Күндердің күнінде ардақты пайғамбардың (с.ғ.с.) жиендері Хасан мен Хусейн сыртта ойнап жүреді. Сол уақытта түскі намаздың уақыты кіріп, екеуі дәрет алуға бет алады. Сөйтсе ол жерде жасы егде кісі дәрет суын шашып-төгіп, дәрет шарттарын дұрыс орындамай отыр екен. Мұны көрген Хасан мен Хусейн әлгі кісіге дәрет алудың дұрыс жолын көрсеткілері келеді. Алайда, олар жас баланың дәретті үйретуі қарттың көңіліне тиіп қалама деп алаңдайды.
Содан бірнеше уақыттан кейін екеуі бір шешім тауып, қартқа жақындап, Хасан:
– Ақсақал, біз мұнда дәретті пайғамбар (с.ғ.с.) көрсеткендей дұрыс алу жайында екеуара бәсекелесіп жатыр едік. Қазір біз Хусейн екеуміз кезек-кезек дәрет аламыз, ал сіз қайсымыз сүннетке сай алғанымызды айтып берсеңіз қалай болады а? – дейді. Ақсақал басын изеп келіседі.
Содан Хасан дәрет алуға кіріседі. Одан кейін Хусейн де дәреттің барлық шарттарын сүннетке сай орындап шығады. Кейін екеуі ақсақалға қарап:
– Енді айтыңыз, қайсымыз жақсы дәрет алдық, – дейді. Таңданған қарт кісі:
– Сендер бір-бірлеріңнен асып түстіңдер. Мен дәретті бұлай ала алмаймын. Бұл әрекеттерің маған да сабақ болды. Келесіде мен де сүннетке сай дәрет аламын, – деп Хасан мен Хусейннің басынан сипаған екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы