Мектепке қуана баратын баласын көру әрбір ата-ананың арманы. Ал оқушылар баға қойылмастан сабақ қызық, пайдалы әрі әсерлі өткенін қалайды. Аталған білім алушылардың тілектерін елордалық мектеп Tamos Space School іс жүзінде жүзеге асыруда. Бұл жөнінде мектептің бас директоры Хангелді Қаупынбаев толығырақ айтып берді.
– Хангелді Дәуренұлы, елордада «Тамос» ғарыш мектебі бірінші жыл жұмыс істеп жатыр. Мектеп қаншалықты сұранысқа ие, оның ерекшеліктерін айтып бере аласыз ба?
– Иә, біз былтыр ашылдық. Бастапқыда біз нөлден алтыншы сыныпқа дейінгі балаларды қабылдайтынбыз, биыл сегізінші сыныпқа дейін ұзарттық. Қазір жалпы 330 бала бар, жыл сайын олардың саны да артып келеді. Әрі қарай 11-сыныпқа дейін кеңейетін ниетіміз бар, оған мектептің ауданы да сай келеді. Жоспар бойынша тағы екі ғимарат салу қарастырылған. Сөйтіп толық циклді мектепке айналамыз.
Сабақ кестесі бойынша балалар таңғы 8-ден 16-00-ге дейін оқиды. Сондай-ақ ұзартылған күн тобында қалып, үйірмелерге қатысуларына болады. Финдік тәсіл бойынша үй жұмысының арнайы кестесі құрастырылған, онда бірден үй тапсырмасын орындауға жағдай жасалған. Біздің міндетіміз – балаларға сабақтан кейінгі уақытта үй шаруасымен айналысуына, олардың тынығуына, ата-аналарымен уақыт бөлуіне мүмкіндік тудыру.
Финдік әдісті білім беру процесінде пайдалану мектебіміздің басты ерекшелігі болып отыр. Қауіпсіз орта, салауатты өмір салты, жеке тұлғалық қасиет, жан-жақты даму оның негізгі элементтері мен принциптеріне жатады.
Сондай-ақ, дұрыс тамақтану – бала денсаулығының кепілі болғандықтан, мектеп асханасында пайдалы ас мәзірін әзірлеуге басымдық берілуде. Біздің асхананы кәсіби мамандандырылған өз диетологы, технологы бар аутсорсингтік компания алды. Қызметтерін сапалы атқарады. Ал біз бар күш-жігерімізді білім саласына бағыттап отырмыз.
– Сізге Нұр-Сұлтанда «Тамос» мектебін ашу идеясы қалай келді?
– Бізде үш құрылтайшы бар, соның ішінде менің әкем Tamos мектеп желісінің негізін қалаушы. Мектеп орналасқан аймақ Малайзиялық King Development компаниясының меншігінде, бірақ оларға білім контентіне жауап беретін серіктес қажет болды. Сәйкесінше, олар ғимаратты салуды өз мойнына алды.
Біз жобаны пандемияға дейін үш жыл бұрын бастадық. Менің ойымша, өте қызық болып шықты. Командамызға талантты жас мамандарды жинадық. Осы қырынан біз басқа мектептерге ұқсамаймыз. Сонымен қатар шаблонмен ойламайтын дәстүрлі емес форматқа ауыстық. Бұл, әрине, архитектураға, мұғалімдер және әкімшілік құрамға әсер етті.
Біздің негізгі ұстаным – оқушының мектепте өзін жайлы сезінуі. Қазір біз бұған қол жеткіздік. Ата-аналардың айтуы бойынша, балалары әрдайым мектепке барғысы келіп тұрады. Бұл әсіресе бастапқы кезеңде қатты байқалған. Оның алдыңдағы мектепке қарағанда бала ояна салып мектепке баруға құштарланып тұрады екен, әрине, бұл ата-ана үшін өте маңызды.
Тіпті кейбір ата-аналар өз заманында жекеменшік мектептерде оқыса да ешқандай инновациясыз дәстүрлі форматта оқығандығын айтады.
Дәстүрлі формат бойынша мектеп бітірушілердің емтихан алдында қатты күйзеліске ұшырауы қоғамда жағымсыз әсер қалдырған. Мұны түбегейлі өзгерту керек.
Баланың бақытты болуынан, оған берілген еркіндіктен ерте ме, кеш пе нәтиже болатыны сөзсіз. Көп нәрсе психологиялық жағдайға байланысты болғандықтан, нәтиже одан да тұрақты және ұзақ мерзімді болады. Менің ойымша, біз нәтижені бірден байқамаймыз, бірақ 10-20 жыл өткеннен кейін келесі ұрпақтардан көреміз.
– Сіздер мұғалімдерді қалай іріктейсіздер?
– Біз оларды жете іріктеп аламыз, оқытушыларымыздың балаларға дауыс көтеріп жатқанын не тәртіпті шектен шығып бұзғандарын көрген емеспін. Бұл өз баламды сеніп беретін мұғалімдер, себебі менің де балам осы мектепке барады. Мұғалімдердің көбі рухани мәдениеті, менталитеті, жеке құндылықтары бойынша сай келеді. Айтпақшы, білім алушылардың санына сәйкес бізде мұғалімдер басқа мектептерге қарағанда көбірек. Қазіргі кезде жалпы саны – 56. Бұл балалардың үнемі бақылауда екенін білдіреді.
