Кеше елордамызда өткен аралас жекпе-жек турнирінен кейін ММА жекпе-жек жарыстарын ұйымдастыратын Eagle FC компаниясының негізін қалаушы, белгілі спортшы Хабиб Нұрмагомедов оның компаниясы неліктен букмекерлік кеңселермен байланыс орнатпайтыны туралы сұраққа жауап берді.
– Сіздерге талай беттинг-операторлар талай милллиондарды ұсынатын шығар? Олардан бас тарту сіздің жеке принципті шешіміңіз бе? – деген сұраққа:
– Біздің өз демеушілеріміз бар. Солар арқылы да кез келген жарысты ұйымдастыра аламыз. Ал бәс тігуге келсек, кез келген құмар ойындар – алкогольден де қауіпті нәрсе. Ол қаншама тұтас отбасыларды құртып жатыр. Жастар соларға кіріп, шыға алмай қалады. Өзіңіз білесіз қандай ауру екенін. Ол есірткімен бірдей, адамды өзіне баурап алады. Мен егер осы жерде букмекерлерді жарнамаласам, ол есірткіні жарнамалағанмен бірдей, – деп жауап берді.
Айта кетейік, Исламда құмар ойындар – Құранда анық түрде тыйым салынған ауыр күнәлардың қатарына жатады. “Маида” сүресінің 90-аятында: “Әй мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар“, – деген.