-сүргін басталды. Көптеген теккелер жабылып, нахшбандия тариқатының қызметі іс жүзінде тоқтатылды. Десек те тариқаттың дәстүрі мен ілімі құпия сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырды.
1991 жылы КСРО ыдырап, Қазақстан егемендік алғаннан кейін дінге және сопылық дәстүрге деген қызығушылық қайта жанданды. Осы кезде Нахшбандия тариқатының қызметі қайта өрлеп, сопылық ілім негіздерін оқытатын жаңа рухани орталықтар мен мектептер ашыла бастады. Қазіргі таңда Нахшбандия тариқаты Қазақстанның діни өмірінің маңызды бөлігі болып қала береді.
Осыншама тарихқа бай бұл тариқат тәуелсіздіктен кейін Орта Азия елдерінің саяси өміріне және этникалық келбетіне ықпал ете алатындай қауқарға жетеді деп ешкім ойламаған. Американдық ғалым Д.Дэвьюс қазіргі “нахшбандия” өкілдерінің қарсы тарапты бүкіл болмысымен құртуға бағытталған сынау әрекеттерін ХІІ ғасырдағы Ибн Таймияның сопыларға қарсы шыққан әрекеттерімен салыстырады. Өйткені Ибн Таймия сопылықтағы қандай да бір дәстүрге қарсы шықса, нахшбандия өкілдерін де сол дәстүр мен ғұрыптарға қарсы шыққандарын айтады. Сопылықтағы құлшылықтың бір түрі зікір (Құдайды еске алу) бар. Нахшбандия өкілдері ханака, рақс, сама секілді дәстүрлерге қарсы шыққанын да еңбегінде жазып кетеді.
Сопылықтың тарихын зерттеуші ғалымдар нахшбандия тариқатын ұстанушылар парсы тілінде сөйлейтін халық болғандығын алға тартады. Нахшбандия атын жамылғандардың басқару туралы идеясының жалпылай алғанда исламдық заңдылықтармен түйіссе де, жергілікті салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарға мүлде сәйкес келмейтіндігін жеткізеді. Олардың Қазақстанда көптеген шәкірттері бар. Белгілі бір уақыт ұстаздарымен жиналып сұқбат құрады. Сопылықтың өзге топтары секілді жабық сипатқа ие. Өздеріне тән құлшылық практикасы бар. Қазақстанның оңтүстігінде, сонымен қатар Түркия мен Дағыстан жерлеріндегі сопылықтың өзге тариқаттарындағы зікір құлшылығымен айтарлықтай ерекшеленеді. Түркістан қаласынан шамамен 20 шақырым жерде орналасқан Құсшы ата ауылында Нахшбандия-Муджадиддия тармағының үлкен ұстаздарының бірі Сұлтанқұл ата өмір сүрген. Мәуліт күндері Қазақстан, Ресей, Өзбекстан секілді елдерден қолдаушылары келіп үлкен ас беріледі.
Қазіргі таңда Нахшбандия атын жамылғандардың елімізде белсенді қозғалыс жасап жүргені өмірде және әлеуметтік желілерден белгілі. Қолдаушыларының көбі қазақи салт-дәстүр мен ділді жоққа шығаруды насихаттап, пайғамбардан кейін көбіне өз ұстаздарының ғана айтқандарын алға тартады. Қазақ қоғамындағы ағартушылар мен зиялы қауымды еске ала бермейтін бұл тармақ ертеңгі күні салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызға алып келер залалы көп деп білеміз.
Нұрболат ДҮЙСЕБАЕВ,
«Абай Құнанбайұлы» мешітінің наиб имамы