Қасиетті жұма күні Павлодар қаласындағы тарихи көне мешіттердің бірі – «Бижан» мешіті күрделі жөндеуден өтіп, жаңарып, кеңейтіліп өз жамағатына есігін қайта ашты.
Салтанатты шараға Павлодар облысының бас имамы Бертымұратов Жолдас және қаланың қадірлі ата-апалары, ардагерлер, мешіт жамағаты көптеп қатысты. Шара аталмыш мешіттің бас имамы Әбдісамат Айтқазыұлының қасиетті Құран аяттарын оқумен басталды.
Келесі кезекте бас имам Жолдас Қоспақұлы және көненің көзі Қадиша Тоқыш қажы апамыз, мешіт жанашыры Сарсен қажы қатарлы адамдар құттықтау сөз сөйлеп, мешіттің жолашар лентасын қиды.
Күрделі жөндеуден өтіп, ұлғайтылған «Бижан» мешіті 200-ге жуық жамағат бір мезгілде намаз оқи алатын мүмкіндікпен қамтылып, имамдар бөлмесі, әйелдер намаз оқитын және дәріс алатын бөлме, қызметшілер бөлмесі, сонымен қатар жамағаттың сырт киімдерін шешіп, арнайы дәреталып жуынатын мүмкіндіктермен толық қанымдалған.
Айта кетер бір елеулі ақпарат, биыл жазда аталмыш ғибадатхананың ашылғанына 100 жыл толуына орай бұл айтулы дата облыс, республика көлемінде тиісті деңгейде аталып өтуіне дайындық та басталып кетті. Ол үшін мешіттің ішін әлі де безендіру, жамағат арасына әртүрлі көптеген діни-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда.
«Бижан» мешіті алғаш осы өңірдің Бижан Шоқыбасұлы есімді сауатты кәсіпкер мецанеттің ұйымдастыруымен 1923 жылы қарағай ағашымен салынып, 1991 жылға дейін кеңес үкіметі дәуірінде де үзіліссіз діни қызмет атқарып келген жалғыз мешіт. Мешіттің негізін қалаушы Бижан Шоқыбасұлы атамыз 1931 жылы тұтқындалып, Ресейдің Қарасуық қаласында түрмеде қайтыс болады. Көп уақытқа дейін «Бижан» есіміне тыйым да салынды. Бірақ, оның мейірімді есімі «Бижан мешіті» деген атаумен халық жадында мәңгі сақталды. Ал 2005 жылы Павлодар қаласының тумасы, еліміздің жанашыры, патриоты болған Рахат Маруанұлы өз қаражатының күшімен ескі «Бижан» мешітін қайта тұрғызып, жаңғыртып, ел алғысына бөленген еді.
Ғасыр жасаған жамағаттың сүйікті мешіті әркез жамағатқа толып, Жаратушының нұрына бөленуін нәсіп еткей деп тілейміз. Әмин!