Бүгін елордасы Нұр-Сұлтанда ІІІ Республикалық имамдар форумы өтті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған, 500 имамның басы қосылған форум жұмысы Құран аяттарын оқумен басталды.
Алғаш болып сөз алған ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың форум қатысушыларына жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
«Баршаңызды игі дәстүрге айналған Имамдар форумының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Парасаттылық, отансүйгіштік, адамгершілік қасиеттерін халықтың санасына сіңіру – сауабы мол абыройлы миссия. Ислам дінінің осындай ізгі құндылықтары еліміздегі мұсылмандар қауымын біріктіріп, ынтымағын арттырып отыр.
Осы орайда, имамдарымыз халық арасында рухани-ағартушылық жұмыстарын ұдайы жүргізіп, жас ұрпақтың бойына имандылықты дарытуға атсалысуы маңызды. Бұл жиын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысына және еліміздегі дін өкілдерінің рухани бастамаларына тың серпін береді деп сенемін.
Форум жұмысына сәттілік тілеймін!» – делінген Президент құттықтауында.
Ал Ерлан Қошанов болса: «Бүгінгі мешіт имамдарының халық арасында жүргізетін ауқымды істері Қазақстан мұсылмандарының рухани сұранысына қалтқысыз қызмет етудің жарқын көрінісіне айналды. Сонымен қатар, қоғамдағы бірлік пен келісімді, татулық пен бейбітшілікті нығайтуға да аянбай үлестерін қосуда» – деп республика имамдарына ризашылығын білдірді.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Үкімет басшысының орынбасары:
«Қай қоғамда болмасын тұрақтылық, бірлік, имандылық болмаса ол жерде ешқандай даму болмайды. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдардың басын жиып, рухани құндылықтар туралы мәселені талқылауы – өте орынды бастама. Бұл бастамаларыңызға сәттілік, жеміс тілеймін. Расында, қоғамда дін қызметкерінің орны ерекше. Сіздер адам баласы дүние есігін ашқан сәттен бастап, дүние салған сәтке дейін діни рәсімдерді атқарып бересіздер».
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
«Бізде тарихи тұрғыда қалыптасқан ислам діні біркелкілігімен, төзімділігімен және дәстүрімізбен астасып жатуымен ерекшеленеді. Алайда бүгін де, өкінішке қарай, кейбір жекелеген адамдар діннің атын жамылып, экстремизм мен терроризмді, діни фанатизмді насихаттап жүр. Олар қазақ жеріндегі сан ғасырлық тарихы бар исламды, бабаларымыз әл-Фараби мен Жүсіп Баласағұн, Абай мен Шәкәрім дәріптеген дәстүрлі дінімізден сырт айналып, деструктивті діни ағымдардың жетегінде кетті.
Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы алдында аса маңызды, жауапты жұмыс тұр. Ол – еліміздегі мұсылман үмбетін қолда бар «алтынымыздың» қадірін білуге, оны қастерлеуге шақыру, бабалар мұрасы – асыл дінімізді көздің қарашығындай сақтауға үйрету. Оған қоса, ислам дінін ұстанушы азаматтарымыздың діни білімін арттырып, ғаламдық сұраныстарға лайықты жауап бере алатын «сапалы үмбет» тәрбиелеу де кезек күттірмейтін шаруа. Осы мақсатта біздер нақты жұмыстарды бастадық. Бүгінгі форумда қабылданатын «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани тұғырнамасы атты құжат – халқымыздың ұлттық рухани мұрасы мен құндылығын жаңғыртып, бұқараға кеңінен насихаттауға арналған».
Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти:
«Психологияда «ынсапсыз менталитет» деген тұжырым бар. Бұл – өмірдегі сәтсіздіктерді өзгеден көру деген ұғымға саяды. Айналадағы адамдардың ғибратты ғұмырынан шабыт ала білетін кісіде «парасатты ойлау» психологиясы қалыптасады.
Бейнелеп айтқанда, біреудің мерейі тасып жатқанда, жігері құм болып, сергелдеңге әсте түспейді. Оны «неге?» деген сауалдан бұрын «неге болмасқа?» деген ойлар үмітіне қанат бітіреді.
Өмірдегі сынақты сабырлыққа жеңдірген жан парасат биігінде қала бермек. Рухани жан-дүниесі бай адам осы жолды таңдайды.
Қоғамда көрініс тапқан мәселелер – отбасылық келеңсіздіктер, оның ішінде ажырасу оқиғалары, суицид, біреудің арын таптау, ұрлық, зорлық-зомбылық, т.б. Осындай күрделі мәселелерді шешудің бір ғана қуатты жолы – рухы биік сананың қалыптасуы деп атар едім. Сана түзелсе – адам түзеледі. Адам түзелсе – қоғам түзеледі. Рухы биік сана – барша жамандықтың қалқаны. Біз осы бағытта жұдырықтай жұмылып, көбірек жұмыс істеуіміз керек».
Бұған дейін хабарланғандай, ІІІ Республикалық имамдар форумында бірқатар маңызды құжаттар қабылданды. Атай кетсек, «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани тұғырнамасы, «ҚМДБ атқаратын діни рәсімдер тізілімі» және «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі» атты құжаттар көпшілікке таныстырылып, қатысушылар тарапынан қолдау тапты.