ХАМАС Израильге Газа секторында 135 күндік атысты тоқтату жоспарын ұсынды. Бұл кезеңде топ кепілге алынғандарды босатады, ал Израиль сарбаздары Газадан шығып кетуі керек. Бұл туралы Reuters сайты жазды.
Шартта көрсетілгендей Израиль анклавтан өз әскерін шығарған кезде ғана кепілге алынғандар босатылады. Агенттік ХАМАС жоспарының өткен аптада Катар мен Мысыр делдалдары жіберген және Израиль мен Америка Құрама Штаттары мақұлдаған ұсынысқа жауап екенін атап өтті. ХАМАС жойылмайынша Газадан әскерін шығармайтынын айтқан Тель-Авив әзірге жария түрде жауап қайтарған жоқ.
ХАМАС-тың жауап ұсынысы әрқайсысы 45 күнге созылатын үш кезеңдік атысты тоқтатуды талап етеді. Бірінші кезеңде топ қалған израильдік кепілге алынғандарды – әйелдерді, 19 жасқа дейінгі ерлерді, қарттар мен науқастарды – палестиналық тұтқындарға – әйелдер мен балаларға айырбастауды ұсынады. Мұндай жағдайда Израиль Газадағы елді мекендерден әскерін шығаруға мәжбүр болады.
Дәл осы кезеңде тараптар соғыс қимылдарын тоқтату үшін «жанама келіссөздер» жүргізуге мәжбүр болады, содан кейін екінші кезең басталады, онда қалған барлық ер азамат босатылады. Үшінші кезеңнің соңында тараптар мәйіттерді алмастырады.
ХАМАС сондай-ақ бітімге байланысты Газа халқына гуманитарлық көмек көбейеді деп үміттеніп отыр.
Айта кетейік, 2023 жылдың 7 қазанында палестиналық ХАМАС тобы Израильге шабуыл жасап, кемінде 1 200 израильдікті өлтіріп, 200-ден астам адамды кепілге алды.
Бұған жауап ретінде Израиль Газа секторын бақылайтын ХАМАС-қа соғыс жариялап, қарқынды әуе шабуылдарын жасап, анклавқа әскер жіберді.
Газа Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қақтығыстар кезінде аймақта 27 500-ден астам палестиналық қаза тапқан.