Исламның Белгияға алғашқы қоныс аударуы 1910-жылдардан бастау алады. 1960-жылдары Белгия мен Марокко және Түркия сияқты елдер арасындағы екіжақты еңбек келісімдеріне байланысты айтарлықтай көші-қон толқындары басталды.
Бұл кезең мұсылмандардың Бельгияға экономикалық көші-қонын күшейтті. Бұл бастапқыда жоғары білімді қажет етпейтін көмір, болат және құрылыс сияқты салалардағы жұмыс күшіне деген қажеттіліктен туындады. Уақыт өте келе Бельгиядағы мұсылмандардың саны көші-қонның жалғасуы мен табиғи туу мен отбасылардың бірігуі арқылы көбейе түсті. Сондай-ақ, Белгиялық азаматтардың да исламды қабылдауы мұсылмандардың санын арттыра түсті.
Қазіргі кезде Бельгияда шамамен 500 000 мұсылман өмір сүреді. Бұл жалпы белгиялықтардың 5%-ын құрайды. 1970 жылға қарай мұсылман иммигранттарының саны шамамен 65000 адамға жетсе, ал 1985 жылға қарай 200000-ға дейін өсті. Ең үлкен этникалық топтар қатарына марокколықтар мен түріктер кіреді. Брюссель қаласы орналасқан аумақтар Бельгиядағы мұсылмандар үшін маңызды орталықтардың бірі. Бұл қалада мұсылмандардың басым бөлігі тұрақтаған. Атап айтқанда, Бельгия мұсылмандарының 40%-дан астамы Брюссель астаналық аймағындағы алты ауданда шоғырланған.
Брюссель аумағындағы мұсылмандардың саны (2004 жылғы National Statistics Institute (NSI) ақпаратына сәйкес
Аудандар | Жалпы халық саны | Мұсылман елдерінен келген халық | Аудан халқының % | Мұсылмандардың жалпы халық ішіндегі үлесі% |
Андерлехт | 91,759 | 6,915 | 7.5% | 11.6% |
Брюссель қаласы | 139,501 | 11,519 | 8.3% | 19.3% |
Моленбек | 76,177 | 9,706 | 12.7% | 16.2% |
Сен-Жосс | 23,070 | 4,085 | 17.7% | 6.8% |
Схаербек | 109,138 | 12,340 | 11.3% | 20.7% |
Барлығы/БЖА | 439,645 | 44,565 | – | 100% |
Бельгиядағы мұсылмандардың өсімі 1990-2018 жылдар аралығына тиесілі. Бұл кезеңде олардың саны едәуір өсті және Бельгия азаматтығын алуға мүмкіндіктер беріліп, бірқатар құқықтық реформалар жасалды. Нәтижесінде Бельгиядағы мұсылмандардың үштен екісіне жуығы азаматтыққа қол жеткізді. Сонымен қатар, Бельгиядағы мұсылман демографиясы 410 000 бен 450 000-ға дейінгі аралықты қамтитын көрсеткішке жетті. Бұл жалпы халықтың 4% құрайтын еді. Жоғарыда айтқандай Марокко және түрік этникалық топтары Бельгиядағы мұсылмандардың шамамен 80% құрады. Қалған 20%-ға Алжирден, Тунистен және өзге де елдерден келген иммигранттар кірді.
Бельгиядағы мұсылмандардың басым көпшілігі – сүнниттер. Кейін, кейбір марокколық сунниттер 1980-жылдардан бастап Шииттік сенімді ұстана бастаған. Мароккодан келген сунниттік мұсылмандар әдетте Малики мәзһабын ұстанса, ал түріктер Ханафи мәзһабын ұстанады.
Фото «https://www.islamicarchitecturalheritage.com/listings/grand-mosque-of-brussels» сілтемесінен алынды.
Бельгиядағы діни ұйымдар
Бельгияда исламдық ұйымдар білім беруден бастап діни және мәдени салалар дейінгі көптеген бағыттарда белсенді. Дегенмен елде исламдық білім берудің күрделілігін, соның ішінде мемлекеттік мектептерде қиындықтар кездеседі. Мысалы, тиісті мұғалімдердің жетіспеушілігі мен оқу бағдарламаларының моно-конфессиялық мазмұны секілді мәселелер қамтылады.
