Батыс Қазақстан облысында мәдениет саласына қарасты ғимараттарды жаңадан салу және күрделі жөндеу кейінгі жылдары ерекше қарқын алды. Бұл жайында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов хабарлады.
Былтыр өңірде Бөкей ордасы ауданының Бисен ауылында және Тасқала ауданының Мерей ауылында су жаңа мәдениет үйі салынып, халыққа қызмет ете бастаған болатын. Бұған қоса өңірдің мақтанышы – Хан ордасындағы Жәңгір хан ставкасында визит орталық пен әкімшілік ғимарат салынды. Хан ордасы ауылындағы мәдениет үйі де күрделі жөндеуден өтіп, жарқырап тұр. Биыл тарихи мекенге дейінгі жол құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, туристер тасқыны молаяды деген үміт бар.
«Сонымен қатар биыл Хан Ордасы музей-қорығы құрамындағы Хан сарайы мен Қазынашылық ғимаратына реставрация жасалады», дейді Бақытжан Хаберұлы.
Былтыр күрделі жөндеуден өтіп, жаңарып қалған мәдениет нысандарының қатарында Сырым ауданының Алғабас ауылдық мәдениет үйі және Ақжайық ауданына қарасты Мерген ауылының мәдениет үйі де бар.
Мұның бәрі өткен жылдың жемісі болса, биыл өңірдің мәдениет саласындағы оң өзгеріс одан да көбейе түскен.
Қазірдің өзінде ауылдарда су жаңа 4 мәдениет үйі бой көтеріп жатыр. Олар – Жаңақаланың Қырқопа, Сырымның Тоғанас, Бәйтеректің Щапов және Қазталовтың Қайыңды ауылдарындағы мәдениет ошақтары.
Кейінгі жылдары күрделі жөндеуге жабылған Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының ғимаратында құрылыс жұмысы тоқырап, театр ұжымы көшпелі ғұмыр кешіп кеткен болатын. 30 жылдық мерейтойын өз дәрежесінде атап өте алмаған театр қызметкерлерінің наразылығы орынды да еді. Бақытжан Нарымбетов театрдың жөндеу жобасына өзгеріс енгізілген соң жұмыс қайта жалғасатынын айтты. Сондай-ақ Островский атындағы драма театр ғимаратын да күрделі жөндеу жобасы жасақталып, қаражат бөлініпті. Бұған қоса биыл 80 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған облыстық халық шығармашылық орталығының ғимараты да жөнделеді.
Ауылдық мәдениет үйлерін жаңғырту бойынша Бөрлі ауданында жақсы жаңалық көп. Мұндағы Жарсуат, Кеңтүбек және Бумакөл ауылдарында мәдениет үйлері биыл күрделі жөндеуден өтеді екен.
Осындай елеулі оқиғалар Сырым ауданында да болып жатыр. Ауданның толайым тарихын түгендеген Сырым Датов атындағы тарихи-өлкетану музейіне былтыр бөлек ғимарат беріліп, күрделі жөндеуден өтті. Жаңарған музейде жаңа экспозиция жасақталып, жақында ғана есігін айқара ашқанынан біздің газет оқырмандары хабардар. Бақытжан Хаберұлының айтуынша, Жымпиты селосында енді кітапхана ғимаратының құрылысы басталғалы жатыр екен. Мердігер анықталған, жоба бекітілген.
«Қазіргі таңда «Қазақстан халқына» қорымен бірлесе елімізде алғаш рет «Ауыл кітапханаларын модернизациялау» жобасын жүзеге асырғалы отырмыз. Осы жоба аясында 25 ауылдық кітапхананы қайта жаңғырту жұмысын жүргіземіз. Биыл Ақжайық және Жаңақала аудандық кітапханалары қайта жаңғырып, өз жұмысын жаңаша бастайды», дейді облыс әкімінің орынбасары.
«Мемлекет басшысы жиі айтып жүрген «кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі» Батыс Қазақстан облысында да жүзеге асып жатыр. «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясының әлеуметтік инвестициясы есебінен Орал қаласындағы Жастар мәдениет сарайы мен Деркөл кентіндегі мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтпек. «Бұл жұмыстар осы жаз айларында басталып, күзде аяқталады», дейді Бақытжан Хаберұлы. Оның айтуынша, креативті индустрияны дамыту жөнінде Мемлекет басшысының тапсырмасына орай жаңғырған Жастар мәдениет үйінде «Самұрық Қазына Траст» қорымен бірлесіп креатив хаб алаңын ашу жоспарланып отыр екен.
«25 ауыл кітапханасының жаңғыруы және Орал қаласында ашылатын креатив хаб өңір жастарының уақытын сапалы, тиімді, заманауи форматта өткізуге арналған нәтижелі жоба болатынына сенеміз» дейді облыс әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, бүгінде Батыс Қазақстан облысында 681 мәдениет ошағы, 24 музей жұмыс істеп тұр.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Батыс Қазақстан облысы