Гауһар Омарханова Иранның Pars Today ақпарат агенттігінде қазақтілді радиобағдарлама жүргізеді. Сондай-ақ ол парсы әлеміне Абайдың шығармаларын насихаттауды, оның өлеңдерінің құдіретін танытуды басты міндет санайды. Одан бөлек, ол Иран жұртшылығына Мақпал Жұмабай, Ақберен Елгезек, Есей Жеңісұлы, Қалқаман Сарин секілді ақындардың шығармаларын таныстырып жүр. Алдағы уақытта он бес ақынның туындысын аударып, жинақ қылып шығаруды көздеп жүрген Гауһарға хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Көпшілік сізді «Ирандағы Қазақ радиосында жұмыс істейтін журналист» деп емес, парсыларға Абайды насихаттап жүрген аудармашы» деп біледі. Тіл маманы болмасаңыз да, жастайыңыздан әдебиетке етене жақын болып өскен боларсыз деп ой түйіп отырмын. Солай ма?
– Иә, расымен әдебиетке жақын болып өстім. Әңгімені әріден бастасам, Семейден 90 шақырым жерде орналасқан Жаңа Семей ауданы Шаған ауылында дүниеге келгенмін. 7-сыныпты бітірген соң ауылда жақсы оқитын екі оқушымен бірге Алматыдағы Республикалық қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатында оқу бақыты бұйырды.
Аталған мектепті Алтын белгіге бітірген соң, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің шығыстану факультеті ирантану кафедрасына оқуға түстім. Иранның мәдени өкілдігі Алматыда жыл сайын Орта Азия елдері студенттерінің арасында парсы тілінен олимпиада өткізіп, жүлделі орындарға іліккендерді Тегеранға тіл курсына жіберетін. Мен сол олимпиадада екі рет жүлделі болып, Тегеранға екі рет бардым.
Университет бітіргелі жатқанда профессор Сафар Абдолла Қазақстандағы Иран елшілігіне аудармашының қызметіне шақырды. Онда үш жыл жұмыс істеген соң, Тегерандағы Алламе Табатабай университетінің парсы тілі және әдебиеті факультетінде білімімді жалғастырдым.
Магистратура бөлімінде оқып жүргенімде осында қазақ тілінде ақпарат тарататын Қазақ радиосы бар екенін естіп, бірлестік өкілдерінен жұмыс сұрадым. Сөйтіп, қазір сол бірлестікте он жыл бойы жұмыс істеп келемін.
Ал Иранда Абайды насихаттап жүрген аудармашы ретінде танылғаным рас. Біле білсеңіз, Иранда Абайдың бірнеше туындысы мен қара сөздері, сондай-ақ, М.Әуезовтың «Абай жолы» романы парсы тіліне аударылды.
Негізі, Тегеранда әдебиет пен мәдениетті жаңғыртуға бағытталған екі үлкен іс-шара өтеді. Біріншісі, Тегеран университетінде ұлттар күні тойланып, көрме ұйымдастырылады. Сол кезде университет өкілдері студенттерге «Әркім өз елін таныстырсын» деп арнайы орын бөліп берді. Осылайша, жан-жақта оқитын қазақ студенттер қолымызда бар заттарды көрмеге әкеп қоямыз. Сөйтіп, сегіз жыл бойы пандемияға дейін үздіксіз қатысып жүрдік.
Сосын Тегеранда жыл сайын елшіліктердің қолдауымен кітап көрмесі өтеді. Сол көрмеге біздің елшіліктің атынан мен қатысамын. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілдері көптеген кітап пен буклеттер беріп жібереді. Одан бөлек, кітаптарды өз бетімше жинаймын. Елге барған сайын сатып әкелемін.
