Бүгінде әлем түбегейлі өзгерді. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрып баяғыдай қатаң сақталмайды, кейбірі тіпті қолданыстан шықты. Оның үстіне ақпараттың ағымы тез, технология дамыды. Осы орайда жастардың да өмірге деген көзқарасы алмасты.
Қоғам дамып, қолданысқа гаджеттер мен түрлі байланыс құралдары енгелі, жас ұрпақтың таным көкжиегі артып, олар көп нәрсені білуге мүмкіндік алды. Жат мәдениет, басқа ұлттың тыныс-тіршілігі туралы білім жастардың руханиятқа деген қызығушылығын арттырғаны сөзсіз.
Жалпы, біз рухани қызығушылықтың не екенін білеміз бе? Бұл – адамның өзін танып, өмірдің мәнін түсінуге, өзін және қоршаған орта жүйесін ұғынуға деген ұмтылысы. Яғни, рухани дамығысы келген адам моральдық және этикалық құндылықтарды қалыптастыра бастайды. Сол арқылы адам өмірді жаңа қырынан таниды, жаңа деммен өмір сүруді үйренеді.
Қазіргі әлемде жеке тұлға болып қалыптасу үшін өзіңді тану маңызды. Жас буын осы орайда дінді, психология мен мәдениетті һәм қоғамды зерттейді. Олардың көбі дінге қызығушылық танытады. Алайда, тек мұнымен шектеліп қалуға болмайды, себебі қазіргі заманда жастар діни ғана емес, моральдық, адамгершілік, мәдени бағыттарға тереңінен үңіліп үйренуі керек. Келешек ұрпақтың бүгіннен рухани ізденіс үстінде болып, жеке тұлға ретінде өзін тануы ел болашағына тікелей әсер ететін фактор.
Бұл процесс бүгінде жаһандану, интернет, материализм сынды сұрақтардың әсерімен дамып келеді. Олар өздерінің рухани ізденістері арқылы тек өз өмірлеріне мән іздеп қана қоймай, қоғамдағы әлеуметтік және мәдени өзгерістерге де ықпал етеді. Аталған үрдіс болашақта қоғамның рухани жаңғыруы мен этикалық құндылықтардың қайта қаралуына себеп болады.
«Ел ертеңін кімге сеніп тапсырамыз?» дегенде, ойға еріксіз еліміздің жалынды жастары келеді. Олар ел билігін қолына алып, мемлекеттің ең мықты қорғаны болады, тың идеяларымен қарқынды дамуға үлес қосады. Сондықтан, еліміздің әрбір жас өренінің қоғамдағы орны маңызды, яғни кез келген салада жастарсыз жандану қиын. Рухани ізденістің күші адам бойындағы түрлі қасиетті ашады. Ол саяси, әлеуметтік, экологиялық салалардың дамуына да әсер етеді, тіпті адами жақсы қасиеттер қалыптастыруға да қауқары жетеді.
Бүгіннен ғылым мен білімге ден қойып, екі ұлы ұғымды ұштастырып, заманнан тыс қалмай, жетістік тұғырынан көрініп жүрген ұрпақ жоқ емес. Қазақстанда 5 млн-нан астам жас буын өкілі болса, олардың қатары білімді, талантты, қабілеті зор мамандармен толығуда. Бұл қазіргі жастардың тереңнен ойланып, жаңа мақсат пен өмірлік қағидаларды қалыптастыруының арқасында жеткен жетістік.
Десе де, олардың жағдайы таразы басын тең ұстап тұр, яғни теріс тұстары бар. Рухани әлсіздік әлемді толғауы тиіс мәселе. Қазіргі зерттеу нәтижелеріне қарасақ, цирфлық технологиялар жас буынның санасына сүзгісіз ақпарат береді. Соның салдарынан, «цензурасыз» ашық алаңда тәжірибелерімен бөліскен жандардың өмірінен сабақ алуға мүмкіндіктер артты. Ал, шексіз ақпараттар айдынында адаспас үшін жасөспірімді ақ пен қараны ажыратуға, тағылымы мол нәрсені ұғынуға үйрету керек. Соның ішінде, жастарды ғаламтор арқылы жат ағым өкілдерінің арбауынан қорғау керек. Өйткені, радикалды идеологияны насихаттаушылар интернетті негізгі тарату құралына айналдырды.
Жасыратыны жоқ, қазір материалдық құндылықтар басымдыққа ие. Қоғамдағы бұл тұтынушылық мәдениет оларға үлкен қысым түсіреді. Адами құндылығың мансап пен әлеуметтік мәртебеңмен өлшенетін заманда рухани білімге деген тапшылық қашанда сезілетін болады.
Қазақстандық жастар атап өткен рухани құндылық шеңберін қалыптастырып келеді. Дін тұрғысынан болсын, өзге мәдениетті зерттеу бағыты бойынша да өзіндік айқын пікір қалыптастыруда. Ел болып өркендеу үшін өркениеттің өшпес ізі қалған құндылықтарды білу мен құрметтеу қашан да басымдылыққа ие. Ал жастар мұның маңызын түсінеді.
Мадияр ҚАРЖАУБАЙ,
Қызылорда облысының дін істері
басқармасының «Дін мәселелерін
зерттеу орталығы» коммуналдық
мемлекеттік мекемесінің
психолог маманы