– Құрметті Мәлик, Сіз бұл ілімді біздің елге барып оқытсаңыз қайтеді? Бізде де ілімге құштар азаматтар жетерлік, дейді. Имам оған:
– Құрметті халифа, ілім ізденушінің алдына бармайды керісінше ізденушінің өзі ілімнің алдына келеді, дейді. Мұндай жауапқа таң қалған халифа:
– Рас айтасыз, ендеше мен осы іс сарапымды аяқтаған соң сіздің алдыңызға келіп ілім аламын, дейді. Имам Мәлик:
– Бір шартым бар, дәріс күнделікті аср намазынан кейін беріледі. Егер сіз кешігетін болсаңыз дәріске кіре алмайсыз, дейді. Халифа мақұлдап шығып кетеді.
Содан бір күні аср намазы бітіп жергілікті жамағат Имамның дәрісіне жинала бергенде, кенет есікті ашып Һарун Рашид кіріп келеді, оның жанындағы көмекшілер халифаға арнап арнайы орындық қояды. Мұны көрген Имам сөзін бұрып:
– «Кімде-кім Алланың алдында қарапайымдылық танытса Алла оның дәрежесін көтереді ал, кімде-кім тәкәппарлық танытса Алла оның дәрежесін түсіреді», деген хадисті жамағатқа түсіндіре бастағанда халифа дереу Имамның айтпағын түсініп астындағы орындықтан түсіп жерге отырып дәріс алуды жалғастырады.
Осылайша ілгеріде тақта отырған мұсылман патшалар ілім иелерін қатты құрметтеген.
Жалғас Асхатұлы – дінтанушы