Мұсылмандардың Францияға келу тарихы бірнеше ғасырларды қамтиды және әр кезеңде орын алған миграциялық толқындардың нәтижесінде біртіндеп көбейіп отырды. Мұсылмандардың көшінің алғышарттары ХІХ және ХХ ғасырлардың басындағы мұсылман елдерін отарлауымен тікелей бойланысты. Францияның билігі Солтүстік Африкада, оның ішінде Алжир мен Тунисте және Мароккода орнады. Франция өзі жаулаған аумақтардан әртүрлі шикізаттармен қоса адам күштерін тарта бастады. Әсіресе бұған І дүниежүзілік соғыс кезінде азайып қалған жұмыс орындарды қайта толтыруға және жаңа индустриялық саясаттың нәтижесінде өндірістің дамуы барысын жеделдету үшін қажетті жұмыскерлермен қамтамасыз етуге деген қажеттілік себеп болды. Франциядағы мұсылмандардың көбеюінің анық белгісі 1926 жылы 15 шілдеде Франция президенті Гастон Думергенің қатысуымен Париждегі Ұлы мешіттің (La Grande Mosquée) ашылуын айта аламыз [1]. Париждегі Ұлы мешіттің құрылысын Франция үкіметі өзі қаржыландырды.
Сурет 1. Париждегі Ұлы мешіттің сыртқы көрінісі (La Grande Mosquée) (дереккөз https://paris1900.lartnouveau.com/) [2]
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін мұсылмандардың Францияға көші қайта жанданды. 1950 жылдары бар жоғы 230 мыңдай мұсылман тұрақтаса, 1960 жылы 913 мың шамасына дейін көбейді [3, б. 157]. 1996 жылдан бастап түрік елінен жұмыс күшін тартыла бастайды. 1970 жылға қарай мұсылмандардың саны 2 милионға жуықтады. Соңғы жылдары Сириядағы соғыс пен Ирак, Ауғанстан және өзге де Таяу Шығыстағы саяси толқулар мен қақтығыстарың әсері мұсылман миграциясының жаңа толқынын туындатты. Бұл көші-қон босқындарды және жақсы өмір сүру жағдайын іздейтін экономикалық мигранттарды да қамтиды.
Бүгінгі таңда Франциядағы мұсылман халқы әртүрлі мәдени және этникалық ортадан шыққан адамдардан құралады. Франциядағы көптеген мұсылмандар Солтүстік Африкадан шыққанымен, Түркиядан және мұсылман әлемінің басқа бөліктерінен келгендері де аз емес. Жалпы мұсылмандар 2020 жылы 6 635 327 адамға жетіп, франция халқының 10%-ын құрады [3, б. 157]. Pew research зерттеуі бойынша 2050 жылы үш түрлі көрініске ие болуы мүмкін. Бірінші ең аз көрсеткіш 12,7% (8 600 000 адам) тек мұсылман елдерінен миграция толқыны тоқтаған кезде орын алуы мүмкін. Ал миграция орташа қалыпта жүрген жағдайда 17,4% (12 630 000), екпінді көш орын алса 18% (13 210 000) көрсеткішке дейін артуы ықтимал. Сондай-ақ Pew research бойынша француз еліндегі мұсылмандардың орта жасы 27 жасты құрап, өзге дін өкілдері мен дін ұстанбайтындарға қарағанда әлдеқайда жасырақ екенін көрсетуде[4].
Мұсылмандық діни ұйымдар
Францияда мұсылмандардың мүддесін қорғайтын және мәдени интеграцияны ілгерілету үшін жұмыс істейтін бірнеше танымал мұсылман ұйымдар бар. Солардың қатарында белсенді ұйымның бірі Musulmans de France (MF, Франция мұсылмандары), бұрынғы Union des Organizations islamiques de France (UOIF, Францияның Исламдық Ұйымдар Одағы) – Еуропадағы Ислам Ұйымдары Федерациясының француздық бөлімі. Ұйым 1983 жылы құрылды. Қазіргі кезде негізгі мақсаты ретінде 9 бағыты көрсетеді. Олар:
- Мұсылмандарға мешіттер сатып алуға және салуға көмектесу және мұсылман бірлестіктеріне жалға алу, несие беру, келісім-шарт немесе басқа да жолдармен олардың қызметі үшін қажетті үй-жайларды беру арқылы олардың дінін ұстануын жеңілдету.
- Исламды, оның ашықтық пен толеранттылық құндылықтарын, оның этикасын, шынайы тәжірибеге сүйене отырып таныстыру және таныту.
- Мұсылмандық діни, теологиялық және рухани білім мен білім беруді қамтамасыз ету және насихаттау.
- Франциядағы мұсылмандардың белсенді азаматтық қатысуы үшін жұмыс.
