Тараз қаласындағы «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Жамбыл облысының бас имамы, аталған оқу орнының директоры Бейбіт Әліпбекұлы мен ұстаздар қауымы қатысты.
Құттықтау сөз сөйлеген бас имам шәкірттерге білімнің маңызы және еліміздегі діни ахуал жайында сөз қозғап, оларды жан-жақты сауатты, ағайынға қамқор, елге тұтқа болатын, білікті болуға шақырды. Ал, ұстаздар білімнің маңызы мен оның жемісі жайлы тілге тиек етіп, маман болып қызмет жасауға сәттілік тіледі.
2011 жылы ашылған «Һибатулла Тарази» медресе-колледжі биыл өзінің оныншы түлектерін ұшырып отыр. Жас мамандардың саны 10 болса, оның 1-і қызылға, 9-ы көк дипломға оқуын тәмәмдады.
Шәкірттердің кейбірі білімдерін ЖОО-да жалғастырмақ, ал қалған шәкірттер мешіттерде имамдық, ұстаздық қызметті қолға алуды мақсат тұтып отыр. Көпшілік ұстаздармен дастархан басында бас қосып, жылы лебіздерін білдіріп, ұстаздарының батасын алды.