Бұдан ширек ғасыр бұрын ВИЧ-жұқпалы дерті ең алғаш табылған кезде микробиологтар оны әп сәтте қуатты вакцинамен жойып жібереміз деп сенген еді. Алайда, бүгінгі мамандардың пайымдауынша, бұл вирус адамзатпен бірге мәңгіге қалатын сияқты.
1983 жылдың 20 мамыр күні американдық «Сайенс» журналында адамзат баласына төнген аса қауіпті кесел туралы ең алғаш рет мақала жарияланды. Оны жұқтырған адамның алдында өлімге бастайтын жалғыз-ақ жол қалатыны туралы айтылған сол жарияланымның шыққан кезінен бері, міне, 37 жыл өткен екен. Осы 37 жыл ішінде әлем бойынша 37 миллиондай адам індеттен опат болған.
ВИЧ-жұқпалы дертін тұңғыш тауып, жария еткен Пастер институтының француз зерттеушілері болатын. Сол кезде ВИЧ немесе СПИД деп аталатын бұл қайтпас дұшпанды олар «гомосексуалистер обасы» деп атаған еді. Олар тез арада тиімді вакцина жасап, кеселді келмеске кетіреміз деп ойлады. Бірақ, адамзат пен ғылым әлемінің бұл үміті желге ұшып, оның өзі келмеске кетіп бара жатқандай.
СПИД құрбандары Бірінші Дүниежүзілік соғыста қаза тапқан адамдардың санынан да асып түскен. Француз биологы Оливье Шварцтың пікірінше, мұндай қайғылы жағдайдың өршуіне бірқатар қателіктер себеп болған сияқты. Сол қателіктердің бастысы – індетке саяси, мемлекеттік және діни қайраткерлер, сонымен қатар жалпы қоғам тарапынан дер кезінде көңіл бөлінбеуі.
Оны ауыздықтайтын вакцина әлі күнге жоқ, індеттің дауасыз болғаны сондай, ғалымдар оған адамзат тарихындағы ең «қолға түспейтін» жау деген баға беріп отыр.
ВИЧ-жұқпалы дертіне қарсы гель түріндегі әйел микробицидін дайындау талпынысы ешқандай да нәтиже берген жоқ. Енді, міне, ХХІ ғасыр табалдырығын аттаған шақта аталған вируспен күрестің жалғыз-ақ құралы – ХІХ ғасырда жасалынған «мүшеқаптар» ғана болып қалып отыр.
Бүгінде нашақорлар, гомосексуалистер және жезөкшелер ВИЧ-жұқпалы індетін негізгі таратушылар қатарында, солар арқылы Қытайда, Үндістанда, Африка елдерінде ауру тез тарады. Қазір Сахара шөлінің оңтүстік бетіндегі аумақтарда әлемдегі СПИД-пен ауыратындардың үштен екісі тұрады. Бұған себеп, ол халықтарға бұрын ВИЧ дертіне қарсы қолданылатын дәрі-дәрмектер жеткен жоқ. Өйткені, ем-дом шараларының бағасы аспандап тұруына байланысты африкалық кедей халықтарға ол дәрінің иісі де бармайтын.
Шварцтың айтуынша, Африкада СПИД-ке қарсы емді қажет ететін адамдардың он пайызы ол емді мүлдем ала алмайды екен.
Қауіпті індетті жою туралы ой бүгінде құр арманға айналып бара жатқан сыңайлы. Вирусты тұңғыш ашқан Люк Монтэнье СПИД-ті толықтай жеңген күн бүкіләлемдік мейрамға айналады депті. Иә, дегенмен де, ондай күннің келерінен де әлі ешкім үмітін үзе қоймағаны рас.
«ХХ-ХХІ ғасыр обасы» деп айдар тағылып жүрген СПИД ауруын адамзат баласына азғындалып кеткені үшін Алла тағала жіберген жаза деген болжам бар. Жаратқан Иеміз бейбастыққа салынған пенделерін ешбір дәрі-дәрмек те, вакцина да жаза алмастай осы індет арқылы жазалап жатыр дейді.
Қазіргі көптеген атеистер біздің «өркениетті заманда» мұндай аңғырт пікір айтудың ешбір ғылыми негізі жоқ деп көлгірси сөйлесе де, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) мына бір хадисін естен шығармаған жөн: «Қандай да болсын адамдар арасында немесе халықтар ішінде зинақорлық пен жыныстық күнәлардың басқа да түрлері ешқандай тыйымсыз жиі әрі ашық түрде жасалынса, Алла оларды бұған дейін ешбір адам білмеген жұқпалы ауру-індеттермен жазалайды», – дейді.
