Ал қорқыныш сезімі ғылымда «фобия» деп аталса, оның өзі грек тілінен аударғанда «қорқыныш» деген мағынаны білдіреді.
Kazislam порталы фобия қандай дерт, қорқыныш атаулының бәрі фобияға жата ма, оны қалай жеңуге болады деген сынды сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Фобия қай кезде пайда болады?
Психолог Айгүл Құсайынқызы адамда фобия көбінесе бала кезінде пайда болатынын айтады.
«Адамдар сәби шағында судан қорқып, сол қорқынышы бойында сақталуы әбден мүмкін. Алайда, оған дер кезінде терапевтік ем-шаралар қолданбаса, ол ұлғая береді. Фобияның кең таралған түрлеріне судан қорқу, бөлмеде жалғыз қалудан, үлкен көшелерден, тар жолдардан, биіктіктен қорқуды жатқызуға болады. Ересектерге қарағанда фобия балаларда жиі кездеседі» – дейді психолог.
Фобияны қалай жеңеміз?
Бойдағы қорқынышпен күресудің негізгі жолы – оған қарсы қарекет жасау. Яғни, неден қорықсаңыз, соған қарсы жұмыс істеу керек. Мәселен, биіктіктен қорқатын адам фобиясын жеңу үшін биік ғимараттардан төмен қарап, тауға шығып тұрғаны дұрыс. Судан қорқатын адам суға жүзу арқылы қорқынышын бірте-бірте жеңе алады.
Қорыққанның бәрі фобия емес
А.Құсайынқызы: «Қорыққанның бәрі фобия саналмайды. Дегенмен, оны анықтау үшін неден қорқатынын ашық айтып, психологтарға жүгіну арқылы біле алады. Егер шынымен фобиясы болып, терапиялық ем қолдану қажет жағдайда психолог-маман пациентті психотерапевтке жолдауы тиіс. Ары қарай терапиялық ем жүйелі түрде жүрсе кез келген адам фобиясын жеңе алады».
Философия ғылымдарының докторы, профессор Айнұр Құрманалиева қорқыныш жөнінде былай дейді:
«Қорқыныш – санамен байланысты қалыптасатын сезім. Әдетте жас нәрестеде ыстық-суық, терең, биіктен және т.с.с. белгілі бір жағдайда қауіп тудыратын жағдайлардан қорқу сезімі болмайды. Өсе келе, ақылы кіре бастаған балада қауіпті заттардан сақтану қорғанышы – қорқыныш пайда болады. Қорқыныш психологияда адамның сақтану иммунитеті ретінде қалыпты жағдай ретінде саналады. Егер қорқыныш пен фобия сөздерінің арасындағы ерекшелікті аңғарғымыз келсе, фобия сөзінің мазмұны соңғы сөйлемдегі мағынаға жақын келеді».
Осы орайда ойласаң күлдіретін, сирек те болса кездесетін «қызықты» фобия түрлерін атап көрелік.
Гексакосиойгексеконтагексафобия – 666 санынан қорқу.
Гиппопотомонстросескиппедалофобия – ұзын сөздерден қорқу.
Дорофобия – сыйлық алудан және сыйлық беруден қорқу.
Ең қауіпті фобиялар қандай?
Психолог А.Құсайынқызы:
Фобияның ең қауіпті түрлеріне кеңістіктік фобияны жатқыза аламыз. Өкінішке қарай, соңғы уақытта балалардың көп қабатты үйлердің терезесінен құлап кету оқиғалары жиілеп кетті. Міне, бұл – балаларда жиі кездесетін кеңістіктік, яғни, биіктіктен қорқу қауіпті фобиясы. Бала биіктен төменге қараған кезде басы айналып, өзін игере алмағандықтан құлап кетеді.
Ал ересектерде өлімді жиі ойлау, өлімнен қорқу фобиясы, әсіресе, үлкен адамдарда 35 жастан кейін қалыптасатыны ғылыми дәлелденген. Бұл қорқыныш түрін танатофобия деп те атайды. Бұдан бөлек, көпшілік алдында ойын айта алмау қорқынышы жеңіл, яғни, әлеуметтік фобия саналғанымен, жүрек қағысын жиілетіп, қан қысымын жоғарылатады да, ауыр науқасқа шалдықтырып жатады.
Фобия қандай дерт?
Психолог А.Құсайынқызының пікірінше, фобияны дерт атаулының қатарына қосу дұрыс емес.
«Мен мүгедек балалармен жұмыс істеймін. Әсіресе, кемтар болып туған балалар қабылдауыма көп келеді. Міне, солардың ауруын дерт деуге болады. Себебі, онымен өмір бойы күресуге тура келеді және емделуі де неғайбыл. Ал фобия адамның бойында уақытша болады әрі оны жеңу де аса қиын емес» – дейді ол.
Тозақпен қорқыту – культтер пайдаланатын технология
Фобия ұлғайып кетсе рухани дертке айналып кетеді деген пікірдегі А.Дүрбелеңқызы қорқыныш дін психологиясында діннің пайда болуының алғышарттарының бірі ретінде сипатталады дейді.
