Сұрақ: Фатализм шариғатқа қайшы ма?
Жауап: Осы күні бәрін Аллаға аударып қойып, істің оң немесе теріс болуын Жаббар Хаққа жауып, қамсыз күн кешетін пенделердің саны көбейіп келеді. Жамандықтан жерініп, жақсылыққа ұмтылуға құмбыл емес мұндай тоң-теріс түсінік ақидамызға сай ма? Бұл түсінікті фатализм деп атайды. Ал, исламдағы кәлам ілімінде жәбари және жаһми сенімі деп аталады. Әсілі, фатализм сенімі ислам дініне қайшы сенім. Фатализмнің таухид іліміне қайшы екенін жан-жақты талдап түсіндірер болсақ:
Таухид – исламдық сенімнің негізі. Таухид – Алладан басқа жаратушы болмағандығын, Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның Елшісі екендігін мойындау. Фатализм сенімі бұл түсінікке қайшы келеді. Өйткені, илаһ дегеніміз – барлық стандарттар мен ұлылық сипаттарына лайық болу деген сөз. Илаһ – жүректердің берілгендігін, жүректердің ерекше сүйгендігін, үрей мен үміттің байланған ең жоғарғы сатысы. Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкелген таухид сенімі – Ұлы Жаратушының алдында кішіпейілдікпен мойынсұнудың шыңына шығып, Алланы тану болатын. Сондай-ақ, махаббатпен, мойынсұнумен, Оның ризашылығына ие болу үшін Оған деген құрметті бәрінен жоғары қоюы қажет. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) таухид сенімін ерекше ыждағатпен қабылдаған оның үмбеті ұдайы осы шыңға шығуға ұмтылды.
Алладан өзгені тәңір деп білмеу, нағыз таухид сенімі саналады. Бұл түсінік бұрынғы үмбеттерге (исламға дейінгі) де қатысты. Таухид сенімін Елшілер арқылы бұйырып, кітаптар түсірген. Құлдарын осы сенімге шақырып, олар үшін сауап пен жазаны жаратқан. Таухиттің жүзеге асуы үшін оның механизмі болып саналатын заңдылықтар түсірген. Ендеше, фатализм пікіріне келетін болсақ, адам іс-әрекет жасауға қабілеті жоқ болумен бірге, қозғалыс жасауға ешбір қатысы жоқ. Демек, Алланың пенделеріне бұйыруы мен тиым салуы бос сөз деген сөз. Адам іс-әрекет жасауға қабілеті жоқ болса, онда Алла неге бұйырған?
Фатализм түсінігі бойынша бұл бұйрық пен тиымдардың түсуімен, Алла іс-әрекетті жасауға мәжбүр болған деген түсінік шығады. Егер, бір пенде Алланың бұйырғанын орындай алмаса, онда сол кезде Алла Өзі бұйырып, адамның ол бұйрықты орындауына Өзі кедергі болған деген түсінік шығады. Яғни, Алла адамның ізгілікті жасауына ешбір жол қалдырмаған болып шығады. Әсілі, тәухид ұғымы – құлшылықтың жүзеге асуын, Аллаға мойынсұнғанды білдіреді. Фатализм болса, Аллаға деген ынтық сезім мен махаббаттың Онымен қауышуын кес-кестеп, құлдықтың мән-мағынасын жоққа шығарады. Құлдың әрекет етуін, құлшылық етуін, сүюін жоққа шығару арқылы құлшылық-ғибадаттың Аллаға ғана жасалатынын жоққа шығарады. Егер, фатализм пікірін ұстанар болсақ, илаһи зорлық (Жәбирие түсінігі) илаһи сүйіспеншілікті терістеуімен таухид сенімін жоққа шығарады. Өйткені, фатализм Алланың адамға бір нәрсені жасауға қабілет бермегенін немесе Алланың бұйрығын тәрк етуге қабілет берменін айтады. Яғни, фатализм түсінігі бойынша Алла адамға бір нәрсені жаса деп бұйырады және адамның оны іске асыруына кедергі келтіреді. Соңында Өзі жасатқан әрекеті үшін адамды жазалайды.
Фатализмге берілер болсақ, онда Алланың бұйырғанын орындамағаны үшін немесе тиым салғанын жасағаны үшін жаза беріледі деген түсінік ортаға шығады.
Мысалы, адам өзінде болмаған түс, ұзындық, қысқалық секілді сипаттар үшін жазалануы керек сияқты. Бұл пікір бойынша Алла ешқашан күнә жасамаған салих бір құлды жазалауы мүмкін. Яғни, Алла-Тағала құлына көтере алмайтын міндетті жүктеп, соңынан оны атқара алмағаны үшін жауапкершілікке тартады дегенге саяды. Олай болса, фатализм – Раббымызды азап беруші деп пайымдайды. Бұл пікір таухидтті дәріптеген секілді болып көрінгенімен, шын мәнінде таухидтің тамырын қопарады. Себебі, Алла Тағала Құран Кәрімде: «Негізінен Алла (Т.), тозаң түйірінің салмағындай да әділсіздік етпейді» (Ниса, 40) деп бұйырады. Яғни, Алла Тағала ешкімге зорлық жасамайды.
Иә, іс-әрекетті Алла істеттіреді деген ұғым шариғатқа қайшы. Себебі, шариғат – бұйрықтар мен тиымдардан тұрады. Бұйрық пен тиымға қатысты құл я мойынсұнады, я қарсы келеді. Ал, фатализм – құлына іс-әрекет жасауға емес өзіне іс-әрекет жасауға бұйырды немесе құлына емес өзінің іс-әрекетіне тиым салды деген тәрізді негізсіз сенім. Яғни, бұл пікір мойынсұну мен қарсы келудің ақиқатын жоққа шығарып, сауап пен жазаның ақиқатын жоққа шығарады. Бұл сенімнің нәтижесін негізге алатын болсақ, Алла бұл дүниеде құлдарына өзі тілеп, өзі жасатқан іс-әрекеттерін есепке алып, қиямет күні құлдарына я нығмет, я азап бермек. Бұл сенім бойынша адам өзі жасаған тура немесе жаңылыс іс-әрекеттері үшін нығмет пен сауап ала алмайды. Алла адамға тура немесе жаңылыс іс-әрекетті күшпен жасаттырып, соған сай нығмет пен жаза береді. Әлбетте, мұндай қате сенім әһлу сунна ақидасына қайшы болып табылады.
Мұхан Исахан
Фаталити екен десем)))
Өте қызық тақырып екен. Рақмет, біліп жүреміз.