Мүмкін СПИД те осындай себеппен адамзат баласына жіберілген жаза шығар, кім білген? СПИД ширек ғасыр бұрын ғана ауру ретінде танылғанмен, одан ең алғашқы адам өлімі сонау 1968 жылы тіркелді. Сол кезде 14 жасар афроамерикандық бозбаланың қандай аурудан қайтыс болғанын дәрігерлер анықтай алмай-ақ қойған еді.
70-жылдардың соңында дәл осындай белгісіз себептермен бірнеше жезөкше о дүниеге аттанды. 1980-жылдардың басында ғана бес «көгілдірден» жаңа ауруды тапқанда оны алғашында рактың сирек бір түрі деп қабылдаған екен. Осы деректерге қарап отырсақ, СПИД өзінің ажал тырнағын ең алдымен жезөкшелер мен көгілдірлерге салудан бастаған. Бұл жайт пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ескерткен хадис сөздерінің айнымай келгенін айғақтап тұрған сияқты.
Біріккен Ұлттар Ұйымының 1999 жылы таратқан мәліметіне сүйенсек, қазіргі кезде жер басып жүрген 60 миллиондай адам СПИД-ті жұқтырған. Батыста аталған вирусты тұңғыш таратушылар көгілдірлер болса, бұрынғы КСРО-да нашақорлар мен санитария талаптарын сақтамаған кейбір емдік мекемелердің пациенттері бірінші болып осындай қайғылы жағдайға ұшыраған. Кеңестік кеңістікте алғашқы СПИД оқиғасы 1987 жылы тіркелсе, бүгінгі күнге дейін ТМД аймағында 4 мыңнан астам адам осы аурудан о дүниелік болған.
Бүгінде Қазақстанда СПИД жұқтырғандар саны 24 мың адамды құрайды деген ресми дерек бар. Оның 87 пайызы – нашақорлар, ал осы аурулардың әрбір бесіншісі – бала көтеру жасындағы әйелдер екен. Сонымен қатар, 14 жасқа дейінгі ауру жұқтырған балалар да бар көрінеді.
Бұл сандар Қазақстандағы СПИД жағдайының батыс елдеріндегідей тым өршіп кеткендігін көрсетпесе да, мұны ұлттық болашағымызға төнген үлкен қатер деп санағанымыз орынды.
2000-жылдардың басында мамандар СПИД індетінің төңірегінде небір қорқынышты болжамдар айтқан болатын. Олар алдағы жылдары осы ауруға ұқсас басқа да індет түрлерінің пайда болуын жоққа шығармаған-тын. Мәселен, тек жыныстық жол және қан арқылы емес, қол тигізсең-ақ немесе тұмау секілді ауа арқылы жұғатын да аурулар өмірге келуі ғажап емес деген еді.
Өткен жылдың аяғында басталған коронавирус пандемиясы сол мамандардың қаупін расқа айналдырғанын көріп отырмыз.
Сонда бүгінгі таңда адамзат баласы жұқпалы дерттердің алдында қасқырлар қоршауына түскен қозыдай мүлдем қауқарсыз халде ме? Одан құтылу және алдын алу үшін не істеуіміз керек? Жұқпалы аурулар осы қарқынмен біртіндеп адамдарды жұта беретін болса, адамзат тарихына нүкте қоятын кез де тым алыс емес сияқты ғой.
Алайда, Жаратушымыз Алла тағаланың қартаю мен өлімнен басқаның емі бар дегенін есімізден шығармайық. СПИД құрдымына түспейтін жолдарды да Исламнан табуға болады. Егер шариғат заңдылықтарына сай айтылған ескертпелерді, Ислам қағидаларын құлаққа асып, соны орындап жүрер болсақ, өзімізді СПИД-тен қорғауға толықтай мүмкіндігіміз бар.
Исламдағы зинақорлыққа қатысты тыйым етілген шарттарды берік сақтау СПИД төңірегіндегі проблемаларды шешуге жол ашады. Исламда некесіз жақындасу мен көгілдірлердің арсыз әрекеттеріне қатаң тыйым салынғаны белгілі. Алланың алдында ақ некесін қидырып, ерлі-зайыпты атанғандардан басқалар арасындағы жыныстық түрдегі кез келген қатынас ол адамға үлке күнә әкеледі. Қияметте оның баратын жері – Тозақ.
Мамандардың пікірінше, әсіресе, көгілдірлер арасындағы қатынастарда және басқа да құмарлық әрекеттерде ВИЧ вирустары адамнан-адамға тез беріледі екен. Бұл ауруды жұқтырудың ең оңай жолдары саналып отыр. Сонымен қатар, әйелдің етеккірі келген кезде онымен жақындаспау мен ғұсыл алу да ауру жұқтырмау мәселесінде үлкен мәнге ие.
