Еуропаның ең қуатты мемлекетінің бірі Біріккен патшалықта қазіргі кезде мұсылмандар қоныстанып, өмір кешуде. Кезінде азуын айға білеп, әлемнің жартысын жаулаған ағылшын елі өзі отарлаған аумақтарға христиандық мәдениетті енгізуге күш салған еді. Тіпті, отарлаған жерінің көптігі сонша, өзі тұрған Еуропадан бөлек сонау Азия, Америка, Африка құрлығындағы бірнеше елдерді қамтыды. Міне, осындай отаршыл тарихы бар елде өмір сүретін мұсылмандардың бүгінгі халі қандай, қай кезден бастап бұл елде мұсылмандар көбейе түсті және қандай діни ұйымдар қызмет жасауда деген сауалдарға жауап іздеп көрсек.
Мұсылмандардың Британияға келу тарихы
Мұсылмандардың Біріккен патшалыққа келу тарихы ХІХ ғасырдан басталады. Алайда, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың алғашқы жылдарынан бастап мұсылмандардың көші көбейе түсті. Бұл көштің көпшілігін сол кезде Британ империясының бөлігі болған Үндістан, Пәкістан және Бангладештен келген мұсылмандар құрады.
Көштің екінші бір легі 1950-1960 жылдары орын алды. Аталмыш жылдарда Біріккен патшалық үкіметі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін елді қалпына келтіру үшін әртүрлі елдерден иммиграцияны ынталандыру бағыттарын қолға алды. Соның бірі 1948 жылғы Британ азаматтығы туралы заң (British Nationality Act 1948) – Британ империясы мен Достастық, ағылшын тілінде «Commonwealth of Nations» деп аталатын Британ елі мен оның бұрынғы отарлары және доминиондарының (Аустралия, Жаңа Зеландия, Канада, Камерун, Мозамбик,Үндістан, Пәкістан, Оңтүстік Африка Республикасы, т.б. 54 мемлекет) біріктіретін мемлекеттер қауымдастығы.) барлық субъектілеріне Біріккен патшалық пен Колониялардың азаматтығын берді. Бұл Достастық елдерінің азаматтары Британияда визасыз тұруға құқылы екенін білдірді [1].
Бұл Пәкістан, Үндістан және Бангладештен келетін мұсылмандардың ағынын үдетті. 1962 жылы Достастық азаматтарының Британияға кіру және тұру құқығын шектейтін «Достастық иммигранттары туралы» заң қабылданды [2]. Дегенмен, бұл заң Британияда тұрып жатқан шетелдік адамдарға әсер етпеді, сондықтан Достастық иммигранттарының көпшілігі елде ары қарай тұруына мүмкіндік берілді. Сондай-ақ, заң елге кіретін мигранттардың нақты жұмысы мен біліктілігі болуын талап етті. Яғни, бұл заң Біріккен патшалыққа тек білікті мамандарды кіргізіп, жұмыс күшін толықтыруды және мигранттардың көшін бәсеңдетуді көздеді.
1970 жылдары Біріккен патшалықта мұсылмандардың саны шамамен 500 мыңды құрады және бұл сан содан бері әр онжылдықта тұрақты түрде өсіп отырды. Жалпы алғанда, бұл саясат Достастық елдерінен, соның ішінде Пәкістан, Үндістан және Бангладештен келген көптеген мұсылмандар иммиграциясының айтарлықтай өсуіне әкелді. Ұлттық статистика басқармасының (ONS) 2021 жылғы соңғы деректеріне сәйкес, мұсылмандардың үлесі 2011 жылы жалпы халықтың 4,9%-нан (2,7 млн.) 2021 жылы 6,5%-ға (3,9 млн.) дейін өскен [3].
Айта кететін жайт, Біріккен патшалықта мұсылмандар ел бойынша біркелкі орналаспаған. Кейбір аймақтарда мұсылмандар халықтың әлдеқайда көп бөлігін құраса, кейбір өңірлерде азырақ. Мысалы, Брадфордта мұсылман халқы жалпы халықтың шамамен 30,5% құрайды, ал Бирмингемде шамамен 29,9% құрайды.