Жалпы мектепті жүргізу барысы, оқытушылар мен оқушыларға жасалынатын қарым-қатынастан елордада «батыс әлемнің бір бөлшегі» құрастырылды деп қорықпай айта аламын және ол біз үшін үлкен мақтаныш.
Енді біздің алдымызда үлкен міндеттер тұр. Оқушылардың жеңіске тез жетуі, қалаған барлық затын алу, оларды «тәулігіне 24 сағат бойы» жүктеп, робот жасап шығару міндетті емес. Яғни біз үшін үлкен жетістік – баланың саналы ойлана білуі, оның ішкі ынтасы мен ұзақ мерзімді жеңістерге деген ұмтылысы. Сондықтан еліміздің басқа мектептері де біздің идеяны өз тәжірибелерінде қолданғандарын қалаймыз.
– Мектептің дизайны ғарыш кемесіне ұқсайды. Сонда ғарыш пен мектептің қандай байланысы бар?
– Расымен, ойлағанымыздай біздің мектептің құрылысы стандартты емес болып шықты. Нұр-Сұлтанда барлық аудан белгілі бір идеяға тиесілі бой көтерген. Біздің жанымызда «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ, Тұран даңғылының бойында ракетаның макеты орналасқандықтан, біздің аудан «ғарыштық» болып есептеледі.
Біздің академиялық көзқарасымыз ғарышпен тығыз байланысты. Оқыту әдістемесі бойынша әртүрлі оқу пәндері төңірегінде бір тақырыпты түсіну арқылы ұйымдастырылатын пәнаралық білімге тоқталдық. Ал мұнда әртүрлі жаратылыстану және қоғамдық ғылымдар тоғысында дамып келе жатқан ғарыш саласы тақырыбымен идеологиялық ұқсастықты көреміз. Сондай-ақ, ғарыш – бірінші кезекте зерттеуді талап етеді. Оқушылар мектеп бағдарламасын меңгеру барысында өздерін нағыз зерттеуші болып сезінгендерін қалаймыз.
– Мектепте болған кезімде байқағаным, балалар атриумда ойнап жүргенінде мұғалім оларды сыныпқа дос ретінде шақырды. Сонда сіздерде дәстүрлі мектептердегідей қоңырау соғылмай ма?
– Біздің мектепте, шынында, қоңырау жоқ. Бұл оқытушыға өз сабағының архитекторы болуына мүмкіндік береді. Себебі зерттеу сабағы қандай да бір ауқымды тақырыптың аясында 40,60 кейде 80 минут жалғасып жатады. Оқушылар шығармашылық ойлаудың процесін толық сезінуі үшін мұғалімдерге еркіндік береміз. Жалпы қоңырау дегенде көз алдыңызға не елестейді? Айталық, сізде сабақ басталды, мұғалім тақырыпты түсіндірді, белгілі уақыт аралығында сабақ аяқталды. Яғни уақытқа бағыныштылық пайда болды. Ал біз шығармашылық еркіндікті таңдаймыз. IB мектебі ретінде алға жылжуымыздың арқасында осындай мүмкіндіктерге ие болып отырмыз.
Екіншіден, біз үшін сапалы білім беріп қана қоймай, мектептің кез келген өкілі баламен достық қарым-қатынас орната алуы аса маңызды. Олар бізде ешқандай иерархияның жоқ екенін түсінуі керек, себебі біз – доспыз.
Оқушылар мен мұғалімдердің арасында қандай да бір алшақтық болмас үшін балалардың емін еркін сұрақ қойып және сыни ойлап үйренгендерін қалаймыз. Бұл жағдайда үйреншікті стандарттан тыс ойлайтын және материалды өз бетінше өндіріп шығаратын өзіне сенімді тұлғалар өсіп шығады.
– Хангелді Дәуренұлы, сіздің ойыңызша жаңа ұрпақ қандай болуы керек?
– Қазіргі балалардың сана тұрғысынан жоғары болатыны сөзсіз, бұл кеңестік білім жүйесінде аса байқалмады. Онда оқушыға ненің жақсы, ненің жаман екенін «бес» – жақсы, «екі» – жаман деп түсіндірген. Яғни, «үздік оқушылар» өте жақсы, ал «жеңілгендердің» қолынан түк келмейді деген сөз – шаблонды ойлау және бағалау. Математик болсын, биші болсын, лингвист болсын, оқушының өзіндік құндылығы бар екенін түсіну керек. Ол өзінше ерекше және оны дәлелдеу де қажет емес.
Tamos Space School мектебі формалдылықты құптамайды. Біз мектептің қандай да бір демонстрациялық мекеме не болмаса қандай да бір көзбояушылық үшін жасалған моделінен алшақтағымыз келеді. Мектеп – өзін тек жақсы жағынан көрсетіп, ал сыртта өзінің шынайы болмысын ашатын жеке кәсіпорын емес. Біз ұйып тұрған ұйым болғымыз келеді. Мектеп – бұл өмір және оқушылардың бақытты болуы аса маңызды.
Балжан ӘБДІРАШ