«Антикалық ойшылдар бұл турасында құдайларға сенімнің түп-төркінінде қорқыныш жатқаны туралы бірқатар идеялар айтқан. Діни ілімдердің қағидаларында жаратқаннан қорқу, құдайдың қаһарына қалудан қорқу, о дүниеден қорқу, жасаған күнәлары үшін жауап беруден қорқу және т.с.с қорқыныш бар. Сонымен бірге дінді қорқыту үшін пайдаланатын жағдайлар соңғы уақытта өзекті болып отыр. Айталық ксенофобия, исламофобия деген тіркестерді жиі естіп жатамыз. Бұл – әдетте дінді фобия ретінде пайдаланып, діннің де, әдеттегі қорқыныш сезімінің де бұрмаланған мағынасында пайдаланылуы болып. Қазіргі таңда фобия жаңа діни ұйымдардың, культтердің ұтымды пайдаланатын технологиясына айналды» – дейді ол.
Діни ілімдердің қағидаларында жаратқаннан қорқу, Құдайдың қаһарына қалудан қорқу, о дүниеден қорқу, жасаған күнәләрі үшін жауап беруден қорқу деген сынды қорқыныш түрлерінің бары белгілі. Жоғарыда атап өткендей, профессор А.Дүрбелеңқызы дінді қорқыту үшін пайдаланатын жағдайлар соңғы уақытта өзекті болып отырғанын айтады.
«Қазіргі кезде ксенофобия, исламофобия деген тіркестерді жиі естіп жатамыз. Бұл – әдетте дінді фобия ретінде пайдаланып, діннің де, әдеттегі қорқыныш сезімінің де бұрмаланған мағынасында пайдаланылуы деп есептейміз» – дейді профессор.
Дәл осы тұста А.Дүрбелеңқызы дінді қорқыту құралына айналдырып, өздеріне баурап жүрген деструктивті ағымдардың қарапайым адамдармен қалай жұмыс істейтінін былайша жеткізді.
«Деструктивті культтерге баураудың технологиясы туралы ғылыми еңбектер баршылық. Алғашқы кезеңде потенциалды адептті тарту, нысанасына алу, оның әлеуметтік-психологиялық жағдайын бағалау арқылы жеке жұмыс жасау траекториясын ұстану. Келесі кезекте, потенциалды «клиенттің» сұраныстарын қанағаттандыру дәл сол эмоционалды күйінде керегін беріп, «махаббатпен» шабуылдау тәсілін қолданып, ақпараттық изоляциялау, жақындарынан, достарынан алшақтату, культтің нағыз мүшесіне айналдыру жұмыстары жүреді және культке кірудің алғашқы кезеңіндегі материалдық, моральдық «көмегі» үшін культке қарыздар сезімін ұялату міндеті қойылады.
Культтің мүшесіне айналған адептті ендігі кезекте үреймен ұстау – фобия тудыру, яғни фобияны индоктринациялау кеңінен қолданылады. Культ басшысынан қорқу, күнделікті «фандрайзинг» жоспарын орындай алмау қаупі фобиясы. Ал культтен кетемін деген жағдайда «жамандыққа ұшырау фобиясы» ең әсерлі пайдаланылатын фобия, яғни, «кеткен жағдайда өміріңнің астаң-кестеңі шығады», «жаның күнәға батып, тозаққа барасың», «туысқандарың азап шегіп, өз өміріңе қауіп төнеді» деген сияқты үркітулер болады және бұл үрей психологиялық күйзеліске ұшыратып, әдетте адепттің культте ұзақ жылдар бойы қалуына себеп болады.
Бұл туралы американдық психолог, деструктивті және тоталитарлық секталардан шығу бойынша консультант, культтерді сынға алушы Стивен Хассеннің «Психологиялық күштеуден босату» кітабында жақсы айтылып, культтерге тартудың психологиялық технологиялары, ондағы фобияның орны, «фобиядан шығудың үш қадамдық жолы» жақсы талданған. Сол себепті мұндай дертке ұшырамас үшін, діни ізденіс жолында абай болған жөн» – деді профессор А.Дүрбелеңқызы.
Түйіндей келгенде, кез келген адам бойындағы қорқынышын жеңе алады. Ал Құдайдан қорқу, тозақтан қорқу, күнәларының кешірілмей қалуынан қорқу биіктіктен, жан-жануарлардан немесе судан қорқу сезімі секілді еместігін білу керек. Өйткені, адам жаратылған мақұлықтан қорықса, одан қашады, ал Жаратқан Құдайдан қорықса, оған жақындай түседі.
Бұдан бөлек, қоғамды тозақпен қорқыту арқылы уағыздап жүрген адамдар пайғамбардың (с.ғ.с.) «Қорқытпаңдар, сүйіншілеңдер, ауырлатпаңдар, жеңілдетіңдер» деген құнды өсиетін естен шығармағаны абзал.