Ол барша әлемге белдесу мен аламан шайқаста бір де бір рет жеңілмеуімен-ақ өз тамырында ұлы Моңғол мемлекетін құрушының қаны тулап ағып жатқанын дәлелдеп өткен нәзік жанды жаугер сұлу.
Шыңғысханның шөбересі және түркі-моңғол арасында «Айжарық» (қазақшалағанда «Айсәуле»), Еуропа-батыс өнерінде «Тұрандот» атанған палуан да батыр ханшайымнан тарихта даңқты ерлермен бір қатарда тұрып, аңыз адамға айналудың бір ұтымды лайфхакы:
«Жақсы атақ алғаннан басқа жақсы іс жоқ.
Жақсы атақ қалса, ол екінші өмір болады» (Атам қазақ).
Әлхисса қазақы баяндау
Алапаты асқан Үгедей ханның немересі, найман, керей, қаңлыны бауырына басқан, Жетісуды ен жайлаған Қайду ханның Айжарық атты сұлу қызы болыпты. Қыз он төрт бауырының ортасында еркелеп өсті. Ол өте алғыр, батыр, балуан болып, бүкіл хандықта оны жекпе-жек сайыс пен күресте жеңе алатын ешкім болмады. Ханшайымның жасы жиырмаға тақағанда әкесі мен анасы оны тұрмысқа бергісі келді. Бірақ жас ханшайым өзін күрес алаңында жеңген адамға ғана жар болатынын айтып, шарт қояды. Онда да қыздан үмітті жан бәске жүз жылқы тігуі керек. Жеңсе қызды алады, жеңілсе, үйір-үйір жылқыдан айырылады. Міне, күйеу жігіттерге түрлі шарт қоятын ханшайым туралы аңыз-әфсана, ертегілердің тамыры қайдан!
Көп ұзамай бұл хабарды жаршылар төңіректегі бүкіл патшалықтарға жеткізеді. Содан не керек, үміткерлер лек-легімен Жетісудағы Қайду ордасына ағылады. Бай-кедей, қара, ақсүйек деп алаламайды. Күресе алсаң, малың болса болды. Алайда үміттілердің бірде-бірі қыздан балуандық өнерде аса алмаған-ды. Айжарық қыз да болса өзінің Шыңғыс ұрпағы екендігін паш еткендей, қарсыластарынан үстем түсе берді. Неше түрлі күрес әдісіне салып, талай атан жілік, бура сан бағыланды жер қаптырды. Өстіп жүріп қыз жылқының санын он мың жылқыдан асырған-дүр.
Ел қыздың балуандықта алдына қара салмайтынын түсінеді. Хан Қайду да қатты сасады. Осылай бүтін бір ұлыс болып, абдырып жүргенде, көктен іздегені жерден табылып, көрші хандықтың өзі алып, өзі дана бекзадасы жүз емес, мың жылқы тігіп, қызды әйелдікке сұрап хан сарайына салтанатты елшілікпен бірге келіп жетеді. Шарт белгілі. Ханшайым мен бекзада сарай ортасындағы боз кілемде әдеттегіше күресетін болады. Енді Қайду уайымға беріліп, бекзаданың жеңгенін тілеп, қызына жорта жығылу жөнінде күңінен сәлем айтып жібереді. Дегенмен ханшайым әкесіне құлақ аспай, бұл жігітті де алып ұрады. Сарайдағылар мұны құптамайды. Бәрінің ішін өкініш өртейді. Қыз болса, оңай олжа болған мың жылқыға мәз.
Уақыт жылжи берді. Қыз әкесі мен бауырларымен бірге нешеме қанды жорықтарға шығып, өзінің мықтылығын дәлелдеумен болады. Енді жігіттер қауымы оған күйеу болуға талап білдірмейтін болған. Тіптен жеңіліп, жұрт алдында масқара болғандары ханшайым туралы небір өсек-аяң тарата бастайды. Бұдан әрі Қайдудың шыдамы түгесіліп, алпауыт туған қызын өзінің арқа сүйер биінің бірі, Қоралас руынан шыққан Әбдіқұлға ұзатуға қам қылады. Қызығы сол, Айжарықтың жүрегі де осы Әбдіқұлға жібіген екен. Өзі шешен, өзі сұлу, насаты жігіт төре әулетімен қандасатын мұндай құдайдың сыйынан бас тартпады. Би келіншегін Шу өзеніндегі ауылына алып кетіп, кейіннен екі ұлды болыпты, келе-келе екеуі мемлекетте жоғары лауазымды қызметтер атқарған дейді ескі шежіре.
Бұл Моңғол қағанатындағы киіз туырлықты, көшпенді ұлыстардың мүддесін қорғап, қытай мүддесінде кеткен, ел астанасын Ханбалыққа (Бейжің) көшірген ағасы Құбылаймен жауласқан атақты Қайдудың балуан қызының хикаясы екен. Қалай десе де, Айжарық ата даңқына сай болып, артында ерге бергісіз даңқ-дақпырт қалдыра алды. Ал әкесі Қайду хан тарихта осындай тамаша ханшайымды тәрбиелеген қамқор әке һәм жарты ғасырдан артық Орта Азия аймағында билік жүргізген, Талас құрылтайын өткізіп, кейіннен орталықтан Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы және Моғолстанның дербес шаңырақ көтеруіне жол ашқан айтулы тұлға ретінде қалды.
Жиһангез Марко Полодан бір дерек
Енді балуан ханшайымның тарихи деректерде қалуы мәселесіне келсек, ол туралы толымды мағлұматты жиһангез Марко Полоның «Әлемнің әралуандығы туралы кітап» кітабынан табамыз.
