«Ілім, өнер мен ғашықтық – егіз ұғымдар» дейді шығыстың ойшылы Икбал. Яғни, екеуінің мақсаты бір, ол ақиқатын тану мен сезіну. Шексіздікке серпілтетін рухани құбылыс.
Ғашық адам ғашығына жүрек көзімен қараса, сырттағы адам материалдық екі көзімен ғана қарайды. Сондықтан сырттағы адам ғашық болған жанның ғашығының нәпсілік кемшілігін көріп, ғашық жанға «жынды» деген атау береді. Дұрысында ғашық адамға жындылық сипатын таңады.
Ілімге жүрек көзімен ұмтылып, сол жолда ұзақ саяхатқа шыққан ғалымның хәлі секілді.
Нәпсінің тәрбиеленетінін көкірек көзі ашылған қай ілім иелерін оқысаң да түсінікті жайт. Ал, әр адамның өзіне тән рухани болмысы мен мөлдір таза рухы бар. Ғашық адам ғашығының тәрбиеленетін нәпсілік кемшіліктерін тесіп өтіп, көңіл көзімен рухани болмысын көреді.
Ақиқатты ғалымның байқауы мен өнер адамының сезінуі секілді құбылыс.
Ғашық адам ғашығына қарағанда өзінің рухани болмысын айнадан көргендей сипатта болады дейді. Яғни, «айна» ұғымы, «мүмин мүминнің айнасы» пәлсәпасы. Рухани бірлік арқылы шексіздікке жалғану. Хәкімдер айтқан, ақиқатты сезінген жанның рухани шалқуы. Себебі тарихтың рухани қабатына зер салсаң, адамның ақылына мәңгілік пен шексіздік алыс, алайда адамның жан-дүниесі оған іштей жақын, сезініп өмір сүреді. Адам өзінің бар болуын шекіздіктен алып келеді, бірақ оған жете алмайтын құбылыс.
Бұл құбылыс ақылдылар үшін тарихта дені дұрыстық, надандар үшін жындылық сипат болған.
Ғашықтықтың құбылып, жүрек көзінің жабылуы материалдық құбылыстың ықпалынан болады деуде. Демек, ғашықтықтың нәзік хәлден суық халға өтуі, көңіл көзінің ішкі айнаға қараған құбылысы емес, екі көздің сыртқа ұмтылған құбылысы. Абайша, «Ғашықтық, құмарлық пен – ол екі жол».
Шын ғалымның нұрлы ақылы, өнершінің сезімдік таным түйсігі, ғашықтың көңіл көзі, Ибн Сина ілімінде бір ұғым. Яғни, «киелі ақыл». Ғазалише, жүректің көзі болған «түйсіктің» ашылу құбылысы. Әрі қарай Абайша, «жүректің көзі ашылса, Хақтың түсер сәулесі!»
Ғашықтықтың екінші құбылысы – кеудені рухани тазалау құбылысы. Мейлі ілімге, мейлі жарға ғашық болу құбылысы болсын. Ғашық адамның өзгеріп кететін хәлі содан дейді даналар. Тағы да Абаймен өрнектесек, «кеудедегі кірді қашырсаң, адамның хикмет кеудесі».
Сонда жынды кім болды?
Жарас АХАН,
«Muğla Sıtkı Koçman» университетінің
PhD докторанты