Иғтикаф араб тілінде – «бір жерде күту», «орнында тұру» және «өзін сол жерге қамау» деген мағынада қолданылады. Ислам құқығының терминологиясында ақыл есі толық және өз еркімен амал етуге қауқарлы мұсылман, бес уақыт намаз оқылатын бір мешітте, Аллаға ғибадат ету мақсатында белгілі бір уақыт шықпай отыруына айтылады.
Иғтикаф жайында қасиетті қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың хадистерінде де айтылған. Құран Кәрімде «Бақара» сүресінің 187-аятында «…Мешіттерде иғтикафта болған уақыттарыңда, некелі жарларыңа жақындамаңдар…» деп бұйырады.
Сонымен қатар, «Бақара» сүресінің 125-аятында, Мұхаммед (с.ғ.с) алдыңғы пайғамбарлардың үмметтері де бұл амалды орындағаны туралы айтылады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) иғтикафты Рамазан айында және осы айдың соңғы он күндігінде орындағаны туралы көптеген хадистерде айтылған.
Хз. Айша анамыз иғтикаф жайында былай деп айтады: «Расуллаһ (с.ғ.с) Рамазанның соңғы он күнінде иғтикаф жасайтын. Бұл жағдай бақилық болғанға дейін жалғасты. Осыдан кейін де Пайғамбарымыздың жұбайлары иғтикафқа жалғастырған» [Ахмет бин Хамбел, Мүснет ІІ-баб, 67-хадис].
Әбу Ханифа мәзһабында иғтикаф, бес уақыт намаз оқылатын барлық мешіттерде орындалуы – жайыз (рұқсат етілген). Әбу Ханифа және Имам Мәліктің пікірінше иғтикаф нәпіл (орындап, орындамауы еркінде болған) амал және иғтикафқа кірем деген адам, ең аз дегенде бір күн (24 сағат) болуын шарт қосқан.
Мешіттерде иғтикаф тек ер кісілер ғана орындай алады. Әйел адамдар үйлерінде намаз оқитын бөлмелерін мешіт ретінде пайдаланып, сол жерде иғтикафка кіре алады.
Иғтикафтың түрлері:
- Уәжіп болған иғтикаф: Иғтикаф жасауға ант еткен адам, ең аз бір күн мен күндізін оразамен иғтикафка кіруі міндеттелген. Хз. Омар Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с) «Бұрынырақта әл-Харам мешітінде бір түн иғтикаф етуге ант еткен едім, не істеуім керек?» деп сұрады. Пайғамбарымыз да «Антыңды орында» деп бұйырған. [Бұхари, Иғтикаф бабы, 16-хадис; Ахмет бин Хамбел 11-баб, 10-хадис]
- Сүннет болған иғтикаф: Рамазан айының соңғы он күнінде иғтикафка кіру сүннет амалы болып саналады. Хз. Айша анамыздан риуаят етілген бір хадисте: Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) оразаның парыз болуымен өмірінің соңына дейін, Рамазан айының соңғы он күнінде иғтикафқа кірген. [Ахмет бин Хамбел ІІ-баб, 67 және 129 хадистер]. Бір аймақта шоғырланған мұсылмандардан біреуі осы сүннетті орындаса, басқаларынан бұл амалды орындау міндеттелмейді. Осы себептенде, иғтикаф мұсылмандардың шоғырланған жерлеріне қарай сүннеті кифая үкімінде болады. Бір аймақта бір мұсылманның орындауы, басқа мұсылмандарға бұл амал міндеттелмейді. Рақымы мен рахметі мол Раббымыздың иғтикафка кірген мұсылманның алған сауабынан басқаларына да жазатынына үміт етіледі.
- Мұстахап болған иғтикаф: Уәжіп және сүннет болған иғтикафтардан басқа уақытта иғтикафқа кірген мұсылманның иғтикафына айтылады. Мұстахап болған иғтикафтың белгілі бір уақыты жоқ. Мешітке кірген мұсылман шыққанға дейін иғтикафқа ниет ететін болса, мешіт ішінде өткізген уақытына қарай сауап алады. Сонымен қатар бұл иғтикафта ораза ұстау шарт емес және көптеген ғұламалардың пікірінше, бір сағат болуыда мүмкін деген.
