Футболдағы «оле-оле-оле» ұраны бүкіл әлемге танымал-дүр. Бірақ көпшілік оның шығу тегінен бейхабар. Футбол жанкүйерлерінің дені бұл одағай-ұранның Испаниядан шыққанын еміс-еміс топшылайды, бірақ мән-мағынасына жіті мән берген емес.
Расымен де, бұл ұран испан тілінен шыққан. Алайда ол испаншаға араб тілінен енген кірме сөз. Лингвистер оны VІІІ ғасырда Испанияны жаулап алған арабтардың дұғасы кезінде айтқан «Алла» сөзінің түрленуі арқылы пайда болған дейді. Ол пайымға сәйкес, арабтар өз мінәжаттарында Алланы мадақтады, күнделікті тұрмыста ауыздарынан тастамай жүрді және бұл сөз уақыт өте келе өзгеріске ұшырап, көңіл-күйді білдіретін жалпыхалықтық экспресивтік одағайға айналып кетті.
Алғаш рет «оле-ол-оле» сөзі фламенко биде немесе корридаларда қолданыла бастаған екен. Онда көрермендер «оле-оле» деп тореадорларға немесе бишілерге қайрат берген және жаңа заманда ситуациялық атмосфераға орай футболда да қолданыла бастаған. Бұл біздегі «алақай», «ура» немесе «браво» сөздерінің баламасы іспеттес және бұл сөз көне кезеңдерден испан мәдениетіне берік орныққан.
Ал енді нақты фактологиялық тарих не дейді, оған да назар аударалық.
Шамамен 710 жылдары вестгот билеушілері Солтүстік Африка жұрттарынан құралған мұсылман әскерімен қақтығыса бастады. Еуропа жылнамалары кейіннен оларға маврлар деген айдар тақты. Бұл жеке мавритан корпусы болды және оны әскербасы Тарик ибн Зияд басқарды деседі (Айтпақшы, бүгінгі Гибралтар бұғазы соның есімімен аталған. Яғни, Джабал әль-Тарик – «Тарик тауы» деген мағынаны білдіреді). Мұсылман аламаны осылайша Испанияға өтіп, Херес-де-ла-Фронтерада болған шайқаста мұнда 300 жылға жуық салтанат құрған вестгот мемлекетін құлатты.
Уақыт өте келе Пиренейді тұтастай дерлік жаулап алынды. Басып алынған жерлер үлкен Омейад халифатының құрамына енді. Сондай-ақ, Испанияда ислам діні тарала бастады және жаңа билеушілер әр істе «Алла» сөзімен сиынып, жорықтарға аттанып отырды. Тиісінше, сан ғасыр арабтармен қоян-қолтық араласқан испандықтар олардан өзге де өркениеттік сипаттарды сіңірумен қатар, тілдік бірліктерді де өз иігілігіне айналдырды.
Айта кетейік, футболдың өзінде бұл ұран 80-жылдардың басынан бастап қолданылып келеді екен. Алайда қазіргі таңда сирек айтылады. Бір қызығы, бұл ұранды футболға аса қызықпайтын адамдар айтады. Олар бұл сөзді футбол жанкүйерлерінің эталондық сөз қамшысы деп ойлайды.
Тағы бір айта кетерлік жайт, Оңтүстік Американың көптеген елдерінде «оле-оле-оле» ұраны керісінше футболшыларды келеке ету үшін де қолданылады.
Бұл одағай-ұранның қолданылуы туралы ең алғашқы дерек 1982 жылы испан командасы жеңіске жеткен кезде «La Vanguardia» журналында жарияланды. Команданы марапаттау сәтінде стадиондағы жанкүйерлер осы «оле-оле-оле» сөздерін өлеңдетіп айтып тұрыпты.
Бұл ұран қазақ тіліне тікелей аударылмайды. Негізінде осы тәріздес сөздер мен сөз тіркестері транскрипция немесе транслитерация арқылы берілуі қажет-ақ және бірдей сөздер арасына сызықша қойылады.
Сонымен, тоқетері мынау: «Оле-оле-оле» сөзі – бүкіл әлем бойынша футбол жанкүйерлерінің пайдаланатын танымал сөзі. Ал түп-төркіні – Алла. Бұл жағынан ол қазақ тіліндегі «Алақай», яғни «Алла» және «Хай» деген Алланың тірі деген сипатын білдіретін одағай немесе бесік жырында айтылатын «Әлди» – «Алда» – «Алла» деген сөздермен жасалу формасы ұқсас.
Солай, футболда да жанкүйерлердің бірі біліп, бірі білмей, дініне, тіліне, тегіне қарамастан Алланы жад етіп жүр екен.
Мәдениеттанушы-лингвист
Абылайхан Қалназаров