Бельгияда әртүрлі исламдық діни ұйымдар болғанымен арасында түрік ислам ұйымдары белсенді. Бельгияда мұсылмандық ұйымдар түріктердің әлеуметтік-мәдени және діни өмірінде маңызды рөл атқарады. Өйткені, діни ұйымдар әртүрлі ұлттық, діни және саяси ықпалдастықтың түйіскен жері. Осы ұйымдардың ішіндегі ең үлкендерінің бірі Белгия ислам федерациясы (IFB) және Бельгияның түрік ислам қоры (TIFB) кіреді. Аталмыш ұйымдар «Милли Гөрүш» және «Диянет» бастамалары мен жүйесіне жақын мекемелер ретінде танылған. Бельгияда IFB ұсынған «Милли Гөрүш» қозғалысы Түркияның зайырлы саясатын сынайтын және исламдық принциптерді жан-жақты басшылыққа алатын өмірді жақтайтын платформада құрылды.
Түркияның Дін істері басқармасымен (Diyanet) байланысты TIFB еуропалық демократиялық құндылықтармен және зайырлылық принципімен үйлесімділікке бейімделе алған ұйым. TIFB өзін шетелде түріктердің мәдени және діни бірегейлігін сақтаушы ретінде танытады. TIFB діни білім беруден бастап мешіттердің құрылысы мен жұмысына дейінгі қызметтерді атқарады.
Ресми түрде Бельгиядағы исламның өкілі ретінде танылған Бельгия Мұсылмандарының Атқарушы Билігі (EMB) шамамен 26 жыл бұрын құрылды. EMB мешіттерді ресми түрде тануға өтініш беру, Исламдық діни білім беруді ұйымдастыру, имамдарды тағайындау және оқыту сияқты маңызды міндеттерді атқарады. Бұл ұйым ресми түрде Бельгиядағы үкімет пен мұсылман қауымының байланыс көпірі іспетті. ЕМВ-дің осындай маңызды қызметіне қарамастан айтылатын сындар аз емес. Бельгия мемлекеті EMB-ді мойындаудан бас тартты. Атап айтқанда үкімет ұйымға шетелдік күштердің ықпалы туралы есептерінің жоқтығын алға тарқан. ЕМБ жыл сайын шамамен 600 000 еуро субсидия алған. Алайда, өкіметтің ЕМВ-ны мойындаудан бас тартуы осы субсидиадан қағылуына себеп болуда.
Мұсылмандардың қабылдануы
Бельгиядағы мұсылмандардың қабылдануы мен интеграциясы елдің федералды құрылымы мен тілдік әртүрлілігі және интеграциялық саясаттағы аймақтық айырмашылықтарға тікелей байлансты. Бельгияның мұсылман қауымдастықтары мен мигранттарын интеграциялауға деген ұстанымы біркелкі деп айта алмаймыз. Бельгияның федералды жүйесі өз аймақтарына (Фландрия, Валлония және Брюссель-Астаналық Аймақ) және білім беру, мәдениет сияқты негізгі салаларға жауап беретін қауымдастықтарға (Фламанд, француз және неміс тілдерінде сөйлейтін) айтарлықтай автономия береді. Сондай-ақ, интеграциялық саясаттың кейбір аспектілері. Бұл құрылым әр аймақтың лингвистикалық және мәдени ерекшеліктерін көрсететін интеграцияға бейімделген тәсілдерді қолдануға мүмкіндік береді. Яғни, мұсылмандар да осы мүмкіндікті пайдалана отырып, интеграциялық үрдісті бастан кешеді. Дегенмен, сырттан келген мигранттар үшін қиыншылықтар бар. Тіл интеграция процесінде, әсіресе Фландрияда өте маңызды. Мұнда «инбургеринг» (азаматтық алу немесе азаматтық алу) ұғымы мигранттардың тілдік дағдылары мен қоғамдық білімдерін көрсетуін талап етеді. Аймақтық деңгейде әртүрлі агенттіктер мен бастамалар мигранттардың интеграциясын тілдік білім беру, жұмысқа орналасуға оқыту және әлеуметтік қамту бағдарламалары арқылы қолдауға тырысуда. Олардың қатарында мұсылмандық ұйымдар да шеттен келген мұсылман мигранттарды бейімдеуге араласады.