ONS Британиядағы мұсылмандар өзге тұрғындармен салыстырғанда салыстырмалы түрде жас екенін, жастар мен балалардың үлесі жоғары екенін атап өтеді (Кесте 1) [4]. Кесте бойынша Ағылшын елінде 2011 жылы мұсылмандар орташа 25 жасты, 2021 жылы 27 жасты көрсетіп, ең жас дін өкілдері ретінде танылды. Бұл мұсылман отбасыларындағы туу деңгейінің жоғарылауымен, сондай-ақ иммиграция қарқынымен тікелей байланысты.
Кесте 1. (дереккөз Ұлттық статистика басқармасы (ONS)
Бұл сандар болжамды және Ағылшын еліндегі мұсылман халқының нақты санын көрсетпеуі мүмкін екенін есте ұстаған жөн. Өйткені, кейбір адамдар мұсылман деп танылмауы немесе басқа себептермен деректерге қосылмауы мүмкін.
Мұсылмандық діни ұйымдар
Британияда әртүрлі исламдық діни ұйымдар бар. Ең танымал ұйымдардың бірі Британияның Мұсылмандар Кеңесі «The Muslim Council of Britain» (MCB): MCB Британиядағы 500-ден астам мешіттерді, қайырымдылық ұйымдарды және мектептерді біріктіретін ең үлкен ұйымы болып табылады. Ұйым Британиядағы мұсылмандардың мүдделері мен құқықтарын ілгерілету және әртүрлі қауымдастықтар арасында татулық пен ынтымақтастықты нығайтуды мақсат етеді [5].
Келесі бір ұйым Британ Ислам қоғамы «The Islamic Society of Britain» (ISB) 1990 жылы құрылды. ISB өзінің ресми мақсаттары ретінде исламды тереңірек түсінуге және хабардар етуге ықпал етуді, Британдық мұсылман қауымдастықтарын ұйымдастыру, оқыту және дамытуды, сондай-ақ, Британдық қоғамға оң үлес қосуды және әлеуметтік әділеттілікті ілгерілетуді ұсынады [6].
Исламдық ұйымдардың ішінде академиялық ұйым ретінде қызмет жасайтын қауымдастықтар да бар. Мысалы, Ислам қоры «The Islamic Foundation» 1973 жылы Лестер қаласында құрылып, ислам мен мұсылман мәдениетін тереңірек түсінуге жол ашатын зерттеулер және білім беру істерімен аайналысуда. Ұйым бірқатар бағдарламалар мен бастамаларды, соның ішінде академиялық зерттеулерді, жарияланымдарды және оқу курстарын жүргізеді [7].
Пәтуа берумен айналысатын ұйымның бірі Исламдық шариғат кеңесі «The Islamic Shari’a Council». 1982 жылдан бері қызмет ететін Исламдық шариғаты кеңесі Британияда тұратын мұсылмандарға ислам құқығы (шариғат) бойынша кеңес беретін ұйым. Бұл Британиядағы неке, талақ, мұра және іскерлік мәмілелер сияқты көптеген мәселелер бойынша кеңестер мен пәтуалар береді [8].
Британияның исламдық миссиясы «UK Islamic Mission» – ағылшын елінде ислам құндылықтарын қоғамға таныстыру мен таратуды мақсат ететін қайырымдылық ұйымы. Ұйым мектептерді, мешіттерді және қоғамдық орталықтарды ұйымдастыру, сондай-ақ, бірқатар білім беру және қайырымдылық іс-шараларға бастамашы болуда [9]. Бұл Біріккен патшалықтағы көптеген исламдық діни ұйымдардың бірнеше мысалдары ғана. Әрбіріне жеке-жеке тоқталу мүкін болмағандықтан, осылайша ең ірі деген ұйымдар жайлы ақпараттар келтірілді.