Ол туындысында саяхатшы ғалым оның сырт бейне, тұлғасынан бастап, жауынгерлік-батырлық қасиеттеріне дейні тәптіштеп тұрып суреттеп шыққан. Атақты Италия саяхатшысының Моңғол билігіндегі Азия туралы аса бай географиялық және тарихи мағлұматтар қалдырғаны өз алдына, жекелеген тұлғалардың да дерегін бүгінге жеткізуші болып отыр. 1271-75 жылдары әкесі Никколо Поло мен ағасы Маттео Полоға еріп, шығысқа саяхат жасаған Марко өз еңбегінде қызды «Ангиарм» деп атап, өз тіліндегі мағынасы «ай жарығы» дегенді білдіретінін атап өткен. Дәлірек айтқанда Айжарықтың есімінің тарихилығына бұл да бір дәлел.
Ол ханшайым туралы жазбасын «Мұнда Қайду ханның күшті де батыл қызы сипатталады» деген бөлімге орналастырған.
«Қайду ханның Ангиарм атты қызы болды. Ол өте күшті де алып еді. Бүкіл патшалықта оған шамасы келетін жігіт, батыр болмады, Ол барлығын жеңетін. Әкесі қызын күйеуге бергісі келетін. Ал ол болса, мұны қаламады және өзін жеңген баһадүрге ғана тұрмысқа шығатынын айтты. Әкесі оған өз қалауы бойынша тұрмыс құруға рұқсат берді. Бұл шешімге ханшайым қуанып кетіп, төрт тараптағы елдерге «күресте жеңіп шыққан ерге ғана бұйыратыны» жайлы хабар салды» деп толғанылған бұл орайда Марко Полның жазбасында.
Айтса-айтқандай, әлемнің әралуандығы туралы осынау кітапта батыр да балуан ханшайымның әкесі және ағаларымен бірге сансыз жорық-шайқастарға қатысқаны, есепсіз қан төгіп, жекпе-жектерде ешкімге дес бермегені де сөз болған. Қысқасы, Айжарық дандай болған дегенге, Марко Никколоұлының да куәгерлігі толық сәйкес келіп тұр.
Ерлікке толы өмірін ертегі еткен…
Айжарық сұлу – Еуропа өнерінде айшықты орны бар аса танымал патша қызы – Тұрандоттың прообразы болды. Ғалым Франсуа Пти де ла Круа ұзақ жылдарға созылған шығыс елдеріне жасаған сапарынан оралғаннан кейін Шыңғысханның өмірбаянымен байланыстыра отырып бірқатар аңыз-әфсаналар мен ертегі-мысалдарды топтаған төл кітабын жарыққа шығарады. Сондағы туындының бірінің басты кейіпкері, осы – Тұрандот («түрік қызы» немесе «Тұран қызы») болатын.
Рас, оның шығармасындағы сайыс интеллектуальдық тұрғыда ғана өрбитін. Яғни, онда қыз жұмбағын шеше алмай жеңіліс тапқан сормаңдай жігіттер 100 жылқысынан емес, басынан айырылып тынатын. Кейінен Лесаж осы оқиға желісінің негізінде «Қытай ханшайымы» атты комедиялық опера жазады да, оның қалың бұқараға танымалдығын арттыра түседі. Ал Карло Гоцци «Тұрандот» пьессасын жазып, жаугерші де ақылды, бостан қыз бейнесін барынша дәріптеді. Біршама уақыттан соң Шиллер оны неміс тіліне аударып, «Тұрандот, қытай ханшайымын» дүниеге алып келді. Өз кезегінде, ақын Гете оны 1802 жылы сахынада қойса, Пуччини «Тұрандот» операсы арқылы ескі сюжетті қайта жаңғырта жырлап шықты. Өстіп, Айжарық туралы хикая-баяндар тілден-тілге қотарылып, бастапқы қалпы мен мазмұнын жоғалта-жоғалта өзгеріске ұшырап, тартымды әдеби шытырман мен театр қойылым эталонына айналып сала берген.
Еуропа нұсқасында ханшайым ер-азаматтардың әл-қуаты мен ақыл-ойының артықтығына жаны төзбейтін жан ретінде суреттеліп, әйелдер құқығы мен теңдігінің жоқшысы сипатын да алып кеткен десек, артық емес. Сондықтан да болар, заманауи әдебиет сыншыларының айтуынша, түркі халықтары үшін ол дала фольклорының батыр қыздар туралы көне сарынын жалғастырушысы есебінде көрініс берсе, Еуропа түсінігінде феменизм туын көтеруші ретінде де әлі күнге қызығушылық тудыруда.
Амазонкалар сарқыны
Айжарық ханшайымға дейін де амазонкалардан қалған дәстүр – жаугерші-әйел-қыздардың бұл сахарада көп болғаны мәлім. Ханшайым солардың атағы алысқа кеткен бірегейі ғана. Бұл тұрғыдан оны өзін жеңгенге ғана тұрмысқа шығамын деп, сойқан салған тағы бір қыпшақ қызы Дариға палуанмен бір қатарға қоюға болады.
Көне грек жылнамашыларынан мифологиялық тұрғыда интерпретацияланып жеткен: «Егер сақ жігіті үйленгісі келсе, алдымен өзінің болашақ қалыңдығымен күресіп жеңуі қажет. Олай болмаған жағдайда, жігіт сол қыздың қол астына күтуші құлы ретінде өтеді» деген мәліметтің өзі неге тұрады!
Айжарық та осы үрдістің заңды жалғасы және орта ғасырлардағы жаңғырығы тәрізді.
Қазіргі заманның айжарықтарының, не ойлағандары бар екен?!
Мәдениеттанушы-философ
Абылайхан Қалназаров