Исламда жыныстық қарым-қатынастарға қатысты айтылған тыйымдар мен ережелер бұнымен шектеліп қалмайды. Мәселен, намаз, дұға оқу және ораза ұстау адамды тыйым салынған нәрселерге, соның ішінде зинақорлыққа жібермейтіні рас. Бұл да адамдар үшін СПИД-пен күресте үлкен көмек болары сөзсіз.
Құранда айтады: «Кітаптағы өзіңе аян етілген аяттарды ғана насихаттап, намазды қаза қылмай (беріліп) оқы. Намаз, шынын айтайық, жаман қылықтардан, күнә жасаудан сақтайды…» («Әнкабут» сүресі, 45-аят).
Ораза туралы айтар болсақ, ол адамды ішімдіктен тыйып, есірткіге тәуелділіктен құтқарады. Бұл бірқатар медициналық зерттеулер нәтижесінде дәлелденіп отырған шындық. Ораза адамға рухани да, денсаулық тұрғысынан да орасан зор көмек береді.
Гарвард университетінің Медицина мектебінде қызмет істейтін Усама Кандил есімді доктор бір ай бойына күндізгі уақытта тамақ ішуден тыйылып, ораза ұстаған кезде адам ағзасында орын алатын өзгерістер иммундық жүйені қалпына келтіретінін анықтаған. Ол өзгерістер иммундық жүйеде маңызды рөл атқаратын Т-жасушалары санының артуына ықпал етеді екен. Осылайша, ораза ұстау арқасында адамдар өз ағзаларын СПИД-ке қарсы тұруға қауқарлы қылады.
Жалпы, Ислам дінінің әрбір қағидасы, тазалыққа үндеуі, тағам сапасына көңіл бөліп, шошқа етінен, мас қылатын ішімдік атаулыдан бас тартуға шақыруы жер бетіндегі кез келген індеттің таралуына тосқауыл қояды. Ислам бар жерде, қоғам әртүрлі аурулардан да, қылмыстардан да, тәртіпсіздіктерден де басқа өңірлерге қарағанда ада болатынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр.
Мәселен, жоғарыда сөз болған Африка құрлығын алайық. Мұнда әрбір оныншы адам ВИЧ-жұқпалы дертіне шалдыққан. Алайда, Африканың Ислам діні көбірек таралған аймақтарында СПИД-пен ауыратындар азырақ тіркелгені дәлелденіп отыр. Мұсылман емес тұрғындары аз Египет, Алжир, Марокко елдеріндегі жағдай осындай көрінеді.
Сонымен бірге, халқының жартысын мұсылмандар құрайтын Нигерия, Мали, Чад, Гвинея секілді мемлекеттерде де ауру жұқтыру жағдайы қауіпті деңгейде емес. Есесіне, мұсылман діні жетпеген басқа елдерде СПИД індеті өршіп кеткен.
Бүгінгі күні қандай да болмасын ел қоғамында СПИД-пен қатар, осы аурумен ауыратын адамдарға деген мейірбандық мәселесі де үлкен проблема болып отыр. Батыс мемлекеттерінде СПИД жұқтырғандарды қоғамнан аластау керек, олар адамдар арасында өмір сүрмеу қажет деген шу бірнеше дүркін көтерілген болатын. Тіпті, аурулармен жай сөйлесуде немесе қасында жүргенде, яғни қалыпты жағдайда бұл індеттің жұқпайтынын біле тұра, сол жандарға деген мейірімсіздік көріністері естіліп қалған-ды.
Осы тұрғыда Әбу Хурайрадан жеткен бір хадисте былай делінеді: «Алла тағала Қиямет Күні: «Ей, Адам баласы! Мен ауырғанда сен Маған келмедің!» – дейді. Сонда адам таңданып одан: «Я, менің Тәңірім! Сен бүкіл Ғаламның Әміршісі болсаң, мен Саған қалай бара алам?» – деп сұрағанда, Жаратқан Иеміз оған былай деп жауап береді: «Ал, сен менің (мына) құлымның ауырғанын білмеп пе едің? Неге соған барып көңілін сұрауды қиынсындың? Егер сен соған барғаныңда, онымен бірге Мені де көрер едің», – дейді екен».
Әрине, СПИД-ті жұқтырған бақытсыз жандарды жәбірлеп, жақындаса қашқалақтап, оларға мейірімсіздік таныту адамшылыққа жат. Керісінше, оларға материалдық та, психологиялық тұрғыда да жәрдем беру, жылы сөйлеп жанына демеу жасау – үлкен сауапты іс. Олардың өз қайғыларының үстіне қайғы жаматып, жығылғанға жұдырық таныту – мұсылманға тән әрекет емес.
Мұхаммед ӘЛИ