Жауап: Ғұсылдың үш парызы бар: ауыз қуысын тамаққа дейін шаю, мұрынға кеңсірікке дейін су тартып, мұрынның ішін шаю, денені түгелімен иненің ұшындай құрғақ жер қалмайтындай етіп сумен жуу. Көріп отырғанымыздай, мұрынға су тартып, сумен шаю ғұсылдың парызы. Бірақ ғұсыл кезінде сумен жуылуы қажет жерлердің біріне су тигізу денсаулық тұрғысынан зиянды болса, онда сол жерді сумен жумай-ақ қоюға болады. Бірақ қалған жерлердің бәрі сумен жуылуы қажет. Жоғарыдағыдай науқастықтарда мұрынға қатысты айтылары да осы.
Сондай-ақ, егер адамның бір жері жарақаттанып, жарақатын таңғышпен байлап қойса, ғұсыл алған кезде таңғышты шешіп, астын сумен жуу зиянды болса, онда таңғышты шешпестен, айналасын жуып, ал таңғыштың үстіне мәсіх тартуға рұқсат. Таңғышқа қатысты айтылған үкім дәрет үшін де жарамды. Таңғыштың үстіне мәсіх тартқанда барлық жерін сумен сипаудың қажеті жоқ. Тек көпшілік бөлігіне ғана мәсіх тартса жеткілікті.
Ота немесе жарақаттар кесірінен суға түсу зиянды болса, онда ғұсылдың орнына тәяммум алады.