Иә, концептуальдық тұрғыда қарағанда сұрақтың бұлай қойылуының өзі дұрыс емес. Жарты әлемді тітіреткен, әкесі – атақты Шыңғысханға еріп, темір түмендердің оң қанатын бастай, талай елді жаулаған Жошы, яки Жолшының априори балуан болмауы мүмкін бе? Себебі, ол жасаған замана спецификасы сондай. Батыр, баһадүр, алып та, шалып та, атып та, шауып та жығатын жаугер болмасаң, бекзада түгілі, хан болсаң да басың домалап бір сайда қалатын қатал дәуір. Ал анадай алапат әулеттің тұңғышы ретінде тіптен жеңімпаз болу – міндеті һәм парызы.
Жошының хан сайланбаса да, Алтын орданың негізін қалаушы және бүкіл қазақ хандарының бабасы екендігі бөлек тақырып. Мұндағы бізге керегі оның күрес өнеріне табын болған, я болмағаны. Басында айтып өткендей, оның күресші болғаны даусыз. Заманы сондай дедік. Ал енді осыған қатысты ел аузындағы сөздер мен бүгінге жеткен деректемелер не дейді? Ең әуелі, соның басын қайырып алалық.
«Шыңғысхан түркі ме, моңғол ма?» деген бітпейтін өнімсіз дауды былай қойып, қазіргі моңғолдар жылнамасында Жошының палуандығы бірқыдыру болса да көрініс беретін тұстарды атап өту керек. Мысалы, моңғолдың аға тарихшысы А. Амардың көне жазбаларға сүйене отырып, «Моңғолдың қысқа тарихы» деген атаумен 1989 жылы Ұланбатыр қаласында қайта жарық көрген еңбегінде Шыңғыс қағанның Сартул ұлысын (Хорезм патшалығы) жаулауға аттанып жатқан кездегі мынадай бір қызық оқиға баяндалады:
«…Есүй ханым бүй деп: «Қаған ием, тау асып, тас басып, көлдерден өтіп, алыс шалғайды жаулап жүрген тұста, бір күні аяқ асты қайран тәніңіз ғайып болар шақ туса, ұлдарыңның қайсысын бұрын хан сайлар едіңіз? Сол ойыңызды күн бұрын көпке жеткізсеңіз болмас па?» дейді. Сонда Шыңғыс қаған: «Сөзіңнің жаны бар. Мұндай сөзді інілерім мен ұлдарыма, Күлік Боршыға да тіс жарып, айтпаппын. Өзім де ұмытып жүрген екенмін» деп, Жошыға бұрылып: «Тұңғышым, сен не ойлайсың?» дегенде, Шағатай Жошыдан бұрын қағанның сөзін іліп алып, «Әкетай, Жошыға сөз беруіңіздің сыры неде? Оны мұрагер етпексіз бе? Меркіттен туған ол бізді қалай басқарады?» дегенде, Жошы орнынан атып тұрып, жағасынан алқымдап, Қаған әкем мені бөлмегенде, қорықпай қалай сөйлейсің! Сенде шарқаялықтан басқа, ақылға тән мінез бар ма? Кел, садақ тартып көрелік. Жеңілсем, бармағымды кесіп берейін. Кел, күресіп көрелік, жығылсам, жатқан жерімнен тұрмайын» деп, ағалы-інілі екеуі алқымдасып тұрғанда, Боршы, Мұқылай тектілер тоқтатып және Көкеші: «Шағатай, сен неге асықтың? Қаған ие сені деп ойлап, сені тумас бұрын дүниежүзінің теңсіздігін жоюға кірісіп, адам баласы тыныштық тауып, алаңсыз өмір сүре алмай тұрған шақта сенің білгі, ақылгөй шешеңнің қуатында ешкімге жем болмады. Сенің бұл сөзің ақылды шешеңнің көңілін мұздатпай ма? Әкең ұлыс-елін құрастырудың қамын ойлап жүргенде, шешең: «Сол қиындықты бірге көріп, сендерді асырап, адам қатарына тез жеткізем» деді. Телегей теңіз білімі бар шешеден туған ұлға мұндай сөз жараспас» деген тұста, Шыңғыс қаған: «Жошыны неге олай дейсің? Жошы менің тұла бойы тұңғышым екені рас. Бұдан былай бұл сөзіңді айтушы болма!» дейді.
Шағатай күлімсірей тіл қатып: «Жошымен бәстесіп, күш сынауды қойдым. Ұлыңның үлкені Жошы екеуміз екені де рас. Олай болса, әкемізге де септесіп, көмек болайық. Серттен тайсақ, тайған тұста өлтіріңіз. Өгедейдің өзінен адамдығы зор. Көтеріп, хан болдырыңыз» дейді.
