Аустрияда мұсылмандардың пайда болуы мен қоныс аударуы XIX ғасырдан бастау алады. 1878 жылдан бастап Босния мен Герцеговинаның Аустрия-Венгрия империясын басқаруы тұсында аймақта айтарлықтай мұсылман халқы өмір сүрді. Алайда, І Дүниежүзілік соғыстан кейін мұсылмандардың саны азайды. 1960-1970 жылдары индустриялық дүмпу әсерінен Еуропа құрлығына жақын елдерден жұмысшылар ағылған сәтте мұсылмандардың да саны көбейе түсті. Сондықтан, Аустриядағы мұсылмандардың шығу тегі, ең алдымен, Балқан мен Түркиямен байланысты және көші-қон процестеріне негізінен экономикалық және саяси факторлар әсер етті.
Бұл модельдердің қалыптасуында Югославияның ыдырауы және Аустрияның экономикалық мүмкіндіктері маңызды рөл атқарды. Мысалы, 1964 жылы Түркиямен, 1966 жылы Югославиямен жұмысшыларды тарту туралы келісім жасасты. 1969 жылы аталмыш екі елден келген жұмысшылардың саны 76,500, ал 1973 жылы 227000 адамға дейін жетті. Қазіргі кезде ислам дінін ұстанушылар 85%-ын сүннилікті ұстанып, мұсылмандардың басым бөлігін құрап отыр [1].
Мұсылмандардың демографиялық өсімі
Жыл | Мұсылмандардың саны | Пайыздық көрсеткіш | |
1. | 1878 | 60,000 | – |
2. | 1971 | – | 0.3% |
3. | 1991 | – | 2% |
4. | 2001 | 350,000 | 4.2% |
5. | 2009 | 500,000 | 6% |
6. | 2017 | 700,000 | 8% |
Аустриядағы исламға қатысты құқықтық және конституциялық негіздер діни төзімділік пен сенім бостандығының прогрессивті түрде дамуына жол ашты. 1867 жылғы Аустрия Конституциясы өзінен кейін дүниеге келетін заңнамалардың қалыптасуы жолында алғашқы қадам жасады және діни бостандық принциптері мен шекарасын белгіледі. 1874 жылғы Діндерді тану туралы заң Аустриядағы әртүрлі діни топтарды, соның ішінде исламды ресми тануға алғышарт жасады. Содан кейін 1912 жылғы Ислам туралы Заң мұсылмандарға басқа діни қауымдастықтарға ұқсас құқықтар беру арқылы Аустриядағы исламды ресми түрде мойындады. Айта кететін жайт, орыс-түрік соғысынан кейін Балқан елдерін қайта құруға бағытталған халықаралық Берлин конгресі нәтижесінде Босния және Герцеговина 1878 жылы Габсбург монархиясының бақылауына өтуі маңызды тарихи оқиға болды. Габсбург Босния мен Герцеговинаны басып алып, одан кейінгі аннексиялау мұсылман халқы мекендейтін едәуір бөлігіне билік жүргізді. Сондықтан, Аустриядағы 1912 жылғы Ислам туралы заң мұсылмандарды Габсбург монархиясына біріктіруге бағытталды және интеграциялық қажеттілікке сай іске асырды. Аталмыш заң негізінен ханафи мазһабын ұстанатын босниялық мұсылмандардың қажеттіліктері мен өмірлік жағдайларын ескере отырып арнайы жасалған еді. Ханафи мазһабы Осман империясының еуропалық территорияларында, соның ішінде Боснияда кең таралған мектеп саналатын. Заң мұсылман қауымының бірегей ұйымдық құрылымын және оның өмірдің әртүрлі аспектілеріне әсерін мойындады. Алайда, заңда көп әйел алуға тыйым салу және азаматтық неке қию рәсімдерін талап ету сияқты белгілі бір шектеулер қойды. Бастапқыда тек ханафиттік сунниттік мұсылмандарға қатысты бұл заң 1988 жылы Аустрияның барлық исламдық ағымдарын өз аясында қамтыды.
Аустрияның дінге қатысты заңнамалары XXI ғасырдың басында қатаңдай түсті. 2000 жылдың 11 қыркүйегінде АҚШ-та орын алған оқиғадан кейін Аустрия құқықтық жүйесі мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бет бұрды. Атап айтқанда, 2015 жылғы Ислам туралы Заң Ислам ұйымдары үшін шетелдік қаржыландыруға шектеулер және діни ілімдерге арналған Тіл талаптары сияқты жаңа ережелерді енгізді.
Мұсылмандық діни ұйымдар
Аустриядағы исламдық ұйымдар мұсылмандардың Аустрия қоғамына интеграциялануына және өзге де діни-әлеуметтік салаларында маңызды рөл ойнайды. Көлемі мен бағыты әртүрлі болғанымен исламдық ұйымдар діни білім беру мен мәдени іс-шаралар, конфессияаралық диалог пен қоғамдық жұмыстады қамтитын көптеген іс-шараларға белсенді араласады. Олар діни рәсімдер мен теологиялық білім беру орталықтары ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік өзара әрекеттесу мен мәдени ықпалдасудың маңызды платформалары ретінде қызмет жасайды.
