Германия – өзге Еуропа елдеріне қарағанда мұсылмандардың саны салыстырмалы түрде көбірек ел. 2020 жылғы мәлімет бойынша Германияда 5,3 млн мен 5,6 млн арасында мұсылмандар тұрады [1]. Мемлекеттік билікті Христиандық демократиялық кеңес (Christlich Demokratische Union Deutschlands) атты партия тізгіндеп отырған бұл елде мұсылмандардың артуы ерекше назар салуға тұрарлық құбылыс. Әсіресе, мұсылмандардың мұнда келу және орналасу тарихы мен қазіргі жағдайы оқырман үшін қызықты тақырып болары сөзсіз. Осыған орай бүгінгі тақырыпты Германиядағы мұсылмандарға арнаймыз.
Мұсылмандардың келу тарихы мен саны
Германияда мұсылмандардың саны 1960 жылдардан бері арта бастады [2, б. 190]. Олардың басым бөлігі мигарациялық көштің негізінде қалыптасты. Аталмыш жылдары Германия үкіметі жұмыс күші тапшылығын уақытша шешу үшін шет елдерден адам тартуды қолға алды. Нақты айтсақ, 1961 жылғы Германия мен Түрік елінің арасындағы жұмыс күшін тарту жайлы келісім негізінде Германияға алғашқы мұсылман түрік иммигранттары қоныс тепті. Дәл осындай келісім 1963 жылы Мароккомен және 1965 жылы Туниспен жасалды [2, б. 190].
Аталған үш елдің халқының басым бөлігін мұсылмандар құрағандықтан қазіргі кезде Германиядағы мұсылмандардың арасында түрік және араб ұлттарының саны басымдыққа ие. 1980 және 1990 жылдардағы кейбір мұсылман елдеріндегі әскери және саяси қақтығыстардың әсерінен Германияға келетін босқындардың саны арта түсті. Олардың қатырында Ауғанстан, Иран, Ливан сияқты мұсылман елдерімен қоса Косова, Босния сияқты Еуропаның айналасындағы аумақтардан келген мұсылмандар да бар.
2010 жылдары күшейе түскен Таяу Шығыс пен Сирия аумағындағы қақтығыстар Еуропаға келетін босқындардың келесі легін алып келді. Мысалы, Германияның бұрынғы Ішкі істер министрі Томас де Мезьерес 2015 жылы 900 мыңға жуық, 2016 жылы 300 мыңға жуық, 2017 жылы елге 190 мыңға жуық босқын келгенін және тіркелгенін хабарлады [3, б. 112].
Пайыздық үлесте бұл жылдарға дейін түріктердің көлемі басымдылыққа ие болды. 2011 жылғы мамырда түріктердің жалпы мұсылмандардың арасындағы үлесі 67,5% құраса, 2015 жылғы желтоқсанда 50,6%-ға дейін төмендеді. Бұл түріктердің саны күрт кеміді дегенді білдірмейді, тек Таяу Шығыс аумағынан келген мұсылмандардың үлесі артып, 17,1% пайыздық көрсеткішпен екінші үлкен топқа айналуымен байланысты [3, б. 112].
Мұсылмандық діни ұйымдар
Германияда ислами мекемелер үлкен діни ұйымдардың құрамына ену арқылы бірігеді. Сондай үлкен діни ұйымдардың қатарында Германиядағы мұсылмандардың орталық кеңесі, Германияның ислам кеңесі және Дін істері жөніндегі түрік-ислам одағы атты танымал ұйымдар бар. Бұл аталған ислами ұйымдар зайырлы заңдарды барынша сақтай отырып қызмет жасайды.
Германиядағы мұсылмандардың орталық кеңесі (Zentralrat der Muslime in Deutschland e.V.) 1994 жылы құрылып, елдегі ірі және ықпалды ислам ұйымдарының біріне айналды [4]. Ол жиырмадан астам исламдық бірлестіктер мен ұйымдарды құрамына ала отырып, Германиядағы мұсылмандардың мүдделерін қорғауды мақсат тұтады. ZMD негізінен түрік емес мұсылмандарды біріктіреді және құрамына 15-20 мың адамнан артық мүшені кіргізеді. Ұйым салафилермен байланысы үшін жиі сынға ұшырады және басым мүшелері араб елдерінен келген мұсылмандардан тұрады [2, б. 191].
Келесі бір исламдық діни мекеме – Германияның ислам кеңесі (Islamrat für die Bundesrepublik Deutschland). Ол Германиядағы мұсылмандар мен мұсылман еместер арасындағы интеграция мен диалогты ілгерілетуге тырысатын исламдық ұйымдар мен бірлестіктердің коалициясы. Бүгінде 400-ден астам мешіт жамағаты Ислам кеңесіне мүше. Сондай-ақ әйелдер, жастар және қоғамдық жұмыстарға арналған 1000-нан астам мекеме және әртүрлі оқу орындары мен репетиторлық бірлестіктерді біріктіреді [5].