Мұны естіген Шыңғыс қаған тағы да Жошыға бұрылып: «Ал кәне сен не айтасың?» дейді. Сонда Жошы: Шағатай септесіп, көмек болайық» деді ғой. Хан тағына Өгедей отырсын» дейді. Шыңғыс қаған тағы да бүй деп: «Сен екеуің бір жүріп, септесудің қажеті жоқ. Алып дүние тарлық етпес, жері де, суы да жетеді. Сен екеуіңе де жеке-жеке ұлысты билетемін. Екеуің де айтқан сөзіңде тұрыңдар. Бөгдеге басындырмаңдар. Бұрын да Алтын мен Құшыр айтқандарынан танып, қандай болды! Қазір соның ұрпағын көріңдер. Соларды көріп жиіркеніңдер» деп, Өгедейге бұрылып, «Өгедей, сен не айтасың?» дейді. Сонда Өгедей: «Қаған әкем сөйле десе, мен несіне бөгелемін, шамамның жеткенінше көрейін. Бірақ кейінгі келер ұрпағыңның біліксіз боп, ұлы төрден айрылуынан қорқамын. Айтайын дегенім де осы» дейді.
Бұдан соң Шыңғыс қаған әмір етіп: «Өгедейдің осылай сөйлегенін бақұл көріңдер» деп, Толұйға бұрылып, «Және Толұй сен не айтасың?» дейді. Толұй: «Қаған әкем бірден атын атап бергендіктен, мен де ағамның қасында болайын. Ұмытқан кезде, есіне сап, қалғыған кезде оятып, жауға шапса, бірге аттанып жүрейін» дейді.
Шыңғыс қаған тағы да: «Қасыр, Алшыдай, Отшығын, Белгүтей інілерімнің атақ-шенін солардан туған ұлдары жалғастырсын. Менің тағымды ұлдарыңның ішінен таңдаған біреуіне бер! Сөзімді жерге тастама! Сертімді бұзушы болма! Егер, Өгедейден туған ұлдар біліксіз болса, немерелерімнің ішінен білікті біреуі туылар!» деп әмір етеді» (Моңғол тілінен қазақ тіліне аударған, түсініктемелерін жасаған Жүкел Хамай).
Көріп отырғанымыздай, мұнда Жошының «Меркіттен туған» дегенге ыстықтап, Шағатаймен садақ тартып, күреспек болғанының мағлұматы бар. Онымен бәсекеге түскелі жүрген Шағатай да оңайынан емес. Ол да сілкісе кетуге сақадай сай. Бірақ Шыңғыстың кемеңгерлігімен бұл даудың оты сол жерде өшіріліп, тақ мұрагері дереу анықталады.
Әрине, бұл тіресуді далалық элиталар тартысы призмасында кең ауқымда мазмұндап, талдап тәпсірлеуге болады. Онда бір бұл ғана емес, б. з. д. 1 мың жылдықтың соңғы жартысынан бастап, б. з. XII ғ. дейінгі жалпы көшпенділердің мыңдаған жылғы тарихы сөз етілген. Ал Жошы-Шағатай ұстасуы мыңнан бір мезет. Бірақ бізге керегі ондағы «күрес» шиеленісі. Яғни мұны Жошының балуандығына қатысты «бір» деп түйіп қоюға болады.
Ал мына бір осы тарихи дерекпен сабақтас қазақы аңыз нұсқасында оның батыр-балуандығының әкесіне қатты ұнағаны және кейінгі қазасы айтылады:
«Алаша ханның жалғыз Жошы хан деген баласы бар екен. Өзі жасынан-ақ мінезі қаттылығын, ерлігін, қуатын, қисық мінездігін көрсете бастапты» дейді ел аузындағы әңгіме: «Хан баласының мұндайлығына разы болып, ойлайды екен: «Балам менің орнымды басуға тұратын» деп. Жошы ханды әкесі де һәм қазақ халқы да еркелетіп, күтіп өстірді. Баланың «не қыламын» дегенін ешкім қақпай, қазір даяр қылып тұрды. Кішкентай ашуланса, айналасындағы адамдардың бәрі қорқып, дірілдеп тұрушы еді. Бәрі де Жошы ханның айтқанын қылып, оған жағуға жаһат қылатын еді. Жошы хан өскен соң әкесі өзінің не қыламын деген ықтиярына жіберіпті. Өзі теңдес жастарды қасына жиып, той қылып, ел жиып, ат шаптырып, балуан тұрғызып, мылтық атып ойын қылар еді. Тойға келген халықтар күні-түні ойын-күлкіге батар еді балуандардың күресін көріп. Сонда Жошы ханға ешкім не күреске, не ат үстіне, не мергендікке шақ келмес еді» («Дала уалаяты газеті» 1897 жылғы 13,14,18-сандары. Оны О.Әлжанов Бағаналы қазақтарының аузынан жазып алған)
Бұдан әрі жанр классикасы. «Ақсақ құлан» күйін білетіндердің бәрі бұл жайдан хабардар:
«Алаша хан баласына қарап қуанады екен. Әрбір сондай тойдан кейін қасына теңдестіріп алып, Алаша хан аңға шығар еді. Сонда аңның қызығына түсіп кетіп, Бетпақ далада неше жұмадай жоғалып кетер еді. Ол кезде Бетпақ далада құлан, киік һәм өзге аңдар көп екен. Алаша хан баласының нөкерлеріне қатты бұйрық береді екен: «Жошы ханның қуғында қасынан қалмай, күтіп жүріңдер, жазым болмасын. Егерде бір жаманшылық бола қалса, бәріңе де жаман болады. Кім, «балаң жазым болды» деп айтса, соның аузына еріткен қорғасын құямын» деп.