Аустриядағы исламдық діни ұйымдардың ішінде арасында Аустриядағы исламдық діни қауымдастық «Islamische Glaubensgemeinschaft in Österreich» (IGGiÖ) – Аустрияда мұсылмандарының ірі және ресми мекемесі. 1979 жылы негізі қаланған ұйымның басты қызметіне Аустрияның мұсылман халқының діни істерін басқару жатады. IGGiO мемлекеттік мектептердегі діни білім беру пәндерді әзірлейді және исламдық діни қорлар мен зираттардың қызметін ұйымдастырады. Сондай-ақ, Аустрия Үкіметі мен мұсылман қауымы арасындағы негізгі байланыстырушы мекеме ретінде де қызмет етіп, елдегі мұсылмандық мәселелер бойынша келіссөздер мен диалогтарға қатысады. Ұйымның мәртебесі Аустрия үкіметі ұсынған құқықтық базада бекітілген, бұл оның Аустрия мұсылмандарының діни және әлеуметтік өміріндегі маңызды рөлін көрсетеді.
IGGiÖ мұнымен тоқтамай діни бостандық және Аустриядағы мұсылмандардың интеграциясына қатысты туындаған мәселелерді шешуге де ат салысады. Бұл бағытта IGGiÖ мемлекеттік органдармен келіссөздер жүргізіп, екі тарап арасында диалог орнатуға күш салады [2].
Келесі бір исламдық ұйым Аустриядағы түрік-ислам мәдени және әлеуметтік ынтымақтастық одағы деп аталатын «Die Türkisch-Islamische Union für kulturelle und soziale Zusammenarbeit in Österreich» (ATIB) одақ 1991 жылы Венада жалпыұлттық ұйымы ретінде құрылды. Оның негізгі мақсаты-мүше бірлестіктер арасындағы оңтайлы ынтымақтастықты үйлестіруді және қолдауды дамыту. Мүшелер саны бойынша Аустриядағы ең үлкен ұйымдардың бірі ретінде ATIB діни, әлеуметтік және мәдени салаларда ықпалды рөл атқарады. Бұл ATIB-ті Аустрия Республикасындағы азаматтық қоғамның негізгі институты ретінде орнықтырады. Аустрия Конституциясы мен негізгі құқықтарын қатаң сақтай отырып, ATIB демократиялық құндылықтарды, жеке бас бостандығын және оның қызметінде басты орын алатын барлық адамдар үшін тең құқықтық құндылықтарды қолдайды. Азаматтық қоғамның партиялық емес және коммерциялық емес ұйымы ретінде ATIB әртүрлі әлеуметтік, мәдени және діни қызметі арқылы плюралистік қоғамға үлес қосуға тырысады. Соның ішінде исламдық құндылықтарға аса мән біріп, Аустрия мұсылмандыры үшін белсенді қызмет атқаруда [3].
Вена Ислам орталығы (Аустрияның үлкен мешіті) //https://en.wikipedia.org/wiki/Vienna_Islamic_Centre#/media/File:Bruckhaufen_(Wien)_-_Moschee,_Hauptportal.JPG
Мұсылмандардың қабылдануы
Тарихи тұрғыдан алғанда, Аустрияның 1912 жылы Габсбург монархиясы кезінде исламды мойындауы Еуропадағы жаңашыл қадам болды. Исламды бұлайша мемлекеттік деңгейде тану мұсылмандардың Аустрия қоғамындағы интеграциясына жол ашты. Одан өзге жоғарыда келтірілген 1867, 1874, 1878 және 1988 жылдардағы заңнамалық құжаттар интеграциялық процесте маңызды рөл атқарады. Осылайша Аустрияның құқықтық кеңістігі діни бостандық пен мұсылмандардың қабылдануына оң ықпал етті.
Алайда, жаһандық оқиғалар мен тенденциялар Аустрияның діни кеңістігіне де әсер етті. 11/2001 оқиғасынан кейін әлеуметтік тұрғыдан исламофобия, әртүрлі қоғамдық стереотиптер мен діни идентификация мәселесі күшейіп, Аустриядағы мұсылмандардың қабылдануына кері сипат берді. Әртүрлі жаһандық мәселелермен қабаттасып, ислам діні заңды түрде танылғанына қарамастан, мұсылмандардың әлеуметтік толық қанды интеграцияға апаратын жолы әлі жалғасуда. Бұл тұрғыда IGGiO және ATIB сияқты исламдық ұйымдардың рөлі маңызды. Олар діни және мәдени қызметтерді көрсетәмен қатар, мұсылман қауымы мен Аустрия мемлекеті арасында делдал болуда және мұсылмандардың құқықтарын қорғап, жергілікті халық пен диалогқа ықпал оң етуде.
