Пайғамбар (с.ғ.с.) дүние салған соң, Мәдина қаласы көптеген сахабалар үшін қаңырап қалғандай болды. Бұлардың қатарында азаншы Біләл да бар еді. Біләлді хазіреті Омар (р.а.): «Мырзамызды Әбу Бәкір мырза азат етті», – деп айтар еді.
Исламдағы алғашқы азаншы Біләл хазіреті Әбу Бәкірдің (р.а.) халифалық кезінде жорыққа жіберуін сұранады. Сөйтіп Әбу Бәкірге барып:
– Уа, Алла елшісінің халифасы! Мен пайғамбардың: «Мүминнің ең қайырлы ісі – Алла жолындағы күресі», – дегенін есіттім. Мен де қайтыс болғанша өмірімді Алланың жолына арнап, күрескім келеді, – деп өзінің тілегін айтады.
Әбу Бәкір (р.а.):
– О, Біләл! Егер сен кетсең, онда бізге кім азан шақырады? – дейді. Бұл сөздерді есітіген соң көзіне жас толып:
– Мен, Алла елшісінен кейін ешкімге азан шақыра алмаймын – деді.
Біләлдің алысқа кетуін қаламаған Әбу Бәкір оның кетпеуін өтініп, біраз үгіттейді. Бірақ, оны қанша үгіттегенімен түк шықпайтынын байқайды.
Сонда Біләл:
– Уа, Әбу Бәкір! Рас, сен мені құлдықтан азат еттің. Егер мені өзің үшін азат еткен болсаң, онда мені жібермей қасыңа алып қал. Ал енді Алланың разылығы үшін мені сатып алған болсаң, онда еркіме жібер – дейді табандылық танытып. Осылайша, Біләл Алла жолында күресу үшін Мәдина шаһарынан кетеді.
Әңгімеден алатын пайдалы сабақ:
Мұсылман мұсылман үшін қымбат. Хазіреті Біләлдің Мәдина қаласынан кетуін сахабалардың ешқайсысы қаламады. Әбу Бәкір (р.а.) Біләлдің Мәдинадан кеткісі келетінін естіген уақытта:
– О, Біләл! Егер сен кетсең, онда бізге кім азан шақырады? – деп оны мүмкіндігінше шешімін өзгертуге тырысады. Бұл сөздерді естіген Біләл да көз жастарын тоқтата алмай:
– Мен, Алла елшісінен кейін ешкімге азан шақыра алмаймын – деп жауап береді.
Біләлдің бұлай айтуы, оның Мәдинадағы сахабарларға деген ыстық ықыласын білдіреді. Бірақ, пайғамбардың (с.ғ.с.) жүрген жерімен жүріп, оның орнын жоқтағысы келмеді. Сондықтан, басқа сахабалармен қоштасу қаншалықты қиын болса да, оның пайғамбарға (с.ғ.с.) болған махаббаты Мәдинадан кетуіне мәжбүрледі.
Екінші пайдалы сабақ:
Мұсылмандар бір-біріне бауыр. Алла тағала мұсылманға осылай әмір етеді:
«Шын мәнінде мүміндер туыс. Сондықтан екі туыстарыңның арасын жарастырыңдар және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер» (Әл-Хужурат: 10).
«Олардың жүректеріндегі кекті шығардық. Туыс болып, тақтардың үстінде бір-біріне қарсы отырады» (Әл-Хижр: 47).
Әбу Һурайра (р.а.) осы аятқа қатысты пайғамбардың (с.ғ.с.) төмендегі хадисін жеткізеді:
«Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Сендер бір-бірлеріңе көре алмаушылық жасамаңдар, біріңді-біріңе айдап салмаңдар. Дұшпандық қылмаңдар және біріңе-бірің ашуланбаңдар. Біріңнің үстінен басқаларың келіп сауда жасамаңдар. Алланың құлдары, бауыр болыңдар. Мұсылман –мұсылманның бауыры. Ол оған зұлымдық қылмайды, жәрдемсіз қалдырмайды. Оны алдамайды және жек көрмейді. Тақуалық мына жерде – деп үш мәрте көкірегін көрсетті.
Адам өзінің мұсылман бауырын жек көрсе – жамандық. Әрбір мұсылманның қаны мен малы және ар-ожданы мұсылман үшін – харам», – деп айтты» деген хадисті келтірген. (Мүслим)
Үшінші пайдалы сабақ:
Пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірден өтуі барлық сахабалар үшін орны толмас сынақ болды. Мәдина қаласы қатты қаңырап қалғандай болды. Сахабаларға пайғамбардың (с.ғ.с.) ақылды сөздері, кеңесі, рухани жәрдемі мен демеуі жетіспеді. Тіпті, пайғамбар (с.ғ.с.) дүние салғаннан кейін араб жазирасында әр жерде бүлік басталды. Кейбір тайпалар:
«Мұхаммед өлді, енді Ислам діні ыдырайды. Олай болса зекет бермейміз…» – деген сияқты т.б. ұрандарды айтып, діннен шыға бастады. Бірақ, Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли және т.б. сахабалардың (Алла олалға разы болсын) үлкен жігерімен Араб жазирасындағы Ислам бірлігі сақталды, сөйтіп, бүтін әлемге таралды.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