Британиядағы мұсылмандардың қабылдануы
Британиядағы мұсылмандардың қабылдануы әркелкі өтуде. Бір жағынан мұсылмандар жарты ғасырдан бері британ қоғамының бір бөлігі ретінде қалыптасу үшін күшін салып, әртүрлі салада, соның ішінде бизнесте, академияда, саясатта және өнерде табысты жетістіктерге қол жеткізді. Екінші жағынан, Британияда, лаңкестік шабуылдар мен басқа да оқиғалар орын алғаннан кейін мұсылмандарға қатысты кемсітушілік пен исламафобиялық жағдайлар да орын алды. Pew Research зерттеуіне сәйкес Британияда мұсылмандарға жағымсыз көзқарас 2016 жылы 28% құраған [10].
Мұсылмандар жұмысқа орналасу, білім алу, баспана алу және қоғамның басқа салаларында кемсітушілікке ұшырағаны жайлы фактілер де кездесті [11]. Алайда, Британиядағы мұсылмандар да, мұсылман еместер де әртүрлі қауымдастықтар арасында қарым-қатынас пен диалогты дамытуға күш салуда. Көптеген мұсылман ұйымдары басқа діни топтармен дұрыс қатынас құру және Британияда исламның оң имиджін насихаттау үшін жұмыс істеуде. Соның нәтижесінде Британиядағы мұсылман қауымдастықтарының сәтті интеграциясы мен бейімделуінің мысалдары да бар. Көптеген мұсылмандар өздерінің исламдық сенімі мен британдық мәдени дәстүрлерді біріктіреді. Кейбір исламдық ұйымдар тіл сабақтары, тәлімгерлік бағдарламалары және мәдени алмасу іс-шаралары сияқты мұсылмандардың ағылшын қоғамындағы интеграциясын дамытатын бағдарламалар мен бастамаларды әзірлейді.
Жалпы, Британиядағы мұсылмандардың тәжірибесі күрделі және көп қырлы және олардың елде қалай қабылданатынына қарапайым жауап жоқ. Дегенмен, әртүрлі қауымдастықтар арасында өзара келісім мен қоғамда өз орнын табу үшін мұсылмандар күш-жігерін аяп қалмауда. Осы мақсатта Британиядағы көптеген мұсылман ұйымдары ағылшын қоғамы мен мұсылмандар арасында байланысты нығайтуға және әлеуметтік өзгерістерді дамытуға белсенді түрде атсалысуда.
Қорытынды
Мұсылмандардың Британияда пайда болу тарихы ХІХ ғасырдағы Оңтүстік Азия мен Африкадан келген адамдардың көшімен бастау алады. Алайда, саны едәуір ұлғая түскен кез 1950 және 1960 жылдарға тиесілі. Британия үкіметі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін елді қалпына келтіру үшін Достастық елдерінен иммиграцияны ынталандырды. Бұл Британиядағы мұсылмандар санының айтарлықтай өсуіне әкелді, қазір мұсылмандар жалпы халықтың шамамен 5%-на жуықтайды.
Британиядағы мұсылман халқының өсуі мұсылман қауымының сан алуан қажеттіліктерін қанағаттандыратын бірқатар мұсылмандық діни ұйымдар мен мекемелердің дамуына әкелді. Бұл ұйымдарға сунниттік және шииттік мешіттер, ислам орталықтары және басқа да діни мекемелер кіреді.
Кейбір қиындықтарға қарамастан, Британиядағы мұсылмандар британдық қоғамға интеграцияланып, бейімделе алды. Көптеген мұсылмандар әртүрлі салаларда, соның ішінде бизнесте, саясатта және мәдение бағыттарда табысты жетістіктерге қол жеткізуде. Дегенмен, исламофобия Британияда маңызды мәселе болып қала береді, орын алып отырған фактілер мұсылмандар әртүрлі кемсітушілікке ұшырау ықтималдығының бар екенін айғақтайды.
Ғылымбек МАЖИЕВ,
«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің докторанты