Бакир ибн Мунир деген ғалым Имам Бухари (р.а.) жөнінде былай дейді:
«Имам Бухаридың (р.а.): «Қиямет күні Алланың алдында ғайбат айтқаным үшін есепке тартылмаймын деп үміт етемін», – деген сөзін естіп, ол жөнінде пікір етіп, өмірін зерттеп, кітабына қарадым.
Хадис ілімінде «жарх уа тағдил» деген хадистің дұрыстығын зерттейтін ілім бар. Яғни, хадисті жеткізуші рауидің шыншылдығы мен жалғаншылдығын ажырататын ілім. Хадисті риуаят еткен сахабалар жөнінде бұл мәселе туындамаған еді. Бірақ олардан жеткізген табиғиндер, табаға табиғиндер ішінде кейбір жалған айтатын хадис рауилері (жеткізушілері) кезігетін болды.
«Жарх уа тағдил» ілімі шарты бойынша, рауилер тізбегіндегі сондай адамдар «каззаб (өтірікші), жалған айтушы» деп көрсетілу қажет болатын. Алайда, Имам Бухаридың (р.а.) «Сахихул Бухари» кітабынан осындай жалған айтушы рауилерге байланысты қолданған тәсілін көріп, таң қаласыз.
Егер ол кісі оларды каззаб, жалған айтушы деп сипаттаса, қай жағдайда да ғайбат айтқан болар еді. Ал Имам Бухари (р.а.) болса, рауилер тізбегінде сондай адам келсе, «Мункарул хадис» (алынбайтын хадис), «Маскутун анһу» (ол рауи жөнінде үнделмейді, сөз етілмейді) немесе «Фиһи рай» (Ол рауи жөнінде көзқарас бар) деп қана жазып кетіпті. Осылайша, ғайбат айтудан ада болған екен».
Құраннан кейінгі кітап болып саналатын «Сахихул Бухари» хадис кітабының авторы – Имам Мұхаммед ибн Исмағил әл-Бухаридың (р.а.) өнеге алатын бұл ісі баршамызға үлгі боларлық амал екені айдан анық.
Алла Тағала баршамызды ғайбат айтып, күнәға батудан сақтасын!
Қуат ҚАБДОЛДА