Күндердің күнінде Аббасит халифатының патшасы Абдулла ибн Харун Мамун бала еді. Ол жергілікті медресеге сабаққа баратын. Ұстазы сабақтан қайтарда күнде оны аса таяғымен бір ұратын. Себебін сұрағанда ұстазы:
– Үндеме!-деп шығарып салады екен. Содан арада 20 жыл өтіп Абдулла халифаттық тағына отырып Халифа Мамун есімімен танымал болады. Бір күні ұстазының әлгі әрекеті есінен шықпай алдына шақыртады. Сарайға келген ұстазына:
– Бала кезімде неге күнде мені аса таяғыңызбен ұратын едіңіз? Енді себебін айтатын шығарсыз,-дейді. Ұстазы:
– Әлі ұмытпадың ба?-дейді. Халифа Мамун:
– Аллаһтың атымен ант етейін, мен ұмытқан емеспін,-деп күрсінеді. Сол уақытта ұстазы:
– Мен бала кезіңде сенің бойыңнан бір ерекшелік байқайтынмын. Мінекей, сол ерекшелік бүгінде сені таққа отырғызды. Сені ұруымның басты себебі, зұлым көрген адам зұлымдық жасаушының әрекетін ешқашан ұмытпайтыны секілді, сен де алдағы уақытта халыққа зұлымдық жасамасын деген едім. Себебі, зұлымдық қанша жылдар өтсе де адамның жүрегінде сөнбейтін өрт секілді,-деген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы