Дүйім елді дүбірге бөлеген V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары да өз мәресіне жетті. Мемлекетіміздің мерейін асырған жаһандық жарысқа әлемнің танымал блогерлері ат басын бұрғаны белгілі. Соның ішінде өздерінің «дөңгелекті үйі» – автобуспен атажұртына қарай арнайы сапарға шыққан түрік отбасы көптің назарын аударды.
Біз бұған дейін ағаш ұстасы Бурак Дуран мен психолог Идил Салиха есімді ерлі-зайыптының екі жасар ұлдары Гюнеш Кутлуханмен бірге Анкара қаласынан шығып, 5400 шақырым жол жүріп, Дүниежүзілік көшпелілер ойындары қарсаңында елордамызға келгенін жаздық. Ойындар біткен күні Идил Салихаға арнайы жолығып, көшпелілер ойындарынан, еліміз бен астанамыздан алған әсерін біліп, шағын «кетераяқ сұхбат» жасаған едік.
– Ең бірінші сұрағым, отағасы Бурак екеуіңіз бұрыннан сахатшысыздар ма? Әлде көшпелілер ойындары болатынын естіп, алғаш рет осы сапарға шықтыңыздар ма?
– Біздің отбасын құрғанымызға 7 жыл болды. Сол кезден бері саяхатшымыз. Ең алдымен Түркияның ішінен, нақтырақ айтқанда Танту қаласынан бастадық. Еліміздің барлық өңірін араладық. Ал 10 ай бұрын Ыстанбұлдағы үйімізді саттық та, осы автобусымызбен «көшпелі» өмір салтына түбегейлі бет бұрдық. Қазір бұл іздің көлігіміз ғана емес, сонымен қатар тұратын үйіміз. Оның атын да «Көшпелі» деп қойғанбыз.
Қазақстанда Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтетінін естігенде «Неге атажұртымызға арнайы бармасқа?» деген ой келді. Үш ай бойы автобусты алыс жолға дайындап, «Қазақстан қайдасың» деп тартып отырдық. Жолай Грузия, Әзербайжан, Каспий теңізі арқылы өтіп, сондай-ақ Қазақстанның бірқатар өңірін артқа тастап әсем астаналарыңызға келдік. Бұл сіздердің елдеріңізге бірінші рет табан тіреуіміз және Түркиядан сырт жерге де тұңғыш рет саяхатқа шығуымыз.
– Міне, көптен күткен, дүйім дүние көз тіккен ойындар да мәресіне жетті. Жалпы осы ойындардан, біздің еліміз бен Астанамыздан қандай әсер алдыңыздар?
– Бұл ойындарды өз көзімізбен көріп, тамашалағанымызға қуаныштымыз. Шын мәнінде өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шара болды. Бұл біз үшін тек көңіл көтеру емес, сонымен бірге өте пайдалы уақыт болды. Өйткені әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдармен таныстық. Олардың мәдениетін, салт-дәстүрін жақыннан білуге мүмкіндік алдық. Мұның өзі үлкен өмір мектебі. Себебі басқа ұлттың, елдің адамдарымен араласқан сайын сенің де дүниетанымың кеңейе береді.
Сонымен бірге, осы ойындарды жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізген, өз жерінде намысты қолдан бермей, ең көп медальді жеңіп алған Қазақ елін толағай жетістігімен құттықтағымыз келеді.
– Қазақстанға келер алдында біздің еліміз туралы қандай ойда болдыңыздар және келгеннен кейін өздеріңіз ойлағандай елді көре алдыңыздар ма?
– Қазақстан – бүкіл түркі жұртының атамекені. Ал менің анамның ұлты – қырғыз. Ол 1954 жылы отбасымен Түркияға көшіп келген. Әкем болса, Қазан татары. Ол да сол уақыттарда Түркияға көшіп, тұрақтап қалған. Сондықтан мен өзім түрік елінде туып-өскеніммен, Орта Азияның мәдениеті маған ешқандай алыс емес. Ата-анам арқылы бұл жақтың дәстүрлерін, менталитетін жақсы білемін. Содан да шығар, Қазақстанға келе жатқанда алдымнан қандай ел шығатынын білдім және өзімді ешқандай да бөтен сезінген жоқпын. Бейне бір өзімнің туған еліме қайтып келген сияқты болдым.
Жолдасым Бурак – Түркияның Қара теңіз аймағынан. Ұлты түрік болғанымен, ол да бұл жақта өзін жат сезінген жоқ. Өйткені Қазақстанның адамдарының бәрі қонақжай екен. Қай жерге тоқтасақ та, бізді бөтенсітпеді. Жалпы тек Қазақстанда емес, осы сапар барысында барған өзге де бауырлас елдерде жақсы қарсы алды. Мысалы біз келе жатқанда Әзербайжан шекарасы жабық тұр екен. Алайда арнайы бізді өткізу үшін шекараны ашты.
Бірақ Қазақстанның қонақжайлығы бөлек. Алғаш келген күннен қай өңірде болсақ та жергілікті әкімдіктің адамдарды біздің асты-үстімізге түсіп, жылы қабылдады. Әр қалаға кірген сайын олар бізді күтіп алып, қонақ қылды. Соның бәрін көргенде өзімді бақытты сезіндім. Әрбір елді мекенде жергілікті тұрғындар да көптеп жиналып, күтіп алып, қонақжайлық көрсетті. Қай жерде де өзімізді бір фестивальде жүргендей сезіндік. Қазақстаннан осындай керемет көңіл күймен кетіп барамыз.
– Иә, біздің қонаққа деген құрметіміз айрықша. Алайда ауа райымыз бен жолдарымыз жақсы қарсы алды ма?
– Біз Ақтаудан шыққаннан кейін ауа райы салқындай бастады. Ал жолдар кейбір жерде өте нашар болғаны рас. Соның салдарынан автобусымыз да арасында бұзылды. Ондай кезде жергілікті адамдар көлігімізді жөндеуге көмектесті. Бізді жолда қалдырмай, қол ұшын созған жандардың бәріне алғысымыз шексіз. Менің ойымша, сіздердің елдеріңіздің табиғаты өте әдемі. Егер жолдарды жақсылап жөндейтін болса, туризмді дамытуға керемет мүмкіндіктеріңіз бар.
– Көшпелілер ойындары аясындағы жарыстарды тамашалаған шығарсыздар. Өзіңізге қай ойын ең қатты ұнады?
– Көк бөрү ұнады. Себебі бұл ойында тек адамдар емес, жылқылар да жеңіске жету үшін көп әрекет жасап, күш жұмсайды. Бұл көріністі қарап тұрып кейде денең мұздайды, кейде делебең қозғады. Жылқылар кеуделерімен бір-бірін соғып, итерісіп, арасында адамдар жерге ұшып түсіп жатты. Соған қарамстан спортшылардың жеңіске деген ұмтылыстары тәнті етті. Бұл ойын осындай энергетикасымен есте қалды.
– Ертең жолға шығасыздар. Енді Түркияға қайтасыздар ма?
– Жоқ, біз Қазақстанның өзге де өңірлерін аралаймыз. Атап айтқанда, Түркістан, Алматы қалаларына барғымыз келеді. Одан әрі менің анамның туған жері – Қырғызстанға соқпақ ойымыз бар.
– Рахмет! Жолдарыңыз болсын!
Сұхбаттасқан – Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