Діндерге, сенімдерге қатысты зерттеулердің тарихы тереңде жатқанымен өз алдына отау тігіп, жеке сала ретінде қалыптасуы ХІХ ғасырдың екінші жартысына тиесілі. Академиялық деңгейде діндердің тарихына зерттеу жүргізуді бастау абыройы да батыс ғалымдарының еншісінде десек ешкім таң қала қоймас.
Діндер тарихы дербес сала ретінде қалыптасқалы бері көптеген зерттеу жүргізіліп келеді. Алайда сол зерттеулердің барлығын бір шаңырақтың астына жинап отырған одақ ресми түрде 1950 жылы құрылды. Ол – Халықаралық діндер тарихы одағы (International Assaciation for the History of Religions).
Әлемдегі діндер тарихы ғалымдары ХХ ғасырдың басынан бері халықаралық деңгейде діндер тарихы съездерінде бас қосып жүретін. Парижде 1900 жылы ұйымдастырылған І халықаралық діндер тарихы съезімен басталған мұндай жиындар 1904 ж. Базельде, 1908 ж. Оксфордта, 1912 ж. Лейденде, 1923 ж. Парижде, 1929 ж. Лундта, 1935ж. Брюссельде өтті.
Ал алтыншысы 1950 жылы голландиялық ғалым Герард Ван дер Леувтің басшылық етуімен Амстердамда болды. Міне осы жылы діндер тарихы съезі Халықаралық діндер тарихы зерттеулерінің одағы деген атпен құрылды. Бірақ 1955 жылы Римде Рафаеэль Петаццонидың басшылығымен өткен екінші жалпы жиында қазіргі атқа ие болды. Одан кейін де одаққа мүше мемекеттердің басын қосқан жиын әр бес жыл сайын әртүрлі мемлекетте өтіп келеді.
Халықаралық діндер тарихы одағына құрылған кезінен бастап ғұмырын осы салаға арнаған, көптеген ғылыми еңбек қалдырған ғалымдар басшылық жасаған. Алғашқы басшысы дін феноменологиясының негізін салушы Герард Ван дер Леув (1950-1950).
Одақ ресми құрылған соң көп уақыт өтпей-ақ дүние салғандықтан оның орнына Рафаэль Петаццони (1950-1959) келеді. Петаццонидан кейін Гео Уайденгрен (1960-1970), Марсель Зимон (1970-1980), Аннемари Шиммель (1980-1990), Уго Биянки (1990-1995), Майкл Пи (1995-2000), Питер Антес (2000-2005), Розалинд Хакетт сынды ғалымдар басшылық жасаған.
Бұл одақ діндер тарихы саласының дамуына елеулі үлес қосты. Әр бес жыл сайын съезд жасау арқылы бүкіл әлемдегі діндер тарихы ғалымдарының басын қосып, өзара тәжірибе алмасуына, жаңа зерттеулер мен әдістермен танысуына мүмкіндік жасайды. Сондай-ақ діндер тарихы саласындағы жаңа теориялар мен тұжырымдардың жағымды яки жағымсыз әсерін де бақылауына алып отырады.
Халықаралық діндер тарихы одағы діндер тарихының басты тақырыптарымен қатар методологиясына қатысты маңызды басылымдарды жарыққа шығарумен айналысады. Мәселен 1954 жылдан бастап Numen атты журнал басылады. Сонымен қатар Numen Book Series (Нумен кітаптары) деген атпен ғылыми кітаптар сериясын да шығарады. Бұл серия қырық жыл бұрын басталып, қазірге дейінгі басылған кітаптардың саны алпысқа жетіп жығылады.
Ол аздай съезде оқылған баяндамалардың жинағы мен діндер тарихы саласындағы ғалымдардың ғылыми жолына арналған ғұмырнамалық еңбектерді де басып отырады. Жаңа тұжырымдар мен ғылыми жаңалықтары бар мақалалар жинағын да шығарумен айналысады. Осы еңбектің барлығы да діндер тарихы зерттеулерімен әлем ғалымдарының танысуына таптырмайтын мүмкіндік, әрі ғылыми пікірталастың қызуына сол арқылы аталмыш саланың дамуына үлес қосарына еш күмән жоқ.
Қазір халықаралық діндер тарихы одағы жергілікті деңгейдегі діндер тарихы ұйымдары мен кеңестеріне де қолдау білдіріп келеді. Ғылыми журналдарға кеңес беру ісімен де айналысады. Бұл әрекеттердің барлығы да осы сала ғалымдарының академиялық деңгейінің артуына септігі тиері анық.
Халықаралық діндер тарихы одағының 41-і халықаралық, 5-і аймақтық одақ ретінде елуе тарта мүшесі бар. Олар: Африка, Германия, АҚШ, Еуропа (аймақтық), Австрия, Бразилия, Бельгия, Қытай, Дания, Чехия, Шығыс Африка (аймақтық) Индонезия, Эстония, Финляндия, Франция, Оңтүстік және Оңтүстік Шығыс Азия (аймақтық), Оңтүстік Африка, Оңтүстік Корея, Үндістан, Голландия, Англия, Израиль, Испания, Швеция, Швейцария, Италия, Жапония, Канада, Канада (Квебек), Солтүстік Америка (аймақтық), Куба, Латын Амрикасы (аймақтық), Литва, Болгария, Мексика, Нигерия, Норвегия, Польша, Португалия, Румыния, Ресей, Словакия, Түркия, Украина, Жаңа Зеландия және Грекия.
Отандық дінтану ғылымы да тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап түлектер шығарып келеді. Қазіргі таңда еліміздің алты жоғары оқу орнында дінтану мамандығы оқытылады. Оның үшеуі ғылым докторларын даярлаумен айналысып отыр.
Отандық мектептен жетіліп шыққандармен қатар, алыс-жақын шетелдерден тәлім алып, дінтану ғылымының қыр сырын, әр саласын меңгеріп келушілердің саны арта түсті. Енді елуге тарта ел мүше болып, діндер тарихы саласындағы соны зерттеулерді ортаға салатын осы одаққа мүшелікке өтуді қолға алған жөн секілді.
Өйткені еліміз барлық салада да әлемдік тәжірибені пайдалануды жолға қойып отыр. Отандық дінтану ғылымына да өзгелермен терезесі тең болуы үшін әлемдік тәжірибе ортаға салынатын одақтың мүшелігіне өтудің жолдарын қарастыратын уақыт келді деген ойдамыз.
Ернар ЕСІМҚҰЛОВ