Біздің стендке келгендердің көпшілігі «Сендерде ақын-жазушылардан «Мынау мықты» деп көрсететіндей кім бар?» деп сұрайды. Сұрамай-ақ, бас ақын Абай екенін бірден білсін әрі Абайдың бет-әлпетін жаттап қалса екен, кемі есімін жаттап алса екен деген мақсатпен көрменің бір бұрышын арнайы жасақтап қоямын.
Жалпы, Тегеранда көрмеден бөлек Рамазан айында да көптеген мәдени іс-шаралар өтеді. Сол жерлерге де Абайдың кітаптарын көтеріп апарамын, сөйтіп ақын туралы мол мағлұмат беремін. Одан бөлек, әлеуметтік желідегі парақшама парсы тіліне аударылған кітаптарды жариялап отырамын. Мұны көрген ирандықтар оқи тұруға сұрайды, сөйтіп, пошта арқылы оларға салып жіберемін.
– Ирандағы Қазақ радиосы дегенге біздегі Qazaq radiosy-ның филалы шығар деп ойлаған біз бұл бірлестіктің Иран үкіметі тарапынан құрылғанын естігенде таңғалдық.
– Иә, Иран үкіметі 1979 жылы Иран телерадио бірлестігі жанынан Әлемдік қызмет торабын құрған болатын. Әу баста олар шет тілдерінде Иранның мәдениеті мен әдебиеті туралы ақпарат таратуды мақсат еткен. Сөйтіп, олар Ираннан 32 ұлттың өкілін іздеп, елден табылмаса туған елінен арнайы шақырып, әрқайсысына редакциядан орын беріп, студия ашып, алаңсыз жұмыс істеуге барлық жағдай жасап берген.
Ал қазақ бөлімі 1997 жылы ашылған, былтыр қазақ редакциясының жиырма бес жылдығын тойладық. Pars Today ақпарат агенттігінің ресми сайтын ашсаңыз, ақпараттың 32 тілде таратылатынын байқайсыз, соның ішінде біз әзірлейтін қазақ тіліндегі жаңалықтарды оқи аласыз.
Негізі, бұған дейін ұжымда он бес шақты маман болған еді. Бұл іске Иран қазақтары жұмылдырылып, тіпті елден де мамандар арнайы шақырылған болатын. Алайда пандемия салдарынан қызметкерлер саны қысқарып, қазір үш қазақ жұмыс істейміз. Міндетіміз – Иран мен Қазақстанға қатысты жаңалықтарды, сараптама материалдарды аударып, қазақтілді бағдарлама әзірлеу. Сондай-ақ сайтқа Иран мен Қазақстанда болған елеулі оқиғаларды да жариялап отырамыз.
– Радиодағы жұмысыңыздан бөлек, қазақ ақындарының таңдаулы шығармаларын парсы тіліне аударып жүргеніңізден хабардармыз. Аудармашылардың көбі поэзияға қарағанда прозаны аудару жеңіл екенін айтады. Ал Мақпал Жұмабайдың отыз өлеңін, Қалқаман Сарин мен Ақберен Елгезектердің таңдаулы шығармаларын аударған сізге поэзияны аудару әлдеқайда оңай секілді.
– Иә, маған поэзияны аударған ұнайды. Негізі, парсы тіліне аударуды Мақпал Жұмабайдың шығармаларынан бастадым. Оның «Мақпал шер» поэтикалық жинағына енген 30 өлеңін аудардым. Отыздың 15-ін өңдеуден өткізіп, түрлі платформаға, әсіресе әлеуметтік желідегі жеке парақшама жариялап жүрмін. Алдағы уақытта 30 өлеңнің қос тілдегі нұсқасын жинақ етіп шығару ойда бар.
Неге Мақпал десеңіз, маған оның шығармалары ерекше ұнайды, әмбе оның тілі жеңіл. Мысалы, Дәулеткерей Кәпұлының туындыларын аудара алмас едім, себебі оның тілі тым шұрайлы, шығармаларында қазақша «реңк» бар, оны тек қазақ түсінеді. Ал Мақпалды кез келген ұлт түсінеді, өйткені ол шығармаларында бір ұлттың ғана емес, жалпы адамзатқа ортақ мәселелерді сипаттайды. Оның үстіне, Мақпал өз өлеңдерін гитарамен сүйемелдей отырып өзі айтады.