Иғтикафтың шарттары
- Ниет: Ниетсіз иғтикаф болмайды. Өтелуі қажет болған иғтикафта ниетті тілмен айту қажет.
- Мешіт: Ер кісілердің иғтикафқа кіретін жеті, бес уақыт намаз оқылған мешіт болуы шар. Иғтикафтың ең абзалы әл-Харам мешітінде, кейін Мешіт Нәуәуида, кейін әл-Ақса мешітінде болғандар. Басқа мешіттегілер болса, жамағаттың көптігіне қарайды.
- Ораза: Уәжіп болған иғтикафта ораза ұстау шарт. Ал, сүннет болған иғтикаф Рамазан айында болғаны үшін ораза шарты бар.
- Тазалық: Әйел кісілердің етеккірден және хайыздан таза болуы қажет. Жүніп болу оразаны бұзбайтынындай, иғтикафты да бұзбайды. Иғтикафқа кірген адам, мешіт ішінде жүніп болған жағдайда, сыртқа шығып ғұсыл дәретін алып, иғтикафын жалғастырады.
- Балиғат жасына кіру шарт емес. Ақыл есі дұрыс және еркек пен әйелді ажырата алатын, сондай-ақ өз еркімен сауда жасауға қауқарлы болуы жеткілікті.
- Әйел кісілердің иғтикафқа кіруі үшін ерінен рұқсат алуы шарт.
Иғтикаф жасаған мұсылман адам боғауыз және жаман сөз айтпауы, Рамазанның соңғы он күнінде жамағаты көп мешітті таңдауы абзал. Сондай-ақ, иғтиқаф уақытында Алланы зікір ету, Құран Кәрім және Пайғамбарымыздың хадистерін оқу, ғибадатпен өткізу, таза киім кию және жұпар иіс сулар қолдану иғтикафтың әдептеріне жатады.
Иғтикафты бұзатын амалдар
- Жыныстық қатынаста болу: Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің, 187-аятында: «Мешітте иғтикафка кірген кездеріңде, жұбайларыңа жақындамаңдар» деп бұйырған. Сүю және құшақтау сынды әрекеттер де, ұрық немесе ұрыққа ұқсас сұйықтық шығатын болса, иғтикаф бұзылады.
- Ешқандай мұқтаждық болмай мешіттен шығатын болса бұзылады.
- Талып қалу, есін жоғалту сынды әрекеттерде бұзылады.
Иғтикаф жасаған бір мұсылман, мешітте тек діни мұқтаждығы үшін шыға алады. Сонымен қатар, иғтикафка кірген мешітінде жұма намазы оқылмайтын болса, екінші мешітке барып жұма намазын оқуына рұқсат етілген. Кіші және үлкен дәреті үшін мешіттен шығуына да болады. Мешіттен мәжбүрлеп шығарылуы және өзінің немесе мүлкінің қорғау мақсатында басқа мешітке ауысса, иғтикаф бұзылмайды. Басқа себептерден мешіттің сыртына шығатын болса, иғтикафы бұзылады. Сондай-ақ, иғтикаф жасаған мұсылманның жеп-ішуі, ұйықтауы және басқа да керекті затты сатып алуы сол мешіттің ішінде болуы шарт.
Исатай Бердалиев
Пайдаланған әдебиеттер
- Әбу Абдуллах Мухаммад б. Исмайл б. Ибрахим әл-Жуфи әл-Бұхари (ө. 256/870), Жәми у-Сахих, «Иғтикаф» бабы, 16-хадис.
- Әбу Абдуллах Ахмад б. Мухаммад б. Ханбәл әш-Шайбани әл-Мәруази (ө. 241/855), Муснет 11-баб, 10-хадис.
- Әз-Захаби, Тәжриди Сарих, Аударған Камил Мирас, Анкара 1984, VI-том, 323-326 беттер.
- Ибн Абидин, Реддул Мухтар, Ыстамбул 1984, II-том, 440-бет.
- Әз-Зәбиди, Реддул Мухтар, VI-том, 323-бет.
- Мехмет Зихни, Ниғмет ислам, Ыстамбул 1328, 98-бет.