Бүгін түнде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Социс-А» «Кешенді әлеуметтік зерттеулер институты – Астана» жеке қоры жүргізген exit-poll нәтижелері жарияланды.
«Социс – А» институтының талдаушысы Әлібек Тәжібаевтің айтуынша, «Кешенді әлеуметтік зерттеулер институты – Астана» жеке қоры «Хабар» агенттігі» АҚ тапсырысы бойынша 2024 жылғы 6 қазанда Республикалық референдум өткізілген күні дауыс беруге арналған учаскелерден шыға берісте exit-poll әдістемесі бойынша азаматтардың ерік білдіру нәтижелерінің алдын ала есебін жүргізді.
Ол «үздіксіз ағын» әдістемесінің көмегімен еліміздің 189 учаскесінде дауыс берген 283 519 азамат қамтылғанын айтты. Олардан референдум аясында қойылған «Сіз Қазақстанда атом электр стансасын салуға келісесіз бе?» сұрағына қалай жауап бергені сұралды.
«Exit-poll қорытындысы мынадай: сауалнамаға қатысқан азаматтардың 69,8%-ы АЭС құрылысын қолдап дауыс бергендерін мәлімдеді. Сауалнамаға қатысушылардың 30,2%-ы өздерінің келіспейтіндерін айтқан. Учаскелерге келу көрсеткіші 67,3% деңгейінде тіркелді. Деректердің қателігі – ± 1,5% құрайды», деді Әлібек Тәжібаев.
Сондай-ақ, Еуразиялық интеграция институты Zakon.kz ақпараттық порталының тапсырысымен АЭС құрылысы бойынша референдумда exit poll сауалнамасын жүргізді. Оның нәтижелерін институт өкілі Әйгерім Есенболатқызы мәлім етті.
Оның айтуынша, «Сайлау туралы» және «Республикалық референдум туралы» заңдар талабы бойынша институт Референдумның орталық комиссиясын exit poll өткізетіні туралы алдын ала құлақтандырған.
Аталған сауалнама еліміздің 17 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында 250 учаскеде жүргізілді. Оның ішінде 159-ы қалаларда, 91-і ауылдарда арнайы дайындалған сұхбатшының көмегімен face-to-face, яғни бетпе-бет әдісімен өткен. Зерттеу нәтижесінің қателігі 1 пайыздан аспайды.
Таңғы сағат 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жүргізілген сауалнама нәтижесінде «Сіз Қазақстанда атом электр стансасын салуға келісесіз бе?» деген сұраққа дауыс берушілердің 71,8 пайызы «Иә, келісемін» деп жауап берді. Ал 28,2 пайызы «Жоқ, келіспеймін» деген жауапты таңдағанын мәлімдеді.
Институт мамандары exit poll сауалнамасына қатысқан әрбір дауыс беруші аты-жөнінің құпиялығы қатаң сақталатынын айтады.