Сұрақ: Имам Мұхаммедтің ханафи мәзһабындағы орны қандай?
Жауап: Мұхаммед ибн Хасан әш-Шайбани (132 -189 һ.ж./ 749 – 804ж.) Аты – Мұхаммед, әкесінің ныспысы – Хасан әш-Шайбани. Куниясы – Әбу Абдуллаһ. Һижри 132 жылы дүниеге келіп, 189 жылы қайтыс болған. Әбу Ханифа қайтыс болған уақытта ол небары 18 жаста еді. Әбу Ханифадан біршама уақыт сабақ алды.
Ұстазы қайтыс болғаннан кейін Әбу Юсуфтан білім алып, фиқһ саласын терең меңгерді. Суфиян Саури мен Әузағи сынды танымал ғалымдардан да сабақ алды. Мәлік ибн Әнәстан хадис пен риуаят ілімін үйренді. Мәліктің жанында үш жыл тұрды. Ұстазы Әбу Юсуф секілді бас қазы қызметін атқармағанымен, Харун әр-Рашид кезеңінде қазы лауазымына тағайындалды. Тіл мен әдебиетті жетік меңгерді.
Имам Мұхаммедтің сөзге ағып тұрған шешен, майын тамызып сөйлетіндігі жайында Имам Шафиғи сынды ірі ғалым: «Ол адамдардың ең сөзге ұста, ділмәр шешені. Ол сөйлегенде былайғы жұрт Құран оның тілімен түскендей ұйып, елітіп тыңдайтын» (Ибн Абдулбәрр, әл-Интиқа, 174-б.) десе, тағы бірде: «Мен одан атан түйеге жүк боларлықтай ілім алдым», «Талас тудырған мәселелерге қатысты сауал қойылған кезде іркілмей жауап беретін басқа адамды көрмедім» (Мұхаммед ибн Жалалуддин әл-Мукрим, Табақатул-фуқаһа, 1-т.,135-б.) деп білімділігіне таң қалған екен.
Білімділігімен қатар сұлтандармен қарым-қатынаста да ілімнің абыройын сақтай білген. Мұхаммед ибн Хасан Әш-Шайбани Әбу Ханифаның хас шәкірті Әбу Юсуфтан басқа ешкімге нәсіп бола бермейтін қасиеттер мен біліктілікті бойына дарытты.
Мұхаммед ибн Хасан Ирак фиқһын Әбу Юсуфтан қазылық міндетін атқарғаннан кейін барып алғандықтан, оны толық үйренді деуге болады. Ал хадис фиқһын Мәдинаның ұстазы Имам Мәліктен, Шамның ұстазы Әузағиден үйренді. Қандай да бір мәселе туындаса, оның шешімін таппай қоймайтын әрі есеп-қисапқа да жүйрік болатын. Сөзге ұста еді. Қандай мәселені қозғаса да жеңіл, әрі ұғынықты етіп түсіндіретін. Қазылық міндетке тағайындалуы оны шыңдап, білімін жетілдіре түсті. Сонымен бірге, оқып үйренген фиқһ теорияларын іс жүзінде қолданып көрді.
Имам Мұхаммедтің кітап жазуға деген ынтасы ерекше еді. Негізінде, Ирак фиқһын кейінгі ұрпаққа жеткізген де осы – Имам Мұхаммед. Мұнымен қатар, Муатта кітабын толығымен Имам Мәліктен риуаят етіп, қағазға түсірген.
Имам Мұхаммед – Ирак ғалымдарының арасындағы ең танымалы. Фиқһта «Рай фиқһы» мен «Хадис фиқһын» бір арнада тоғыстырып, мәселелерді осы екеуінің негіздеріне сүйеніп шеше білген ғалым. Оның көзқарастары шындыққа, туралыққа ең жақыны болып саналды.
Әрине, бұл фиқһтың барлығын Әбу Ханифадан алды деп айта алмаймыз, өйткені, Әбу Ханифа дүниеден өткенде оның жасы бар болғаны он сегізде еді. Әбу Ханифаның фиқһын оның ең жақсы шәкірттерінен, әсіресе, Әбу Юсуфтан үйренді. Имам Мұхаммед кейбір кітаптарында Әбу Юсуфтың риуаяттарын атап өтеді.