Негізі, парсы тілін жетік білген соң, қазақ тіліндегі кез келген өлеңді оқыған кезде бірден «Мына өлеңді парсышаға аударсам қалай болар екен? Қай сөзбен жеткізсем болады?» деген ойға шомамын. Сосын оқып отырып, сол арада қалайша оны парсыша «сөйлеткенімді» сезбей қаламын.
Ал өзге ақындар туралы сөз етер болсам, Алматыдағы достарыммен ақылдаса келе, елдегі 4-5 ақынды Иран жұртшылығына таныстыруды жөн санадым. Сөйтіп, Ақберен Елгезектің «Мінәжат», «Сені ешкімге бермеймін», «Бақыт», Қалқаман Сариннің «Оқырман қызға», «Отан» деген өлеңдерін аудардым. Сондай-ақ Танакөз Толқынқызының «Сағыныш», «Әдемі» деген туындыларын тәржімаладым. Одан бөлек, Абайдың «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» пен Шәкәрімнің «Адамдық борышың» деген өлеңдерін аударғаным бар.
–Иран жұртшылығының қазақ ақындарының, әсіресе Абайдың туындыларын оқыған кезде қандай әсер алатыны бізге қызық…
– Олар Абайдың туындыларын «хикметке толы екен» деп айтады. Тағы бір қызығы, олар «Мәссаған, сендер де біз секілді ойлайды екенсіңдер ғой!» деп аң-таң болады. Әсіресе, олар Абайдың мінез-құлық, дүниеге көзқарас туралы өлеңдерін оқығанда таңғалысын жасырмайды. Сосын ақынның туындыларынан «Адамды сүй, Алланың хикметін сез», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлең жолдарын кездестіргенде қазақ даласында дін, мұсылманшылық туралы философиялық ой-толғамдары болғанын біліп, тағы таңырқайды. Олар ертеректе арабтар ғана осылай ой түйеді деп ойласа керек.
Сосын қазақ әдебиетіндегі басты тақырыптар – туған жер, туған ел, Отан -ана, әке, ана ғой. Ал ирандықтар көбіне ер мен әйелдің арасындағы ғашықтықты жырлайды. Әсіресе, парсы әдебиетінде әйел адамға арналған одалар көп. Бірақ олар ғашықтық жырларын біз секілді табиғатпен астастырып сипаттамайды.
Мысалы, «Япурайдың» бірінші шумағында табиғат сипатталса, екіншісінде ғашықтық ғаламаты баяндалады ғой. Ал ирандықтар мұндайды «нақышына» келтіріп, құрастыра алмайды. Бірде режиссер Жаңабек Жетіруовтың Тегеранда өткен кинофестивальде «Шыңырау» фильмі көрсетілетінін естіп, ирандық достарымды ертіп бардым. Субтитр арқылы ұғынып отырса да, фильмдегі кейбір сәттерді оларға түсіндіріп отырдым. Бізде адамның мінезін түнерген бұлтпен немесе тулап жатқан теңіз арқылы білдіреді. Сосын Иранда қар аз жауады. Ирандықтарға қыста қалың қар басқан дала таңсық. Сәйкесінше олар төрт мезгіл арқылы адамның мінезін сипаттауға болатынын білмейді екен. Сосын кинодан шыққан олар таңғалысын жасырмай, әлгі кинотуындыны менің көмегіммен әлдеқайда түсініп көргенін айтады.
Айта кетерлігі, сексен миллионнан астам халқы бар Иранда Жазушылар одағы болуы мүмкін емес екені түсінікті, себебі мыңдаған жазушыны бір одаққа біріктіре алмайсың. Сол себепті әр облыстың ақын-жазушылары ұйым құрып, конференциялар өткізіп тұрады.