Жошы хан аңды көп алған сайын қызыға берді. Бір күні бір аңды қуып, жолдастарынан көп озып кетті. Алдындағы қуып келе жатқан құланы өзге бір үйір құланға садақ атып еді, олар қашпады, қайта өзіне ұмтылып, басып-жаншып, тістеп, өлтіріп кетіпті. Жалғыз бір шынашағы сау қалыпты. Өзгесін аң жеп кетіпті».
Мұнан соң осы өлімді ұлы ханға домбырасын қолына алып, күймен естіртетін Кетбұғаның рөлі басталатыны белгілі.
Жалпы, Кетбұға бидің Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының қазасын естірткені туралы аңыздар түріктің кіндігінен тараған күллі ұлттар мен ұлыстардың фольклорында сақталғаны мәлім. Былайша айтқанда, ол ежелгі Дешті-Қыпшақ ареалының төл қаһарманы болып кеткен.
Кетбұға Жошының мықтылығын дәлелдегендей, қазақ нұсқаларын айтпағанда, бір замандарда жалпақ Тұран жұрттарына ортақ әдеби тіл қызметін атқарған шағатайша нұсқасында да ұлы өнерпаз бүй деп ұлы ханмен сөйлеседі:
Күйші:
Теңіз баштан булғанды,
Кім тундурур, ей, ханым?
Терек туптін йығылды,
Кім турғұзур, ей, ханым?
Шыңғыс хан:
Теңіз баштан булғанса,
Тундурур ұғлым Жошы дүр.
Терек түптін йығылса,
Тургузұр ұғлым Жошы дүр.
(Хальфин Ибрагим бин Исхақ. Чанғыз хан уә Ақсақ Тимур тарихы. Қазан, 1808).
Қалай дегенде де, тап бұған қатысты қазақ оқырманына аудармашы керек емес деп ойлаймыз. «Теңізді тұндырып, теректі тұрғызатын ұл» – Жошы тегеуріні әкесіне де, елге де алғашқы жорықтарынан-ақ байқалған. Айталық, Байқал халықтары мен Енесей жұрты ол келгенде бас иіп, бағыныштылығының белгісі ретінде ақ сұңқар, ақ тұлпар мен ақ қылыш ұсынған деген мағлұмат бар. Бұл да болса өзінен зорды ғана мойындайтын түркілердің оның ер тұлғасы, ерлігі мен өрлігін пайымдағаннан болса керек.
Иә, «Бабалар сөзі» жүзтомдығы бойынша айтсақ, 1223 жылғы құрылтайда Ертістен Оралға дейінгі және онан әрі Батысқа қарай бағынған жерлердің бәрі Жошының иелігіне өтті (Бүгінгі Қазақстанның басым бөлігі). Ордасы Ертіс өзені бойына орналасты. Жошы әкесінен алты ай бұрын қазаға ұшыраған. Оның өлімі жөнінде халық арасында әртүрлі аңыз әңгімелер бар. Оны бірде «аң аулап жүргенде құланның айғыры шайнап өлтірген» (жоғарыдағыдай аңыздар бойынша) десе, кейбір деректерде «өзіне қарсы келуі мүмкін» деп, құпия түрде әкесі Шыңғыс хан өлтірткен. Мазары Жезқазған қаласынан 45 шақырым жердегі Кеңгір өзенінің сол жағалауында орналасқан.
Сонымен, Жошы – айперен әмірші, мықты қолбасшы ғана емес, балуан да болған. Бұл басы ашық жайт. Тек қана әлі де көбірек фактология сұрап тұрған тақырып десек, артық емес.
Алайда мынаны да айтпай кетуге болмайды: Жошы – әлемдік деңгейдегі саяси қайраткер ғана емес, аймақтық деңгейде заманауи палуандар үшін «балуан Хан» ретінде де тарихи-аңыздық персонаж болып, үлгі болуға лайықты тұлға. Тек оның күрескерлік-спорт жолына қатысты өмірлік жолын әлі де іздеп індете түсу керек. Әлі де толықтыру керек. Бұл енді кейінгі тарихшылардың құлағына алтын сырға!
Содан соң Жошы мазары сақталған Ұлытау маңын үлкен дәрежелі күрес сайыстарын өткізіп тұратын балуандық орталық ретінде де қайта брендтеп бейімдеуге болады. Бұл арада өткен ғасырларда үш жүздің бас қосып, ел тағдырына қатысты алқалы жиындар өткізіп тұрғаны тарихи шындық. Ендігіде сол дәстүр біраз сапалық өзгеріспен қайта жаңғырып, бұл идеологияның бір ұшын күрес идеологиясын дамытуға да пайдалануға болады. Ең бастысы, қарлығаштың қанатымен су сепкендей ақниет болса болғаны.
Мәдениеттанушы-философ
Абылайхан Қалназаров