Әбу Ханифа үзеңгілес ғұламалар ортасында хадис пен фиқһты жетік білетін. Әрі күрмеуі қиын нәзік мәселенің шешімін қамырдан қыл суырғандай етіп шығаратын. Имам Шафиғидың:
«Адамдар фиқһ ілімінде Әбу Ханифаға аса мұқтаж»,-деген сөзі соның айғағы болса керек.
Хадис ғалымы Ағмаш пен Әбу Ханифа арасында қызықты оқиға болды. Бұл әңгімені Убайдулла бин Амр Әсади баяндап берген:
«Біз Ағмаштың құзырында отырған едік. Ол Әбу Ханифаға бірқатар мәселелер төңірегінде сауал қойды. Әбу Ханифа барлығына жауап берді. Сұрағына жауап тауып тәнті болған Ағмаш: «Сөздеріңді неге негіздеп айтып отырсың?»,-деп сұрағанда, Әбу Ханифа:
«Сен бізге Ибраһимнен мына риуаятты, ал Шағбиден мына риуаятты айттың емес пе?»,-деп Ағмаштың өзі риуаят еткен хадистерге сүйенгенін айтқанда, хадис ғалымы:
«Фиқһ ғалымдары сендер – дәрігерсіңдер, ал біз – дәрі жасаушымыз[1]»,-деп хадис маманы болу бір бөлек, сол хадистен шариғи үкім шығару бір бөлек ғылым екенін мойындаған екен.
Руслан ҚАМБАР
[1] Хатыб, «Фақиһ уа мутафаққиһ»