Мұхаммед әл-Ғазали бала кезіндегі мынадай бір қызық оқиғамен бөліседі:
«Мектепте оқып жүрген кезім. Ауылда түнде кезіп жүретін елес жайлы әңгіме айтыла бастады. Бұл оқиғаларды естігенде денем тітіркеніп, бойымды үрей билейтін. Мұсылман тек Алладан ғана қорқу керек деп санамдағы қорқыныштан намыстандым. Су жүрек қорқақ табиғатымды тәрбиелегім келді. Қалай тәрбиелеймін? Қорыққан нәрсемен бетпе-бет келуім керек. Құптаннан кейін тас қараңғыда ауылдың шетіндегі бейітке қарай бет алдым. Майда қадаммен бірте-бірте ауылдан алыстап келемін. Жан-жағыма қарайлап, тар жолмен адымдап барам. Жүрегімнің дүрсілі құлағыма естіліп тұрғандай. Қатты қорқып тұрмын. Бірақ бұл қорқынышты жеңудің жалғыз жолы осы деп шештім. Зиратқа бір есігінен кіріп, қарсы жақтағы есіктен шығамын деп ұйғардым. Бойымдағы үрей мен қорқынышты толықтай жеңу үшін бейітке бірнеше рет кіріп-шықпақ болдым. Бала күнімде өзім ойлап тапқан тәрбие әдістері мен тәсілдерін қолданып жүрдім. Бұл әдістерімнің дұрыс-бұрыстығы маңызды емес. Ең маңыздысы – күресе білу. Өйткені, ең сорақысы – бойыңдағы жағымсыз мінез-құлыққа көндігуің. Теріс әдеттерге немқұрайлы қарауың».
Ислам ілімінде сопылық саласындағы жетістіктер мен еңбектер адамның тұлғалық болмысын қалыптастыру және тәрбиелеуде аса қажет. Алайда, сопылық іліміндегі шынайы құнды жаухарлар мен арзан тастарды ажырату үшін күрделі електен өткізуді талап етеді. Әйтпесе, дәрі-дәрмек деп жазып бергені дерт боп шығуы әбден мүмкін. Басқаша сөзбен айтқанда өлтіретін у мен ем беретін дәрі араласып кеткен.
Батыстық кәсіпкер әр сенбінің кешінде отырып апта бойы істеген жұмыстарын талдап шығады екен. Әрбір кездесу мен жасалған келісімшарт нәтижесінде қандай тиімді қадам жасалды, не пайда берді деп бағамдайды екен. Бітірген шаруаларын екшелеп талдайтын көрінеді. Өз-өзінен қай жерде қателестім, қандай жетістікке жеттім деп сұраққа жауап іздейді екен.
Бұл әдісті ол Бенджамин Франклиннен үйренген болуы керек. Алайда, Б.Франклиннің жеке есебі өте қатал еді. Ол күнде кешке өзінен есеп тапсыратын. Тұрақты есеп нәтижесінде өзінің он үш қателігін анықтайды. Оның ішіндегі ең қатерлі де қауіптісі деп үшеуін белгілейді.
Олар: уақытын бекерге зая ету, керек емес ұсақ-түйекпен айналысу және қажетсіз мәселе төңірегінде пікірталасу.
Франклин бұл кемшіліктерден құтылмайынша жетістік туралы ойлаудың қажеті жоқ деген тұжырымға келді. Арнайы қойын дәптер арнап кемшіліктерін жеңу үшін күнделікті жасаған қадамдарын жазып жүріпті. Бұған екі жылдан астам уақытын жұмсады. Қажырлы да табанды түрде жоспарын жүзеге асырды. Б.Франклиннің ең көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері болуының сыры да осында болса керек.
Бір нәрсені дұрыс түсіну қажет. Өзіңді тәрбиелеп кемелдену ұзақ уақытты талап етеді. Жаман әдеттерден арылуы жоспарлы жүру керек. Ескі ғимарат үйіндісінің орнына жаңа үй тұрғызу аз уақыт алмайтыны мәлім. Сондықтан адамның қалыптасуы да ұзақ та қажырлы әрекетті талап етеді. Әрбір қимыл-әрекетін мұқият жазып, кешегі күн мен бүгінді салыстырып, есептеп отырумен дамиды. Сондықтан кешегі күнің ертеңгі күніңе пайдасын берсін десең, жақсылығың мен жамандығыңды жазып, қорытынды шығаруды әдетке айналдыр.
Руслан Қамбар,
исламтанушы