Германиядағы ең үлкен діни ұйым – Дін істері жөніндегі Түрік-Ислам Одағы (DİTİB) – Германиядағы түрік мұсылмандарын біріктіретін ислам ұйымы. DITIB 1984 жылы 5 шілдеде Кельн қаласында өткен жалпы жиналыста азаматтық заңнамаға сәйкес әртүрлі бірлестіктердің діни, әлеуметтік және мәдени қызметін үйлестіру үшін құрылды. Сауалнамаларға сәйкес, DITIB Германияда тұратын мұсылмандардың 70 пайыздан астамын құрайды. Құрылған жылы 135 бірлестік болса, қазір олардың саны 960-тан асты [6]. Ұйымның негізгі мүшелері түріктер болғандықтан DITIB пен Түркия арасында тығыз ынтымақтастық орнатылған. Түрік елі тарапы DITIB мешіттеріне имамдарды дайындап, Германияға жіберуге көмек береді.
Мұсылмандардың қабылдануы
Германияға қоныстанған мұсылмандардың жергілікті халық үшін жат жерлік болғандықтан жаңа ортаға бейімделу барысында бірқатар қиындықтарға кезікті. Оны ерте тарихтан бүгінгі кезге дейінгі аралықтағы оқиғалар желісі дейіктейді. Мұсылмандар ХХ ғасырдың 60 жылдары қоныс тепсе де әлі күнге дейін Германия қоғамындағы интеграциясы және адаптациясы күрделі мәселенің бірі ретінде талқылануда. Мұсылман елдерінен келген мигранттардың көбісі діни қоғам мен шығыс мәдениетінен зайырлы және батыстық кеңістікке өтуі құқықтық, мәдени және діни көзқарастың айқын айырмашылығын көрсетуде.
Ең алдымен ислам діні кең таралған елден көшіп келген мұсылмандар көбіне зайырлы заңдардан көрі шариғатты басшылыққа алуды дұрыс көреді. Әрине, бұдан мұсылмандарды заңға бағынбайды деген қорытынды шықпайды. Тек бұл батыстық үлгідегі құқықтық жүйеге бейімделудің өзі өзекті мәселе екенін аңғартады. Сондай-ақ, батыс қоғамының кейбір өмір салты мұсылмандарға қабылдауы қиын дүние болып көрінуі де мүмкін.
Шеттен келген мұсылмандар үшін неміс тілін игеру де оңай шаруа емес. Мұның бәрі мұсылмандардың неміс қоғамына толық сіңісіп кетуіне мемкіндік бермейтін факторлардың бірегейі. Сонымен қатар, мұсылмандардың бейімделуіне тағы бір кедергі жерігілікті халықтың исламафобиялық стериотиптері. Германиялықтардың 46 пайызы өз елдерін саяси исламды жақтаушылар басып алуы мүмкін деп алаңдайтынын жеткізген [7].
Зерттеуші И.В. Цибизова Бертельсман қоры зерттеуіне сүйене отырып «2015 жылдың қаңтарында американдық Бертельсман қоры зерттеу жүргізіп, Германия халқының 61%-ы ислам діні батыс қоғамымен үйлеспейді деп есептейтінін, ал сауалнамаға қатысқандардың 57%-ы мұсылмандардан қорқатынын анықтады» деп тұжырымдайды [8, б. 236].
Соңғы кездері Германияның жергілікті халқы арасында исламафобиялық құбылысқа мұсылмандардың санының күрт артуы да әсер етіп отыр. Яғни, қазіргі екпінмен жалғаса берсе болашақта мұсылмандардың ықпалы тым артып, саны жергілікті халықтан аса түсе ме деген қорқыныш бар. Мұндай қорытынды жасауға негіз де жоқ емес. Өйткені соңғы зерттеулер мен мұсылмандардың Германияға ағыла көшу екіпіні болашақта мұсылмандардың санының едәуір артуы мүмкін екенін болжауда. Мысалы, Pew Research Center зертеуіне сәйкес болашақтағы мұсылмандардың демографиясына қатысты үш позициядағы ықтимал көрсеткіш күтілуде (Кесте 1) [9]. Бұл үш позицияда да мұсылмандардың саны айтарлықтай өсімнің болатынын болжамдайды.
Кесте 1. Германиадағы 2050 жылға дейінгі мұсылман демографиясының болашақта күтілетін сценарийлері.
2016 жылдың ортасынан бастап Германияға келетін мұсылмандардың барлық көші-қоны толық тоқтаса да, Германияның мұсылман халқы шамамен 1 миллионға артуы мүмкін. Яғни, 5 миллионнан аз мұсылмандардың саны (2016 жылғы халықтың 6,1%) 2050 жылы 6 миллионға (жалпы халықтың 8,7%-ы) дейін өсу ықтималдығы бар. Себебі, Германияда тұратын мұсылмандардың орташа жасы мұсылман еместерден көрі едәуір жас – 2016 жылы орташа жасы 31 және 47-де – және мұсылман әйелдердің Германиядағы мұсылман еместерге (1,4) қарағанда көп балалы болу жағдайы жиі кездеседі (орта есеппен 1,9 есе). [9].
