13-15 шілде аралығында Вашингтон қаласында (АҚШ) Халықаралық діни бостандық саммиті өтті.
Басты ұйымдастырушы – АҚШ-тың халықаралық діни сенім бостандығы мәселелері жөніндегі комиссиясы, ал АҚШ конгресі тең төрағасы болды.
Іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов қатысты.
Саммит барысында Е. Нүкежанов Қазақстан елдегі конфессияаралық келісімді қолдауға және діни сенім бостандығы құқықтарын қамтамасыз етуге, сондай-ақ осы салада АҚШ-пен әріптестікті дамытуға ерекше назар аударатынын атап өтті.
Саммит аясында комитет төрағасы іс-шара ұйымдастырушылары – АҚШ Мемлекеттік департаментінің Халықаралық діни бостандық жөніндегі ерекше тапсырмалар бойынша бұрынғы елшісі Сэм Браунбекпен және Лантос адам құқықтары мен әділеттілік қорының президенті Катрина Лантос Свитпен кездесулер өткізді.
Сондай-ақ, АҚШ Мемлекеттік департаменттің халықаралық діни бостандық басқармасының директоры Дэниэл Наделмен және АҚШ-тың Халықаралық діни бостандық жөніндегі комиссиясы төрағасының орынбасары Нури Тюркельмен келіссөздер жүргізілді.
Бұдан басқа, Дін істері комитеті мен АҚШ-тың «love Your Neighbor Community» үкіметтік емес ұйымы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум діни бірлестіктер өкілдері мен мемлекет арасында діни бостандықтарды іске асыру және адамның негізгі құқықтарын сақтау мәселелерінде диалогты жетілдіруге мүмкіндік береді.