Аустрияның білім беру жүйесі исламдық пәндердің оқытылуына мүмкіндік береді. Ал, мектептеріндегі исламдық білім интеграцияның маңызды аспектісі екенін ерекше атап өткен жөн. Исламдық негіздегі сабақтар мұсылман балаларға өздерінің діни құндылықтары мен ерекшеліктерін сақтауға, сондай-ақ, аустриялық қоғамның бір бөлшегі ретінде сезінуге мүмкіндік береді. Сол себепті, Аустриядағы исламдық діни білім ұлттық білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады. 1982/83 жылы ресми түрде танылған исламдық білім беру жүйесі зайырлы мемлекеттік мектептерде, соның ішінде бастауыш, орта және орта арнайы деңгейлерде қамтылған. IGGiÖ осы курстарға оқу жоспарын, мазмұнын және білікті оқытушыларды тағайындауға жауапты. Мемлекет осы білім беруді енгізуге жәрдемдеседі және онымен байланысты шығындарды қаржыландырады.
Исламдық діни білім берудің оқу бағдарламасы мен мазмұны инклюзивті және мемлекеттік мектептердің зайырлы контекстін назарда ұстайды. Сонымен бірге қоғамдық кеңістікті ескеруі қарастырылған. Мұнда исламдық білім беру мұғалімдердің сапасы мен кәсібилігі қоғамдық мәселелерге реакциясымен өлшенеді. Бұл арқылы Аустрия билігі мұсылмандық діни құндылықтарды дінаралық ынтымақтастық пен жалпы білім жүйсіне оң ықпал жасауға икемдеуді мақсат етеді.
Қорытынды
ХІХ ғасырдан ХХІ ғасырға дейінгі аралықты шолу жасау арқылы мұсылмандардың келуі мен қоныстануынан бастап Аустрияда исламның орнығуы мен эволюциясы туралы кең ақпарат қамтылды. Тарихи тұрғыдан Аустрияда исламның болуы, Босния мен Герцеговинаның Аустрия-Венгрия империясының қосылуымен тесздете түсті. Өз кезегінде бұл Аустрияны өзге Еуропа елдерінен ерекшелендіріп, мұсылмандардың құқықтық мәртебесінің танылуына әкелді. Мұндай заңды түрде дінді тану зайырлы қоғамда діни және мәдени құрамды ескере отырып, Аустрияда мұсылмандық тәжірибені қалыптастыруда маңызды рөл атқарды.
Мұсылман халқының өсуі ең алдымен, иммиграция арқылы орын алды. Бұл құбылыс динамикалық мәдени әртүрлілікке әкелді. Алайда, интеграциялық үрдіс 2001/11 оқиғасынан кейінгі уақытта бірқатар проблемаларғатап болды. IGGiÖ және ATIB сияқты Аустриядағы исламдық ұйымдардың рөлі осы мәселелерді шешуде, мұсылмандардың құқықтарын қорғауда және мұсылмандар мен жалпы Аустрия қоғамы арасындағы диалогты жеңілдетуде ат салысуда.
Сонымен қатар, Аустрияның білім беру жүйесіне исламдық білім беруді енгізу діни әртүрлілікті есепке алудың прогрессивті тәсілін білдіреді. Бұл білім беру интеграциясы мұсылман жастары арасында ғы мұсылмандық құндылықтардың сақталуына жол ашып, әртүрлі діни қауымдастықтар арасындағы төзімділік пен диалогқа оң ықпал етуде.
Алайда, осы оң өзгерістерге қарамастан, Аустриядағы мұсылмандар әлі де қиындықтарға тап болуда. Соның ішінде әлеуметтік алалаушылық және жаһандық оқиғалардың жергілікті тұрғындардың қабылдауына әсері. Толық интеграция мен үйлесімді қатар өмір сүрудің жолы-үнемі диалогты, әртүрлілікті түсінуді және құрметтеуді қажет ететін үздіксіз процесс болғандықтан, әлі де алда атқарылуы керек бағыттар жетерлік.
Ғылымбек МАЖИЕВ,
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің докторанты, дінтанушы
Пайдаланылған әдебиеттер
[1] Z. Sezgin, «Islam and Muslim Minorities in Austria: Historical Context and Current Challenges of Integration», J Int Migr Integr, т. 20, вып. 3, 2019, doi: 10.1007/s12134-018-0636-3.
[2] IGGÖ, «DIE ISLAMISCHE GLAUBENSGEMEINSCHAFT IN ÖSTERREICH». Просмотрено: 18 январь 2024 г. [Онлайн]. Доступно на: https://www.derislam.at/iggoe/
[3] ATIB Union, «Die Türkisch-Islamische Union für kulturelle und soziale Zusammenarbeit in Österreich». Просмотрено: 18 январь 2024 г. [Онлайн]. Доступно на: https://atib.at/uber-uns/