- Адам құқықтарын, діни және ар-ождан бостандығын қорғау.
- Кемсітушіліктің барлық түрлерімен күресу: нәсілшілдік, исламофобия және нәсілдік өшпенділікке жол бермеу.
- Әлеуметтік келісімді нығайту мақсатында Франциядағы әртүрлі діни отбасылармен және азаматтық қоғам институттарымен диалогты дамыту.
- Француз, еуропалық және шетелдік діни және қоғамдық институттармен достық және ынтымақтастық байланыстарын орнату.
- Франциядағы мұсылман бірлестіктері арасында байланыс орнату, тереңдету және ұйымдастыру және олардың дағдыларын дамытуға және бір-бірімен ынтымақтасуға көмектесу [5].
Келесі бір діни ұйым Мұсылман сенімінің француз кеңесі (французша: Conseil français du culte musulman, CFCM) мұсылмандардың діни қызметін реттеуде француз мемлекетімен ресми байланыс орнатушы ұйым ретінде қызмет етеді.
Өдерінің ресми сайтынды мына мақсаттарын көрсеткен:
- Кеңес беру («чура»): өзара алмасуды дамыту, Франциядағы мұсылмандық сенімге қатысты ортақ мәселелер бойынша ой-пікірлер алу және ортақ бағдарларды іздеу мақсатында оның мүшелері арасындағы диалогқа жәрдемдесу;
- мемлекеттік органдар мен халықаралық органдарда мұсылман дінінің өкілдігін қамтамасыз ету;
- Франциядағы мұсылман сенімінің мүдделері мен қадір-қасиетін барлық заңды құралдармен, атап айтқанда оны бұзатын кез келген жеке немесе заңды тұлғаны айыптау мақсатында барлық құзыретті соттар алдында қорғау; жеке немесе заңды тұлғаларға қарсы жасалған, барлық мұсылманға қарсы әрекеттер үшін әртүрлі юрисдикциялар алдында азаматтық тарап болу, оларға көмектесу және өкілдік ету;
- Мұсылман сенімінің ілгерілеуіне және ықпалына ықпал ететін ортақ жобаларды жүзеге асыру
- азаматтық қоғамның барлық құрамдас бөліктерімен және басқа діндермен диалогты дамыту [6].
Бұл ұйымдар басқалармен қатар мұсылмандардың құқықтарын қорғауда, исламдық білім мен мәдени іс-шараларды ілгерілетуде және Франциядағы әртүрлі діни және мәдени қауымдар арасындағы диалог пен түсіністікті дамытуда рөл атқарады. Айта кету керек, Франциядағы мұсылман қауымы әртүрлі және басқа да кішігірім ұйымдар мен жергілікті бастамалар бар.
Францияның жаңа мүфтияты немесе францияның «экстремизмге қарсы» хартиясы
Франция өзге Еуропа елдерінен ерекшелігі исламдық институттарды үлкен бір діни ұйым арқылы басқаруға бет алуы. Мұндай бағыт 2003 жылдан бері қолға алынып келеді. 2003 жылы үкімет мүшелерінің бастамасымен CFCM (жоғарыда тоқталған) исламдық ұйымына мемлекет пен мұсылман топтар арасында диалогты дамыту құзіреті белгіленді. Алайда 2020 жылға қарай бұл бастама жандана түсіп, үкімет CFCM-нің орнын «Франциядағы ислама форумы» атты ұйымға жүктеуді қолға алынды. Негізгі ұсыныстар елдің Ішкі істер минстрлігі тарапынан беріліп жатқандықтан басты мақсат Франциядағы мұсылмандарды сыртқы экстремистік ұйымдардың ықпалынан сақтау және жергілікті діни кадрларды қалыптастыру [7]. Сонымен қатар аталмыш іс-шаралардың негізгі құжаты «Макронның экстремизмге қарсы хартиясы» атымен танымал тұжырымдама екенін айта кеткен жөн. Хартияға, исламдық ұйымдарға бірқатар міндеттер жүктейді және мұсылмандық бірлестіктердің ұстанымдарына сәйкес келе бермейтін тұстары да бар. Сол себепті, үкіметтің «экстремизмге қарсы» хартиясы мен сол арқылы мұсылмандарды басқаруы сынға ұшырауда. Ең бірінші сын францияның өзі ұстанатын мемлекеттің діннен қатаң бөліну принципіне қайшы келуі. Яғни, мемлекет діннен бөлінсе, оның діни ұйымдардың қызметін шектеуге тырысуы өз ұстанымына қайшы келуі мүмкін. Сонымен қатар CFCM құрамына енетін сегіз ұйымның бесеуі ұзақ пікірталастан кейін қол қойып, хартияны қолдаса қалған үш ұйым «Франциядағы түрік мұсылмандарын үйлестіру комитеті» (CCMTF) мен «Милли Горус Ислам Конфедерациясы» (CMIG), сондай-ақ «Сенім және амал» қозғалысы хартияны қолдамайтынын мәлімдеді [8]. Олардың екеуі түрік текті азаматтарға қызмет көрсететін діни ұйымдар.