Мақпалдың өлеңдерін аударғанымды естіп-білген Ираннның бір облысындағы әдеби клуб мүшелері конференцияға қатысуға шақырды. Оларға бірден «Сіздерге алдымен Мақпалдың гитарамен сүйемелдеген нұсқасын тыңдатайын, өлеңнің ырғағын сезініңіздер, сосын парсыға аударған нұсқасын оқып беремін» дедім. Сөйтіп, сексенге жуық адамға алдымен видео көрсетіп, артынша өлең оқыдым. Аң-таң болған олар соңында «Жүрекке жетті! Сөздерді дұрыс таңдапсыз. Керемет!» деп ризашылығын білдірді. Горганда тұратын қазақтар да «Жақсы аударады екенсіз, біз мұндай ақындар бар екенін білмеппіз» дейді. Сөйтіп, олар өлеңдердің қазақша нұсқасын іздеп, оқып жүреді.
Шыны керек, Горган қазақтарының арасында кирилл қарпін танитындар аз. Жастар мүлде білмейді. Бірақ олар қазақша жақсы сөйлейді. Үлкендер Ақтаудан «Отау TV» спутниктік телеарна қабылдағыштарын арнайы алдыртып, орнатқалы бері жастар тек қазақтілді арналарды қарайтын болды. Сөйткен олар қазір қазақ әншілерінің барлығын таниды, қазақстандықтар қатысатын спорттық ойындар мен айтыстарды қалт жібермей көреді.
– Алдағы уақытта тағы кімдердің туындыларын аудармақшысыз?
– Ерлан Жүністің туындыларын аударғым келеді. Ұмытып барады екенмін, былтыр Есей Жеңісұлының «Ей адамдар» деген өлеңін аударғанмын. Алдағы уақытта ол кісінің бірнеше туындысын аудару ойда бар. Жалпы, жоғарыда айтқан жинақтан бөлек, 15 қазақ ақынының туындылары мен өмірбаянын аударып, бір жинақ шығаруға кіріспекпін.
–Абайды арабша сөйлеткен, Каирде тұратын Рабиға Төлебай араб ақындарының оған көмектескенін, әдеби жағынан редакциялап, кем-кетігін түзеп бергенін айтқан еді. Сізге де осылай көмектесетін ақындар бар шығар?
– Әлбетте. Парсы тілін білетін қазақтар көп болған соң, мені түзейтіндер табылады, сол себепті жарияламас бұрын осында тұратын екі ақынға аудармамды жіберіп отырамын. Олар сыни тұрғыда талдап, әділ бағасын береді. Бірақ «Жүре берсең, көре бересің» демекші, бәлкім 1-2 жылдан соң бұрын аударған дүниелерді басқаша жеткізермін.
Қазір парсышадан қазақ тіліне аударып жүрмін. Иранға танымал, ғылыми фантастика жазатын Ирач Бакчич деген қаламгер сиясы кеппеген әңгімелерін маған жібереді, мен қолым бос болса тура сол күні қазақшаға аударып беремін. Мұны да жеке жинақ қылып шығарғым келеді.
– Қазақстан елшілігі Иранда ұйымдастырылатын конференциялар мен кездесулерде ара-тұра сіздің көмегіңізге жүгінетін шығар?
– Студент кезімізден «Шетте жүрген адам – өз мемлекетінің елшісі» екенін миымызға құйып, санамызға сіңіріп қойған. Бөтен ортаға түскен кезде сенің кім екеніңді, қайдан келгеніңді сұрайтыны айтпаса да түсінікті, ал кім екеніңді білмей, айқындай алмасаң, ол ортаның құрметі азаяды. Тіпті, менің кім екенімді үстіме киген киімімнен-ақ біліп тұру керек. Сол үшін үнемі қамзол киіп жүремін. Ирандықтарға «Қошқар мүйіз оюын көрсеңдер, қазақтар деп білерсің» деп айтамын.