Имам Мұхаммедтің «Жамиус-сағир» атты кітабындағы риуаяттардың барлығы – Әбу Юсуфтың риуаяттары. Аталмыш еңбектің әр тарауын жазғанда «Бұл Әбу Юсуфтың риуаяты» деп айтып, атап кетеді. Бұл тараудың барлығы Әбу Юсуфтан дегенді білдіреді. Бірақ, «Жамиул-кабир» атты кітабында алдындағы секілді Әбу Юсуфтың риуаяты деп айтпайды, өйткені, онда басқа риуаяттар да бар болатын.
Имам Мұхаммедтің кітаптары ханафи фиқһының ең басты қайнар көзі болып табылады. Имам Мұхаммед осы еңбектерінде риуаяттарды мейлі Әбу Юсуфтан алсын, мейлі Ирак фиқшыларынан алсын, барлығының негізі бір. Имам Мұхаммедтің жазған еңбектері сенімділік жағынан бірдей емес. Ғұламалар оның еңбектерін сенімділік жағынан екіге бөліп қарастырған:
Біріншісі: Мутауатир жолмен, яғни, сенімді шежіремен жеткен кітаптар. Бұлар: «Мабсут», «Зиядат», «Жамиус-сағир», «Жамиул-кабир», «Сиярул-кабир», «Сиярус-сағир». Аталмыш еңбектер Имам Мұхаммедтен сенімді ғалымдар арқылы жеткен және бұл еңбектерді «Заһирур-риуая» деп атайды. «Китабул-асар» еңбегі де осы топқа кіреді. Бұл кітапта Әбу Ханифаның дәлелдері мен келтірген хадистері жазылған. Ханафи фықһы осы бірінші жолмен жеткен «Заһирур-риуая» кітаптарында қамтылған деуге болады
Екіншісі: Науадир кітаптары. Бұл еңбектер «Заһирур-риуая» кітаптары секілді сенімді жолмен жетпеген. Нақтылық жағынан маңызы кем деп есептеледі. Бұған «әл-Кайсаният», «әл-һаруният», «әл-Журжаният», «әр-Руқият», «Зиядатуз-зиядат» жатады (Әбу Захра. Әбу Ханифа, 233-233-б.).
Имам Ағзамнан және Әбу Юсуфтан кейін ханафи мәзһабының дамуына ең үлкен үлес қосқан – осы Мухаммед ибн Хасан әш-Шабни. Оның мәзһабтағы орнын қысқаша былай қорытындылай кетуге болады: Ол ханафи мәзһабының көзқарастарын жазбаша жинақтап, жеткізген. Ол – өз көзқарастарымен қатар Имам Ағзам мен өзге де оның шәкірттерінен оқып, білгендерін жазбаша түрде жинақтаған ең алғашқы ғұлама. Мәзһаб ғалымдары оның кітаптарын негізге алған.
Мухаммед ибн Хасан әш-Шайбани – фиқһ тарихы үшін маңызды кезең саналатын фиқһ мәселелерін арнайы тақырыптарға, тарауларағ бөліп, классификациялауда және ханафи мәзһабының көзқарастарын өзіндік ерекшелігіне сай әдіснамаға сай жазылып, дамуының негізін қалаушы. Жазып, сақтаумен қатар өзіндік ижтихадтары арқылы мәзһабтың байи түсуіне септігін тигізген. Оның кезінде Куфа мектебі мен Мәдинә мектебінің арасында үлкен бәсекелестік бар еді.
Осы ғылыми бәсекелестікте бір жағынан мәзһабтың көзқарастарының хадистерге сәйкес келетіндігін дәлелдеуге тырысса, екінші жақтан ижтихад жасауда бірізділік пен жүйелілікке ерекше мән беретіндіктеріне назар аударуға тырысқан. Имам Мұхаммедтің ханафи мәзһабының қалыптасып, дамуында және кейінгі ұрпаққа ханафи мәзһабының ғылыми мұрасын жеткізуде орны орасан зор.