Мұсылмандар «орташа» белсенділікпен көші-қон жасаған жағдайда 2050 жылы мұсылмандардың жалпы 8,5 миллионға жетіп, Германия халқының 10,8%-ын құрауы мүмкін. Сонымен қатар, тұрақты көші-қон жүргізіліп, Таяу Шығыстан босқындардың ағыны жоғарыласа Германияның мұсылман халқы 2050 жылға қарай зерттеу жасалған кездегі санынан үш есеге артады деп күтілуде (4,9 млн-нан (6,0%-дан) 17,5 млн-ға (19,7%). Өз кезегінде бұл ХХІ ғасырдың жартысында Германия Еуропадағы ең көп мұсылмандар тұрақтаған елге айналу ықтималдығын білдіреді [9].
Осы ғасырдың соңғы ширегіндк исламафобиялық көзқарастарға ықпал еткен факторлардың бірі 2000 жылы 11 қыркүйекте орын алған оқиға мен террористік актілердің орын алуы. Осыған орай батыс басылымдары мен әлемнің көптеген елдерінде радикалдық топтарды мұсылмандармен байланыстыра қарастыру жиі орын алды.
Қорытынды
Тұтастай алғанда, Германиядағы мұсылмандардың тарихы күрделі және олардың көбі жат елге тағдырдың тезімен баруға мәжбүр болған адамдар. Жергілікті халықтың басым бөлігі мұсылмандардың Германияда тұрақтауына қарсы болса да бүгінгі таңда мұсылман көші тоқтаған жоқ. Жылдан-жылға мұсылмандардың саны артып, болашақта ең кемі 1 млн-ға, ең көбі үш есеге артуы ықтимал. Германиядағы мұсылмандардың басым бөлігі түріктер болғанымен жыл өткен сайын Таяу Шығыс және араб елдерінен келетін мұсылмандардың үлесі өсуде. Өз кезегінде бұл Германиядағы исламдық ұйымдардың жіктелуі мен түрленуіне алып келуі мүмкін. Сонымен қатар, шет елдердегі террористік немесе радикалдық ұйымдардың әрекеттері Германияның ішіндегі заңды қызмет жасайтын діни ұйымдардың қызметіне едәуір зарарын тигізуде. Дегенмен, қоғамда қалыптасқан исламафобиялық көзқарастарға қарамастан мұсылмандар өздерінің құқықтары мен легитимділігін қамтамасыз ету үшін діни ұйымдар ашып, барынша бірлесіп жұмыс істеуде.
Ғылымбек МАЖИЕВ,
«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің докторанты
Пайдаланылған әдебиеттер
- Pfündel K., Stichs A., Tanis K. Executive Summary of the Study “Muslim Life in Germany 2020” // Res. Cent. Fed. Off. Migr. Refug. Nuremberg Fed. Off. Migr. Refug. Available Online Httpsbit Ly3Ok9cML Accessed 2 January 2022. 2021.
- История мусульман в Германии: от появления до наших дней [Electronic resource]. URL: https://cyberleninka.ru/article/n/istoriya-musulman-v-germanii-ot-poyavleniya-do-nashih-dney (accessed: 24.04.2023).
- Андреева Л.А. Исламизация Германии:“параллельное” мусульманское общество и светское государство // Современная Европа. Федеральное государственное бюджетное учреждение науки «Институт Европы …, 2019. № 5 (90). P. 110–122.
- Central Council of Muslims in Germany (ZMD) [Electronic resource]. URL: https://www.zentralrat.de/3037.php (accessed: 24.04.2023).
- Der Islamrat. Über uns [Electronic resource] // Islamrat. URL: https://www.islamrat.de/ueber-uns/ (accessed: 24.04.2023).
- DITIB Türkisch-Islamische Union der Anstalt für Religion e.V. [Electronic resource]. URL: https://www.ditib.de/default1.php?id=5&sid=8&lang=de (accessed: 24.04.2023).
- Islam does not belong in Germany, 60% agree with AfD [Electronic resource] // RT International. URL: https://www.rt.com/news/341888-islam-germany-poll-afd/ (accessed: 25.04.2023).
- Цибизова И.В. Проблема исламофобии в Германии, 2015-2016 гг. 2018.
- Mitchell T. The Growth of Germany’s Muslim Population [Electronic resource] // Pew Research Center’s Religion & Public Life Project. 2017. URL: https://www.pewresearch.org/religion/2017/11/29/the-growth-of-germanys-muslim-population-2/ (accessed: 25.04.2023).