Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі соңғы жылдары «Ясауи ізімен» атты ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырып, хазірет мұраларына қатысты деректер жинақтауда. Жуықта осы мақсатпен Көкшетау қаласына ат басын бұрған топ облыстық Әдебиет және өнер музейі қорында сақтаулы тұрған «Диуани хикмет» кітабының қолжазба көшірмесімен танысты.
Бұл кітап шамамен XVI-XVII ғасырлар аралығында Бұхар қағазына түсірілген. Кітап орта ғасырлық жазба-әдеби тілдің шағатай нұсқасы – қыпшақ диалектісінде жазылған. Мұра тілі қазіргі қазақтың әдеби-жазба тіліне өте жақын. Бұған дейін белгілі болған нұсқалар ежелгі оғыз диалектісі, яғни қазіргі өзбек тіліне жақын жазылған.
Музейдегі қолжазба нұсқа сирек кездесетін үлгі. 90 беттен тұратын қолжазбаны толық аударған жағдайда бұрынғы мәлім болған 3 нұсқамен салыстырулардың нәтижесінде транскрипциялық, мәтіндік, көркем поэтикалық үлкен айырмашылықтың, өзгешеліктің бетін ашуға болады және бұл қолжазба қазақ әдебиеті үшін де, тіл тарихы үшін де, ежелгі діни-философия үшін де теңдессіз құнды, маңызды рухани мұра.
«Қолжазбаны мұражайға жергілікті тұрғындардың бірі тапсырса керек. Көшірменің қашан, қай жерде, кімнің қолымен жазылғаны туралы нақты дерек жоқ, бас-аяғы жыртылған, сақталуы аса жақсы емес, тым ескі қолжазба екені белгілі. Сыртқы бетінде «Бекмұхаммет Ахметұлы» (Бекмағамбет болуы да мүмкін) деген адамның аты жазылған. Соның аяқ жағында «иесі Молла Бекмұхамет» деген сөз бар. Бұл адам хикметтерді көшіріп жазушы ма? Қолжазбаны сақтаушы ма? Ол жағы анық емес. Мұражай директоры Нұрбек Нұралин: «Бұл қолжазбаны Көкшетауға Оңтүстік жақтан Сарғалдақ қожа деген кісі әкеліп, Сарғалдақ қожаның қызы Айғанымның қолында сақталған болуы мүмкін» деген болжам айтады. Ондай болжам жасауға қолжазбаның Ғ.Мүсірепов (Рузаевка) ауданынан табылғаны себеп болған сияқты. Мүсірепов ауылында Абылай заманынан бері қожалар мекендеген екен. Бұхардан оқыған ғұлама Сарғалдақ қожаның ұрпақтары кейінге дейін сонда болыпты. Сарғалдақ қожаның өзі Қожа Ахмет Ясауидің туған інісі Садыр шайхтың ұрпағы дейді. Шоқанның әжесі Айғаным осы Сарғалдақ қожаның қызы екен», дейді зерттеуші Иманғазы Нұрахметұлы.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