«Терроршыл топтың қатыгездігінен, қанқұмарлығы мен әділетсіздігінен қатты шошыдым» дейді Фаррух. Отбасындағы қиындықтарға байланысты еліне қайтуға рұқсат сұрағанымен, «Ислам мемлекетінің» басшылығы оның өтінішіне құлақ аспапты. Содан кейін ол басын бәйгеге тігіп, Сириядағы Ракка қаласынан елге қарай қашып шыққан.
Залға жиналған қауымға Фаррух Шарифовты Тәжікстан ішкі істер министрі Рамазон Рахимзоданың өзі таныстырды. Түркия жеріне өткен жігіттің еліне қайтып оралуына Тәжікстан өкіметі көмектескен. Министрдің айтуынша, Фаррух Шарифов амнистияға ілігіп, бейбіт өмірге қайтып оралған, ал құқық қорғау қызметкерлері оны қорғауға алыпты.
«БАС КЕСУ»
Фаррух Шарифов содырлардың «хавориждер» деп атағандардың басын кескенін өз көзімен көргенін айтады.
«Хавориждер» – мұсылман дінінен бас тартқандарға қатысты қолданылатын діни термин.
Фаррух Шарифов Ракка қаласында 27 адаммен бірге тұрғанын, олардың арасында бір тәжік және бір дағыстандық болғанын айтты. Сол аралықта «ИМ» содырларының 3-4 әзербайжандық «жиһадшының» басын кескеніне куә болған.
Жігіттің айтуынша, «ИМ» жендеттері «Алланың атына жаман сөз айтты» деп өсектегендердің сөзіне сеніп, ешқандай тергеу жүргізбестен адамның басын ала береді екен. Орыс және араб тілдерін білетін Фаррух Шарифов «Ислам мемлекеті» содырларының ислам құқығын аяққа таптап отырғанына көз жеткізіпті.
«Оларға «бұл Ислам мемлекеті емес, жауыздық пен деспотия мемлекеті» деп айттым» дейді тәжік жігіті.
Ешқандай сотсыз жұрттың басын алып жатқандарды, «Ислам мемлекеті» содырларының қатыгездігін, тәжік әйелдерінің саудаға салынып жатқанын көріп ол қашуға бел буыпты.
«Олар әйелдерді күң ретінде төсекте пайдаланады, жалығып кеткен жағдайда «бауырларына» сыйлай салады. «Жиһадшылардың» өздері өлген соң әйелдері басқа содырлардың меншігіне өтеді» дейді Фаррух Шарифов.
ҚАШУ ЖОСПАРЫ
Тәжік жігіті Сирия жерінен қалай қашып шыққанын да айтып берді. Сирияға келе салысымен содырлар оның құжаттарын өртеп жіберіпті. Содан соң анасына хабарласып, елде қалған қызыл тәжік паспортын салып жіберуді өтінген. Ол тіпті түрік өкіметінің өзін елге депортациялауына да қарсы болмаған.
Ракка қаласынан Түркия шекарасына дейінгі жолды жүріп өту оған тым қиынға соғады. Жолда «ИМ» өткізу пункттері қаптап тұр, оның үстіне олар жерді де миналап тастаған. Қасында бірге жатқан тәжік жігіт оған көмектесуден бас тартыпты, ал дағыстандық жолдасы болса, оны Стамбұлға дейін мотоциклмен апарып тастауға келісіпті. Арабтардың бірі Түркияға апаратын қауіпсіз жолдың сызбасын беріпті.
«ИМ» содырлары тәртіпке бағынбағандарды аяусыз жазалайды екен.
«Оларды маска киген, автомат ұстанған адамдар алып кетеді, ары қарай не істейтіндері белгісіз» дейді Фаррух Шарифов.
«Ислам мемлекеті» тобының содырлары оның көз алдында бірнеше адамның басын кесіп тастапты. Ол адамдардың не жазығы болғанын ешкім түсіндіріп айтып бере алмаған.
Оның айтуынша, содырлар «Алланың атына жаман сөздер айтты, күрдтердің жансызы болды» деген өсек сөзге бола әзербайжандық 3-4 «жиһадшының» басын алған.
Содырлар тіпті Ислам дініндегі ұлы тұлғалардың бірі, ханафи мәзхабының негізін қалаушы Әбу Ханифа имамды «діннен безген» хавориж деп атаған.
«АДАСУ»
Фаррух Шарифов содырлардың құрығына қалай түсіп қалғанын да айтып берді. Әйелімен ажырасып кеткен соң ол «Одноклассники» сайтында ресейлік қызбен танысады. Әлгі қыз оны алдымен Мәскеуге шақырып, сол жерден Түркияға аттандырады. Ақпарат құралдарының мәліметтеріне сенсек, 300-ге жуық тәжік азаматы Сирия мен Ирактағы «Ислам мемлекеті» тобына қосылған. Солардың 50-ге жуығы қаза тапқан.
Тәжікстан ішкі істер министрі Рамазон Рахимзоданың айтуынша, Сирияға соғысқа аттанғандардың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта Сирияда 40 тәжік отбасы тұрып жатыр екен. Тәжік құқық қорғаушылары ресейлік әріптестерімен бірлесіп жастарды Сирия мен Иракқа соғысқа жіберумен айналысып келген бірнеше адамды құрықтаған. Бұған қатысы бар бірнеше адам Тәжікстанда да ұсталды дейді министр.
Тәжікстан азаматтарының Сириядағы соғыстан оралуы туралы ақпараттар бұрын да болған. Өткен аптада ғана Сириядағы «жиһадтан» көңілі қалып, Түркия арқылы елінде қайтуға өтініш білдірген тәжік жігіті туралы айтылған. Десе де, Фаррух Шарифов – Сириядағы соғыстан аман-есен оралып, адасқанын мойындап, жұрт алдында ағынан жарылып отырған бірінші адам.
(Азаттықтың Тәжік қызметінің мақаласы)
azattyq.org