«Хикмет» деген сөзден бірден ұлы ақын Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикмет» атты ізгілік идеясын жыр еткен, этикалық–дидактикалық мазмұндағы әдеби шығармасы ойға оралады.
Өйткені, түркі тілдері, оның ішінде қазақ тіліндегі бастауын құраннан алатын бұл ұғымның тамыр жаюында осы шығарма тұр десек те артық емес. Бұл өз-өзінен сонау Адам атадан жеткен рухани үрдіс болғанымен, Яссауидің оны басқаша халықтық формаға салып, жаңа жанр ретінде хикмет-өлең дәстүрін қалыптастырғаны белгілі, яки филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызының «Диуани хикмет» шығармасының атауы жайында» атты мақаласында атап өткеніндей, «түркі әдебиетінде хикмет ілімін алғашқы болып поэзия тілімен өрнектеген Қожа Ахмет Яссауи» [1] екені де даусыз.
Бірақ бұл жердегі халық үшін үлкен құндылыққа айналған «хикмет» ұғымының экзистенциясы сол, хәл ілімінің Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардан Яссауиге аманат құрма арқылы символды түрде ұласқандығы деп ойлаймыз. Мұны кеңінен тарқату үшін «Яссауи феномені» кітабын парақтаған дұрыс. Оның алғысөзінде яcсауитанушы ғалым Досай Кенжетай: «Яссауи хикметте адамның ішкі сезімін, рухани дүниесін ғана емес, заман келбетін де дәл берген. Ол барша адамның мінін жойып, кемел адам сомдауға талпынды. Тоқырауға айналған түркі халықтарының мәдениетінің көкжиегін кеңейтті. Көне түркілік дүниетанымды Ислам қағидаларымен байытып, мүлде жаңа өркениетке жетеледі» [2] деп пікір білдірген.
Ұлы ұстаз Арыстан бабтың бала Ахметпен кездескен сәті туралы аңыздың бірінде де былай толғанады: «Балам, атың – Ахмет екен, ішің тола хикмет екен, аш аузыңды!» дегенде, жеті жасар бала жалт қарап, аузын ашқанда, құрма ұшып барып баланың аузына кірді. Бала ұршықтай ширатылып, хикмет айта бастайды»[3].
Осы орайда А.Әбдірәсілқызының бұл туралы: «Өз туындысын «Бисмиллаһ деп баяндайын хикмет айтып» деп бастаған Ясауи хикметтердің Алла әмірімен келген ілім, Тәңірлік шабыттан туындаған жырлар екенін «Хикмет айт» деп Субхан айтты, шешен болдым», «Менің хикметтерім Алладан пәрмен», «Менің хикметтерім Алладан нығмет», «Құдайдың сөзінен шыққан бұл хикмет» секілді жолдармен үнемі еске салып отырады. «Диуани хикметке» дейінгі ежелгі түркі әдебиетінің бізге мәлім поэзиялық туындыларында «хикмет» ұғымы кездеспейді әрі ешқандай автор өз шығармасына қатысты «хикмет» атауын қолданбаған.
Мұның өзі сол тұста түркілерге хикмет ілімі жақсы таныс болғанымен, оның қыр-сырын жетік меңгеріп, талғампаз поэзия талабына сәйкестендіріп, дербес жанр дәрежесіне көтеретін, ислами ұғымдар тұрақтанбаған түркі тілінде шеберлікпен жырлап жеткізуге қабілетті тұлғаның тарих сахнасына шыға қоймағанын аңғартады. Өз кезегінде бұл тарихи міндет сопылық ілімі кемел, ақындық дарыны қуатты, дәуір талабын, қоғам сұранысын терең сезінген, заман мен адам алдындағы жауапкершілік жүгін алғашқы болып арқалаған отаншыл, ойшыл ақын Қожа Ахмет Яссауидің еншісіне бұйырды» [1] дегенін назарға алған жөн.
Әрине, біз мұнда «хикмет» жанрының әдебиеттегі айшықтарын талқыламақ емеспіз. Бізге керегі бұл сөздің халық ділі мен қоғамдық санадағы айнасы, этимологиялық қыры. Жасыратыны жоқ, жалпылама түсінікте оны қалың көпшілік «Жаратқанның барлық құбылысты асқан дәлдікпен, даналықпен жасайтын құпиясы, беймағлұм сыры, қандай да бір мағынаға ие ретімен, артық-кемсіз жасалатын ғажайып ісі» деген мағыналарда ұғынып жүр. Яғни, Алланың әр ісінде хикмет бар!