Дегенмен, Бельгиядағы мұсылмандардың интеграциясы әлеуметтік және экономикалық теңсіздік пен діни көзқарасына және жеке бас идентификациясына қатысты мәселелер өзекті болып отыр. Мұсылмандарды Бельгия қоғамының қабылдауы жаһандық және жергілікті оқиғалармен тығыз байланысты. Әсіресе, әлемде болып жатқан исламафобтық оқиғалар мен акциялар бұл елдегі мұсылмандардың интеграциясын күрделендіре түсуде.
Le Soir және «This is not a crisis» қоры жүргізген сауалнама Бельгия халқының иммигранттар мен мұсылмандарға деген көзқарасын ұсынады. зерттеуде интеграция мен идентификация мәселелеріне қатысты сауалдар сұралған. Сауалнамаға қатысқандардың басым көпшілігі, яғни 75%-ы өз елінде, яғни, Бельгияда өздерін бейтаныс немесе бөтен адамдар ретінде сезінетінін білдіреді. Бельгиялықтардың пайымдауынша, бұл мәселе ксенофобияның күшеюімен байланысты. Негізінде, респонденттердің жауабы өз елінде немесе өздерінің үйінде өздерін жайлы сезінбейді дегенді білдіреді. Бір қызығы, сауалнамаға қатысушылардың жартысынан көбі иммигранттардың ұрпақтарын бірнеше ұрпақтан кейін де толық Бельгиялық ретінде қабылдау мүмкін екеніне күмәнданады. Сонымен қатар, респонденттердің 43%-ы ислам діні Бельгиялық идентификацияға сәйкес емес деп санайды. Сауалнама сонымен қатар босқындар дағдарысы жағдайында бельгиялықтардың 65%-ы қорқыныш білдіріп, босқындар, ислам және терроризм арасындағы тікелей байланысын жеткізген.
Қорытынды
Бельгиядағы ислам 20 ғасырдың басынан бастап 1960-жылдары Марокко мен Түркиядан қоныс аударған жұмысшылардың толқындарымен кең тарала бастады. Қазіргі уақытта Бельгия халқының шамамен 5% мұсылмандар құрайды. Ислам ұйымдары, атап айтқанда Бельгия ислам федерациясы (IFB) және Белгияның түрік ислам қоры (TIFB) қоғамдастықтың діни, білім беру мен мұсылмандардың мәдени өмірінде маңызды рөл атқарады. Жаһандық және жергілікті оқиғалардан туындаған интеграциялық қиындықтар мен қоғамдық қабылдаулар сияқты қиындықтарға тап болғанына қарамастан, бұл ұйымдар исламдық бірегейлікті сақтауға тырысады. Ал, Бельгия мұсылмандарының атқарушы билігі (EMB) мемлекеттің ресми мойындауынақол жеткізе алмағанына қарамастан, мұсылмандардың жеке өмірі мен мемлекеттік саясат арасындағы диалогқа араласуда.
Алайда, бүгінгі таңда интеграция көп қырлы мәселе болып қала беруде. Өйткені, тіл мен аймақтық саясат, күрделі миграциялық үрдіске айналып отыр. Le Soir және «This is not a crisis» қоры жүргізген сауалнама халықтың едәуір бөлігі өздерін жат сезінетін және мұсылман болмысының Бельгия азаматтығымен үйлесімділігіне күмән келтіретіндігін ұсынып, әлі де болса интеграциялық проблемалардың бар екенін ашып көрсетті.
Ғылымбек МАЖИЕВ,
«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің докторанты, дінтанушы