Күндердің күнінде белгілі хадистанушы Имам Бұхари Бағдат қаласына іс сапармен бас сұғады. Жергілікті халықтың даналары бас қосып, Имамның хадистегі білім дәрежесін тексеруді ұйғарады. Содан барлығы қаланың үлкен мешітінде жиналып Имамды кездесуге шақырады. Имам олардың шақыруын қабыл алады.
Содан кездесу күні де келіп жетті. Әлгі Бағдаттық дана тұлғалар ертерек жиналып араларынан 10 адамды таңдап, олардың қолына он хадис береді. Бірақ, бұл хадистердің мәтіндері мен жеткізуші тұлғалардың есімдерін араластырып, бір бірінің орындарын ауыстырып қояды. Осылайша олар Имамның зеректігін сынамақ болады. Түскі уақыт жақындап мешітке Имам да келіп қалады. Сонда әлгі 10 адам кезекпен тұрып қолындағы шатасқан хадистердің мәтіндері мен жеткізуші тұлғалардың есімдерін сұрай бастайды. Олардың барлығына Имам Бұхари білмеймін деп жауап береді. Жиналған қауым аң-таң Имамның жүзіне қарап оның білім дәрежесінен күмәндана бастайды.
Сол уақытта Имам орнынан тұрып:
– Сіздер сұрақтарыңызды толық қойып болсын деп үнсіз білмейтін сыңай танытып отырдым. Алайда, бұл хадистің мәтіні мен жеткізуші тұлғасы мынау, деп 10 адамның хадистерінің барлығын орын ауысқан мәтіндері мен жеткізушілердің есімдерін нақты-нақты орындарына қойып айтып берген екен. Сол күннен бастап Имам Бұхаридің даңқы көтеріліп, Бағдат қаласы тұрғындары арасында ерекше орынға ие болған еді.
Жалғас АСХАТҰЛЫ – Дінтанушы