Media Platforms компаниясы Қазақстанмен “зиянды контенттерді хабарлауға қол жеткізгені” жөнінде мәлімдеме жасағанын жоққа шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап.
Бұдан бұрын Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Meta (Facebook) компаниясымен келісімге келгенін хабарлаған.
Алайда Meta Platforms компаниясының Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша коммуникация бөлімінің директоры Бен МакКонахи Қазақстан үкіметімен ортақ мәлімдеме жасағанын жоққа шығарды.
“Біріншіден, біз Қазастан үкіметімен ортақ мәлімдеме шығарған жоқпыз. Қазақ үкіметі биліктің жергілікті заңды бұзатын контенттерге тыйым салу туралы өтініштері бойынша өткен ғаламдық талқылау негізінде өзі мәлімдеме жасады. Біз оларға үкіметтерден жергілікті заңнаманы бұзатын мазмұнды шектеу туралы сұраныстарды өңдеудің жаһандық процесі туралы айттық”, – деді ол.
Компания өкілінің айтуынша, мұндай нәрсе тек Қазақстан ғана емес, әлем үкіметтерімен талқыланып жатыр.
Осы жағдайға қатысты ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева түсінік берді.
“”Facebook” компаниясының біріккен мәлімдемені теріске шығаруына қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында “Meta” (“Facebook”) компаниясының Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша Өңірлік кеңсесінің коммуникациялар жөніндегі директоры Бен МакКонэхи мырзаның (Ben McConaghy) теріске шығарған мәлімдемесіне байланысты Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі келесіні хабарлайды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі негізгі келіссөздерді Гонконг қаласында орналасқан Қытай, Моңғолия және Орталық Азия өңірі бойынша “Meta” (“Facebook”) компаниясының өңірлік офисімен жүргізді. 1 қарашада жарияланған біріккен мәлімдеменің мәтіні мен оның БАҚ-та жариялануы осы аймақтық кеңсенің басшылығымен келісілген болатын”, – деп жазды Балаева Facebook парақшасында.
Еске салайық, кеше ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның министрлік Meta компаниясымен жағымсыз контентке, әсіресе балаларға зиянды ақпаратқа қарсы тұруда өзара ынтымақтастық орнату жөнінде келісімге келгенін хабарлаған болатын.