Франциядағы мұсылмандардың қабылдануы
Францияда мұсылмандардың қабылдануы тарихта да, қазіргі кезде де бір жақты баға беруге келмейді. Францияның мұсылман елдерімен ұзақ және күрделі қарым-қатынас тарихы бар. Жоғарыда айтып өткен отаршылдық тарихы және одан кейінгі иммиграциялық кезеңдерде әртүрлі қабылданды.
Тарихта Францияның колониализм кезеңі мемлекеттің отаршыл держава ретінде мұсылман халқымен қарым-қатынасы шиеленісті әрі қақтығыстар мен ассимиляциялық оқиғалармен ерекшеленеді. Францияның отаршылдық саясаты көбінесе француздық батыс мәдениеті мен институттарын шығыстық мұсылман халықтарға таңуға тырысу немесе мұсылмандарды қатаң бақылауға ауысты. Иммиграция кезеңінің алғашқы жылдары мұсылмандар Франция үшін көбіне жұмыс күші ретінде қабылданды. Ірі қалаларда мұсылман қауымдарының құрыла бастады. Мұсылмандар француз қоғамының тәжірибесіне сай өз құқықтарын қорғауға дағдыланды. Дегенмен мәдени ауландық пен діни тәжірибе және әлеуметтік-экономикалық айырмашылықтар сияқты мәселелер интеграция үрдісін күрделендірді.
Францияның «лаицизм» деп аталатын мемлекет пен дінді бөліп қарау ұстанымы – дін мен қоғамдық өмір арасындағы қатаң алшақтықты сақтауға ұмтылады. Бұл тәсіл кейде қоғамдық орындарда діни элементтердің, соның ішінде ислам киім үлгісіне қатысты қайшылықтар мен пікірталастарға әкелді.
Франциядағы мұсылмандарды қабылдау халық арасында біркелкі емес. Жоғарыда көрсетіп өткендей исламдық ұйымдар конфессияаралық диалогты, интеграцияны ілгерілету, кемсітушілік пен алалаушылықпен күресуге күш салуда. Қоғамдағы кемсітушілік пен исламофобиялық құбылыс Франция үкіметін де алаңдатуда. Мысалы, Charlie Hebdo оқиғасы францияда мұсылман интеграциясының күрделі сипатын және мұсылмандар францияда ұзақ жылдар бері толық азаматы ретінде қалыптасқанымен діни мәселенің өзектілігін анық көрсетті.
Conclusion
Мұсылмандардың Францияға келуі отаршылдық пен жұмыс күшіне мұқтаждыққа орай орын алған көші-қон мен ұзақ тарихи оқиғалармен байланысты. Ұзақ жылдар ішінде Францияда әралуан мәдени және этникалық ортадан шыққан мұсылмандардың саны айтарлықтай өсті. Көштің басы сонау Африкадан басталса, кейін францияның өзіне таяу түрік елінің азаматтарымен жалғасты. Бүгінгі таңда мұсылмандар Франция халқының шамамен 10% құрайды және болжам бойынша олардың саны алдағы отыз жылдықта 18% ға дейін артуы мүмкін.
Франциядағы мұсылмандық бірлестіктер мәдени интеграцияны жеделдетуге, адам құқықтарын қорғауға және кемсітушілікке қарсы тұруға бағытталған әртүрлі ұйымдарда бас қосады. Musulmans de France (Франция мұсылмандары) және Француз Мұсылман сенімі кеңесі (CFCM) – ислам құндылықтарын тарату мен діни білім беруді ілгерілету және азаматтық белсенділікті арттыру мен конфессияаралық диалогты дамыту бағытында жұмыс істейтін көп ұйымдардың арасындағы белсенділері. Айта кететін жайт француз елінде қандай да бір исламдық діни ұйымға өзге мұсылмандық діни ұйымнан көрі мемлекеттің айрықша қатынас жасау тәжірибесін қалыптастыруға бет алуда. Бұл францияны өзге Еуропа елдеріндегі үлгілерге қарағанда ерекшелейді.
Франция өзінің көпмәдениетті қоғамда кездесетін қиындықтармен бетпе-бет келуде. Соның қатарында, барлық азаматтардың, соның ішінде мұсылмандардың діни сенім еркіндігі мен ел азаматтарының сөз бостандығын қамтамасыз етуде тең қарым-қатынасты орнатуы өте маңызды мәселеге айналуда және күнен-күнге күрделене түсуде.
Ғылымбек МАЖИЕВ,
«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің докторанты