Бұрын ирандықтар конференция ұйымдастыратын болса, алдымен қазақтілді аудармашылар іздеп, зыр жүгіріп жүретін. Ал қазір бұған басын қатырмайды. Себебі олар қазақ тілі анау айтқандай мәртебеге ие емес екенін түсінді. Бірде бір ирандық «Мәссаған, біз қазақтілді мамандар таппай, шарқ ұрып, сандалып жүрсек, сендер орысша да сөйлей береді екенсіңдер ғой. Енді қиналмайтын болдық» дейді. Ал бұл менің намысыма тиеді. Менің көмегіме жүгінетіндер көп, бірақ оларға «Орыс тілін білемін, бірақ мен тек қазақ тіліне аударамын» деп үзілді-кесілді айтамын. Дегенмен орыстілді аудармашыларға көп жүгінеді, оның үстіне Мәскеуде оқып келген ирандықтар жетерлік. Кейде елден келген делегация өкілдеріне ренжіп, наламды айтамын. Оларға «Қазақша сөйлеңізші, қасыңыздағы кісі парсы тіліне аударып берсін» деп өтініш білдіремін. Бірақ осында келген қазақтардың көпшілігі жиналыстың басында қазақша бір-екі сөз айтып, сосын «Можно я на русском продолжу?» дейді. Сөйтіп, жиналыс үш тілде өтеді, ең соңында қазақшаға аударамын.
Кейде қазақша мәтінді ұзақ оқығаныма шыдамайтын біздікілер «Орысшасы да жетер еді ғой. Тез аяқташы» деп жекиді. Ал мен «Қазақстаннан келдің ғой, ұят емес пе?» деп әдейі оқып тұрып аламын.
Бірде Тегеранда Қазақстан мен Иран университеттері арасындағы ынтымақтастықты арттыруға бағытталған «Өркениеттер диалогы» деген конференцияға қатыстым. Күтіп отырғаныңыздай, біздікілер орысша және ағылшынша сөйледі. Кездесу барысында лауазымды қызмет атқаратын бір ирандық «Біз бүгін қазақ тілін естімейміз бе? Дыбысталуы қалай екенін көрейінші, бұл қандай тіл өзі жалпы?» деді. Ал мен елден келген университет өкілінің мәтінін алдын ала аударып қойғанмын, сол мәтінді ортаға шығып оқып бердім. Ирандықтар бір-біріне қарап «Қазақ тілі осындай екен ғой» десті.
Сосын Иран тарапынан қатысып отырған әзербайжандықтар сөйлемнің жартысын түсініп отырғанын айтып, «Баяғыдан осылай сөйлемейсіңдер ме? Парсыша сөйлегенше өз тілімізде сөйлесек, бір-бірімізді түсінеді екенбіз ғой» деп таңғалды.
Осы ретте Тегеран студенттерінің қазақ тіліне қызығушылығы бар екенін айта кеткен жөн. Мен оқыған университеттің Парсы әдебиеті және шығыс тілдері факультеті Стамбұлдық түрік тілі кафедрасында түркі тілдері, соның ішінде қазақ тілі екі семестр оқытылады. Кафедра басшылары болашақта үлкен кеңістікте бір тілде сөйлейтін боламыз деген идеяны алға тартып, түркі тілдерінің ұқсастықтары мен айырмашылықтарын сараптап, шетел студенттеріне үйретіп жатыр.
Қазақ тілінен Гүлбақыт есімді тіл маманы елу шақты студентке онлайн форматта сабақ береді. Сондықтан алдағы уақытта Иранда өтетін келелі кездесулерде орыс тілінің қолданыс аясы азайып, қазақ тілін түсінетіндердің қарасы көбейеді деген үміттемін.
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