Дана Абайша айтсақ, белгілі, құдай тағала ешбір нәрсені хикметсіз жаратпады, ешбір нәрсеге хикметсіз тәклиф қылмады. Бәрінің хикметі бар, бәрінің себебі бар, біздің ғауам былай тұрсын, ғылымға махаббаты барларға себеп, парыздарды білмекке ижтиһад ләзім, сіздер әрбір ғамал қылсаңыз ізгілік деп қыласыз, ізгілікке бола қасд етіп, ниет етесіз (38-қара сөз).
Өз кезегінде, Д.Кенжетай: «Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы» атты еңбегінде аталмыш ұғымның мәнін: «Хикмет» сөзі (арабша) тілдік тұрғыдан алғанымызда «ақыл», «парасатты сөз», «дін ілімі», «ең шынайы ілім арқылы ең шынайы болмысты (Тәңірді) тану» деген мағыналарды білдіреді…
Сонымен қатар хикмет – Құранның мазмұны мен мәні, яғни Құдайлық аянның өзегі болып табылады» [4] деп тарқатады. Яғни, хикмет – Алладан берілген ілім, адамның өзін тану арқылы Алланы тану ілімі. Рухты кемелдендіру арқылы болмыстың бірлігін түйсіну, жаратылыс сырларын ұғыну, Жаратушының хикметін сезіну ілімі [5].
Міне, дәл осы жерде Алла ишарасын жазбай тани алатын Хакімдіктің бой көрсететінін байқаймыз. Дінтанушы Құдайберді Бағашар «Хикмет не, хәкім кім?» атты мақаласында: «Хикмет – кең ұғымды білдіретін сөздердің бірі» дей келе, «Ғалымдардың айтуынша, хикмет сөзі Құранда 4 мағынада кездеседі» деп тұжырымдайды. Олар:
- «Aллаһ Дәуітке билік пен хикмет берді»деген аятта хикмет сөзі «пайғамбарлық» деген мағынада айтылады («Бақара» сүресі, 251).
- «Кітап пен хикметті оларға үйретеді»деген аятта кітап деп – Құран, ал хикмет деп сүннет айтылған (Али Имран, 164).
- «Аллаһтың өздеріңдегі нығметі мен сендерді тура жолға шақыру үшін түсірген кітабы (Құран) мен хикметті ойлаңдар» деген аятта насихат, кеңес мағынасын беруде («Бақара»сүресі, 231).
- «Біз Лұқпанға шүкір етсін деп хикмет бердік» деген аятта даналық пен ілім берілгені меңзелген («Лұқман» сүресі, 12) [6].
Бұдан бөлек, ол: «Хикмет сөзі бұдан басқа да ілім, терең түсінік, әділеттілік, түпкі себеп, ойшылдық, ғалам құбылыстарының мәнін түсіндіретін ілім, ал сөзге көп мағына сыйғызатын даналық сөз секілді түрлі мағыналарға келетіндіктен, мұсылман ғалымдар бұл тұрғыда көп пікірлер білдірген. Сол пікірлерді тұжырымдай келгенде мынаны айтуға болады:
«Хикмет – Құран мен сүннетті меңгеру»;
«Пайдалы ілім мен ізгі істер жасау»;
«Жаратылыстың түпкі сырлары мен астарлы ақиқатын ұғыну»;
«Аcтамдыққа я нұқсандыққа бармай, орта жолды ұстана білу»;
«Аллаһтың көркем есімдерінің мәнін түсіну»;
«Ғаламды дұрыс зерделей білу»;
«Ілім мен амалды қатар алып жүру»;
«Жақсылықты насихаттау, теріс жолға қадам баспау»,
«Адам, ғалам және Құран арасындағы байланысты түсіне білу» т.б» [6], – деген.
Енді осы жерде бір сұрақ: түркі мұсылман жұртшылығы құдіретке бағдарланған жаралыс сырын ұғынуда неліктен «хикмет» сөзіне әуес? Мұның жауабын тағы да сол Яссауи үлгісіне қатысты «Ясауи феномені» атты еңбектен табамыз. Бірақ ол жерде сауал басқаша қойылған, дегенмен, жауабы дөп келеді: ««Қожа Ахмет Құранды жырлап, Исламды үйретсе неліктен еңбегін «Диуани хикмет» деп атаған?».
Расында түркінің ұстазы хикмет сөзін неге көп қолданады? Мағынасы не? Бұл термин «хукм» сөзінен шығады. Үкім ету, түзету, жақсарту мақсатында тыйым салу дегенді білдіреді. Ислам келгесін оған әр нәрсені лайықты қолдану, істің көзін табу, әр затты орнымен пайдалану деген қосымша мағына үстелді. Ал діни терминалогияда «хикмет» термині «таным қабілетің жеткенше құбылыс пен оқиғаның мәні мен ақиқатын ұғу, әр істі қажетті межеде орындау, сөзді орнымен айту, даналық игеру Алла үкіміндегі ұлық мақсат» деген идеяны берді.
Болмыс атауының түпкі негізіне дейін білуші бір ғана құдірет бар. Ол – Тәңірі! Ендеше нағыз хаким – Ол Алла! Орта ғасырда-ақ Матуруди мектебінің өкілдері Алланың іс-әрекетін Оның хикметіне байлаған. Хақтың әр ісінен кемелдік көруге ұмтылған. Алланың ХАКИМ сипатына басымдылық берген» [2].
Біз бұл жауаптан біріншіден, Алланың көркем есімдерінің бірі – «әл-Хаким» есімінің – «хикмет иесі, бүкіл ісінің хикметі бар», яғни тура мағынасында «Даналық Иесі, қате жасаудан пәк. Қате жасау Оның даңқына келмейді. Ол әр нәрсені өз орнына қояды» деген мағынасын танысақ, екіншіден, «хикмет» сөзінің түпкі мағынасын ғана емес, оның сондай-ақ, «үкімет» сөзімен бір түбірден тарайтынын да көріп отырмыз. Яғни, қазіргі қолданыстағы саяси термин – орысша: «правительство», ағылшынша: «government» сөздерімен мәндес. Бірақ біз одан ешқандай да рухани мән-мағына көріп тұрғанымыз жоқ. Бір сөзден осындай айырма екі сөз шығып тұр. Тіптен, «Үкім» мен «Өкім» сөздерінің де осыдан туындағанын байқаймыз.
Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігінде [7] «Хикмет» араб тілінен енген зат есім ретінде 2 тұрғыда сипатталған. 1. Адамның ақылына қонбайтын ғажайып іс, керемет, сұмдық. 2. Ауыр бейнет, азап. Ал «хикметсіз» формасы: ғажайыпсыз, кереметсіз деген мәнде берілген.
Абылайхан Қалназаров
Мәдениеттанушы-лингвист
Пайдаланылған әдебиеттер:
- А.Әбдірәсілқызы, «Диуани хикмет» шығармасының атауы жайында» мақаласы, Сілтемесі:
- С.Керімбай, Ә.Нәби, М.Төлеген, А.Тасболат. Ясауи феномені. – Алматы: «Орхон» Баспа үйі, – 2017 ж., – 456 б.
- Ясауи тағылымы. Ғылыми мақалалар мен жаңа деректер жинағы. –Түркістан: Мұра, 1996. 125 б. (С.Сапабекұлы)
- Д.Кенжетай, Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы. – Түркістан: Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті, 2004 ж., – 341 б.
- Қожа Ахмет Ясауи. Хикмет жинақ. (Дайын. М.Жармұхамедұлы, М.Шафиғи, С.Дәуітұлы). – Алматы: Жалын, 1998 ж., – 290 б.
- Қ.Бағашар. «Хикмет не, хәкім кім?» атты мақаласы, 03.04.2013 ж., Сілтемесі: .
- 7. Қазақ сөздігі. Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігі. Құраст.: Н. Уәли, Ш. Құрманбайұлы, М. Малбақов, Р. Шойбеков және т.б. Алматы, Дәуір баспасы. 2013 ж. 1485 б.
Рахмет. Өте жақсы түсіңдірдіңіз.
Еңбегінізге нұр жаусын.
Алла Тағала разы болсын.